Егер кез-келген бір адам қас-қағым сәтте өте шығатын саналы өмірінде адамдық биік шыңға көтерілгісі келсе, сонымен қатар өмірде кезігетін мың түрлі келеңсіздіктерден аулақ болып, қабағына қаяу түспей, өмірі ізгілікпен өнегеге толуын қаласа, сондай-ақ екі дүниеде де азаппен қиыншылықтарға жолықпай әрі ағайын туыс және қоғам алдында абыройлы өмір сүруді ойласа, сол сияқты ақиқаттың және әдептілікпен мәдениеттің биігіне жетіп, саналы өмір сүргісі келсе, ол адам үшін қателіксіз жол көрсетер тек бір ғана тұлға бар. Оның пайғамбарымыз (с.ғ.с) екенін тарих сан мәрте дәлелдеуде. Алла Тағала мұсылмандарға пайғамбарымызды жандарынан артық жақсы көруді талап етті. Ол туралы пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Сіздер мені балаларыңыздан, ата-анаңыздан және барлық адамзаттан артық жақсы көрмейінше толық мұсылман бола алмайсыздар»,-деп айтқаны айқын дәлел.
Пайғамбарды (с.ғ.с) жанымыздан артық жақсы көру, пенені руханият әлемінің және ақиқаттың биік шыңына шығаратын дара жол. Сондықтан Алла Тағала пайғамбарымызды (с.ғ.с) барлық жартылыстан артық жақсы көруді талап еткен. Ал руханияттың биік шыңына жетіп, ақиқатқа көз жеткізген пенде ғана қоғамның жарқын болашағы үшін жан қиярлық еңбек етіп, маңайындағы немқұрайлы қарайтын пенделермен санаспай, әртүрлі жолыққан әділетсіздіктерге төзе жүріп, даналық жолымен күресе біледі. Өзінің қара басынан елдің игілігін жоғары қоя алады. Пендешілікпен жасалатын үлкенді кішілі қателіктермен кемшіліктерге бой алдырмай, адамзаттың бақыты үшін өмір сүре біледі. Осындай асыл қасиет саналатын үлгілерді пайғамбарымыз ісіменде сөзіменде көрсетіп кеткен. Шындығында барлық мүмкіндігі бола тұра тойып тамақ ішпей, ұйқысы қанып демалмай өмір сүруі ардақты жанның дәрменсіздігінен емес, керісінше қияметке дейін келетін әлем халықтарының тағдырларына алаңдап, тәрбиелі өмір сүрулері үшін уайымдағандықтан болғаны сөзсіз.
Сол уақытта әлемде ғылым, өркениет дамымаған, жабайы өмір сүру салтына негізделген және адамдық құқықтар аяққа тапталып, қанау, алдап-арбау және құл иелену сияқты жиіркенішті әдеттер асқынып тұрған кезең еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы қоғамды жиырма үш жылда тәрбиелеп, тарихтағы ең керемет алтын ғасыр деңгейіне жеткізіп, үздік өмір сүру үлгісін үйретті. Ең маңызды құндылықтардан саналатын ата-анамен баланың, ағайын-туыстың, көрші-қолаңның әрі қоғам арасында қалай абыройлы өмір сүру тәртібін көрсеткен құрметті елшіні біз қалай жанымызданда артық жақсы көрмеске? Керісінше, бүгінгі таңдағы адамзат баласын бейбіт әрі өзара сыйластықпен сүйіспеншілікте өмір сүруіне ұйытқы бола білген және ғылым білім, өркениет дамыған құқұқтық жүйеге негізделген заманда өмір сүруге септігі тиген Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызды жанымыздан артық жақсы көре алмаудан өткен ағаттығымыз жоқ шығар.
Бұл сөзімнің мәнісін шетелдегі соғыс, зорлық-зомбылық, қиянат сияқты жаманшылықтарды көріп жатқан адамдарды айтпағанда, өз ортамызда әртүрлі сынақтарға душар болып өмірінің мәні кеткен адамдар жақсырақ түсінетін болар. Қарпайым мысал ретінде әлпештеп өсірген балаң өзіңе қарсы шығып, дөрекілік танытса, өмірдің барлық мәні мен сәні кетері сөзсіз. Бұндай келеңсіз өкініштерден ада болуымыз үшін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жолын дұрыс ұстана білу ләзім.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың ең үлкен жақсылығы Ұлы жаратушы Раббымызды адамзат баласына таныстырды. Тек таныстырып қана қоймай Тәңіріміздің алдындағы атқарылатын парыз міндеттерді үйретіп, арам еткен күнәлі істерден аулақ болуды ескертті. Сонымен қатар қалай ғибадат құлшылық жасау керек екендігін үйретті. Бұл дүниемен ғана шектелмей ақыреттегі болатын мән-жайды баян етті. Өйткені ол Алланың жіберген соңғы елшісі әрі адамзаттың ең жанашыры еді.
Әлем халықтарының ішіндегі қазақ халқы пайғамбарымызға (с.ғ.с) тіпті борыштар деп айтсақ, артық айтпағанымыз. Себебі, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмыс бітімі, жан дүниесі және ой санасы пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өсиетіне негізделе терең бойлаған. Осы ұлы тәрбиенің көрінісі ретінде елбасымыз айтқанындай: «Қазақ халқының тарихында ешкімнен ұялатындай жайымыз жоқ»,-деген болатын. Себебі бабаларымыз арлы өмір сүре білді және ұлағатты текті халық болды. Бұл жетістіктердің бәрі пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көрсеткен жолын дұрыс түсініп, орындай білгенінің жемісі.
Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбармыз әлемдегі қай сала болмасын үлкен жетістік иелерінің және басқада барша халықтардың ұстазы. Бүгінгі бейбіт заманда өмір сүруімізге ұйытқы болып отырған жан. Оны көпшілігі білсе, көпшілігі бәлки сезіне алмаған болар. Егер пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көрсетіп кеткен жолын дұрыс түсініп, ұстана білгенімізде адам айтса сенгісіз ғажап замандарға куә болар едік.
Қорыта келгенде, мыңжарым жылдан бері бүгінгі күнге дейін бір минут, тіпті бір секундта ол кісінің есімі аталмай қалған уақыт болған жоқ. Әлемде адамзат жаралғалы ондай абройға ие болған тек бір ғана жан бар. Ол жанымыздан да ардақты болған Алланың соңғы елшісі Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с)…
ҚМДБ Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы:
Серікхан Рымханұлы