Пайғамбарымыздың (ﷺ) үмбеттерінен иманы ең күшті адам Әбу Бәкір (р.а) болып есептеледі. Барлық мұсылмандардың иманын таразының бір басына қойып, екінші бір басына Әбу Бәкірдің (р.а) иманын қойсаң, Әбу Бәкірдің иманы басым келеді деп айтылады.
Сонымен қатар, ол пайғамбарымыздың (ﷺ) ең жақын досы, сондай-ақ хижрет еткен кезінде бірге серігі болу бақытына ие болған. Осы сияқты басқа сахабалардан ерекшеліктерін айта берсе өте көп.
Әбу Бәкірді (р.а) басқа сахабалардан артық еткен қандай сипаты еді.
Аллаға деген сүйіспеншілігі десеңіз, басқада сахабалар Алланы жандарынан артық жақсы көретін. Мысалға, Әлидің (р.а): «Маған жаннатты немесе тозақты көрсетсе де, одан иманым не көтеріліп, не төмен түспейді», – деп айтуы оның жүрегінде Аллаға деген махаббаттың толып тұрғандығын көрсетеді.
Пайғамбарға (ﷺ) деген сүйіспеншілігі деп айтайын десеңіз, басқа сахабарларда пайғамбарымызды (ﷺ) жандарынан артық жақсы көретін. Қаншама сахабалар пайғамбарымыз (ﷺ) үшін жанын қиды. Хубайбты (р.а) дарға асатын кезде мүшіріктер оған: «Ей, Хубайб (р.а.)! Сен пайғамбарыңа ерем деп осындай хәлге түстің, ал ол болса қазір көлеңкеде рахаттанып отыр. Сенің орныңа оның (ﷺ) мұнда болғанын қалар ма едің?», – деп сұрағанда, ол (р.а): «Оның аяғына тікен кіргенін де қаламаймын», – деп жауап берген. Əнəс ибн Мәликтен (р.а): Бір кісі пайғамбарымызға (ﷺ) келіп: «Уа, Алланың Елшісі, қиямет қашан болады?», – деп сұрағанында, Алла елшісі (ﷺ):«Қияметке не дайындадың?», – деп қайтара сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Аллаға жəне Оның елшісіне деген махаббатты дайындадым», – деп ұтымды жауап береді. Оған разы болған Алланың елшісі (ﷺ): «Бұл дүниеде кімді жақсы көрсең, қияметте сонымен бірге боласың», – деп сүйіншілейді. Əнəс (р.а.) айтады: «Біз пайғамбарымыздың (ﷺ) “сен кімді жақсы көрсең, сонымен бірге боласың”, – деген сөзінен басқа ештеңеге мұншалықты қуанбағанбыз деп айтатын. Себебі, олардың әрқайсысы пайғамбарды (ﷺ) жандарынан артық жақсы көретінін өздері білетін.
Құлшылық деп ойласақ, тіпті пайғамбарымыздың (ﷺ) құлшылығын азсынып, оданда көп құлшылық жасағысы келген сахабалар болған. Оған пайғамбарымыздың үйіне келіп, оның құлшылығын сұрайтын үш сахаба туралы хадисі дәлел.
Ал, ықылас десеңіз, жоғарыда айтылған үш сахабаның құлшылыққа деген әрекеті дінге деген ықыластары еді. Тіпті кейбір сахабалардың Алланың алдында құлшылық қылуға деген ықыластарына тәндері шыдай алмағандықтан керегеге арқан байлап, соған сүйеніп тұрып ғибадат қылатын еді.
Ондай болса, Әбу Бәкірді (р.а) иман таразысында бәрінен үстем еткен және пайғамбарымыз (ﷺ) өз қасынан бір елі тастамай ертіп жүру бақытына жеткізген қандай қасиеті болды екен?
