Ақпан айының 14 жұлдызында аудан әкімдігінде мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен діни өкілдердің қатысуымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға байланысты семинар -кеңес болып өтті. Оған ауданымыздың мекеме басшылары, ауылдық округтің әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер мен жастар ұйымы, құқық қорғау органдары мен дәстүрлі конфессия өкілдері, ауылдық округтің ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері қатысты. Бородулиха аудан әкімінің орынбасары Е. Селихановтың төрағалығымен өткен бұл семинар кеңесте «Мемлекеттік органдар мен дәстүрлі дін өкілдерінің экстремизм мен терроризмге қарсы бірлесе жұмыс атқаруы туралы» тақырыбында баяндамалар оқылды. Онда қазіргі кезде бүкіл әлемде өміршең болып отырған жат ағымдардан қорғанудың амал-тәсілдері, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-шаралар аясында ауқымды мәселелер ортаға салынды. Семинар барысында сөз алғандар Бородулиха ауданы прокурорының көмекшісі Е. Жуматаев діни ағымдарға байланысты заңда көрсетілген қағидалар жөнінде айтып өтсе, Бородулиха ауданының АІІБ ОКП бөлімінің басшысы А,Байғазинов экстремизм мен терроризмге қарсы бөлімдегі атқарылған жұмыстар жөнінде айтса, дәстүрлі діни өкілдердің басшылары «Қарбай» мешітінің бас имамы Ә.Қожанұлы, Бородулиха Свято-Никольский шіркеуінің Иероманах –Агапиті В. Никонов, Жезкент кентінің имамы Р. Рахымбаев, Жезкент кентінің шіркеуі Р. Бобровскийлер сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Семинарға қатысушылар өздерінің жат діни ағымдарға қатысты көкейтесті мәселелерін ортаға салып, дәстүрлі дін мен жалған діни бірлестіктердің ара жігін айыра білуге шақырып, сананы улайтын сансыз ағымдардан сақтандырды. Сонымен бірге, аталған ұйымдар туралы ақпараттар тарататын сайттар туралы да айтып өтті. Семинар барысында қатысушыларға жат діни ағымдардан сақтану, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-шаралар барысында бүгінгі күннің басты індетіне айналып отырған жат пиғылды діни ұйымдардың құрығына ілініп кетпеуі үшін қоғам болып күресу жайында көптеген мәселелер талқыланды. Жиналғандар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, жауаптар алды. Елдің тәуелсіздігінің мәңгілік болуы ынтымақ бен бірлікте екенін Елбасымыз Н.Назарбаев әрқашанда айтып келеді. Дана халқымыз «Береке басы – бірлік», – деп бекер айтпаса керек. Ұлт пен ұлысты бауырына басқан бүгінгі Қазақ елі берік ынтамағының арқасында талай-талай игіліктерге қол жеткізіп отыр. Қашан да ынтымақты ту еткен ел азаматтарының қосқан үлесі өте көп. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз біркісідей атсалысуымыз қажет.
Бородулиха мешітінің наиб имамы
Айдар Сүлейменұлы