Бүгінгі таңда діни экстремизм бүкіл адамзат қауымының басты мәселесіне айналып отыр. Бұл жат ағымның жетегінде кетушілердің басым көпшілігі – жастар. Ал жастарымыз ел болашағы саналатындықтан олардың тағдырына бей-жай қарау мүмкін емес.
Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенттері қалалық «Қос мұнаралы орталық» мешітінің найб имамы Баешов Бекзатпен кездесті. «Діни экстремизм және терроризм» тақырыбында өрбіген келелі жиында дін өкілі жастарға ислам жөнінде жалпы түсінік беріп, ілімсіздік, діни экстремизмнің бүгінгі бет-бейнесі туралы, өмірімізде белең алып отырған лаңкестік әрекеттер жөнінде әңгімеледі. Баешрв Бекзаттың айтуынша, қазіргі кезде дәстүрлі діндердің атын жамылып, ел арасына іріткі салып жүрген теріс діни ағымдар адамзат қоғамына қауіп төндіруде.
Жастардың осы жолға бой алдыруының негізгі себебі – діни сауатсыздық, ақпараттың жетіспеушілігі және көп нәрсеге немқұрайлы қарауы. Сондықтан жаһандану жағдайында оларға ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін түсіндіріп, жол көрсетіп, жөн сілтеу – қоғамның ең маңызды міндеті, – дей келе өзге елдердегі саяси жағдайларға, діни экстемизммен күрестің тиімді тетіктеріне тереңірек тоқталып, рухани әңгіменің түймесін ағытты. Сұрақ-жауап бөлімінде студенттердің дін мәселесіне қатысты қойылған сауалдарында Баешов Бекзат байыппен, тұщымды жауап берді.
Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.