Ол – терең ойлауы және әр мәселені әріден түсінуі. Пайғамбарымыз (ﷺ) адамзаттың ішіндегі ең ойшылы әрі парасаттысы еді. Тең-теңімен деп қарасақ, терең ойлы адамның қасындағы жақын досының да ойшыл болуы жаратылыс заңының талабы. Ондай болса, Әбу Бәкірдің (р.а) биік дәрежеге жетуіне осы қасиеті себеп болған еді.
Оған бірнеше дәлелдер келтірейік. Маида сүресінің 3-ші аяты түскен кезде сахабалардың бәрі дініміздің балық міндеттері толық түсіп болды. Біз соған куә болдық, одан артық қандай қуаныш бар деген сияқты ізгі ойда төбелері көкке жеткендей қуанған болатын.Тек Әбу Бәкір (р.а) ғана үйіне қайғыра оралып, көз жасына ерік бергенді. Мәнісін түсінбей сұрап келген сахабаларға: «аяттардың толық түсіп бітуі, пайғамбарлық (ﷺ) міндетінің аяқталғаны – демек арамыздан кететін күннің таяғаны», – деп жауап бергенде сахабалар бірге егіліп жылаған.
Ондаған жылдар бойы елін-жерін көрмей сағынып, ерекше көңіл-күймен Мекке қаласына жақындап қалған сахабалар Худайбия келісіміндегі шарттар мен қажылық жасамай артқа қайтамыз деген бұйрықты естігенде байыбына бара алмай абдырап қалды. Тіпті Омар (р.а) пайғамбарымызға (ﷺ) бірнеше сұрақтар қойып, жауаптарына қанағаттанбай, Әбу Бәкірденде (р.а) барып сұрағаны баршамызға белгілі. Сонда Әбу Бәкір (р.а.) пайғамбарымыздың (ﷺ) айтқанындай жауап беріп, пайғамбардың (ﷺ) шешімінің астарындағы мағынасын түсініп, жан дүние тыныштығында болған еді.
Осы тәрізді сахабалардың пайғамбарымыздың (ﷺ) өмір тарихында көрегендікпен айтқан шешімдерінің байыбына бара алмауы, толық түсінбеуі пайғамбарымыздың (ﷺ) жанына батқандығы белгілі және пайғамбарымызда (ﷺ) сахабаларды әр істің байыбына бара білуге, терең түсінікте болып, әріден ойлайтын, жан-жақты парасатты етіп тәрбиелеуге бар күш жігерін сарп етті.
Осы тұрғыдан қарағанда Әбу Бәкірдің (р.а) қырағылығы мен данышпандығы болмысынан бар еді.
Осындай қасиеттерге ие болу қай заман болмасын өте маңызды құндылық. Әсіресе ғылым-білім дамыған осы өркениетті заманда намаз оқып, құлшылық жасап жүрген мұсылман бауырларға тіпті маңызы артып тұр. Егер әрбір дін ұстанушы адамның терең ойы мен әріден түсінетін қасиеті болса, дініміздің беделі артып, дін ұстанушыларға қатысты теріс пікірлермен тиылулар болмайтын ба еді? Сонымен қатар, әртүрлі теріс бағытта жүрген кей адамдардың бір жақты ғана ойлайтынын байқайсың. Егер терең ойлап, жан-жақты түсінетін болғанда теріс бағытта жүрмес пе еді? Сол бауырларымыз сүннетпен жүреміз немесе пайғамбарымыздың (ﷺ) жолын жалғап дінді жеткізіп сауапқа кенелсек екен деп ойлайтында шығар. Әйтседе, түсінік дұрыс қалыптаспаса, ойлаған межеге жету қиын.
Қорта айтар болсақ, егер әрбір дін ұстанушы нақ сүннет жолды ұстанғысы келетін болса, Алла Тағаланың сүйіктісіне айналғысы келсе, Әбу Бәкір (р.а) тәрізді пайғамбарымыздың (ﷺ) жанынан табылуды қаласа, әлбетте ол адам жан-жақты қырағы әрі терең ойлы және әр істі әріден түсінетін парасатты болмақ ләзім.
ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы,
Серікхан Рымханұлы