Асыл дініміз Ислам, салауатты өмір салтын арттыратын дүниелерді құптайтыны белгілі. Мұсылмандарды күшті, қуатты болуға шақырған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінде салауатты өмір сүру салтын насихаттаған оқиғаларды айта кетсек, сахаба Абдулла ибн әл-Харис былай дейді:
«Алла елшісі Аббастың ұлдары Абдулланы, Убайдулланы және Кәсирді қатар қойып:
«Кім маған бірінші келеді, соған мына, мына нәрселерді беремін», – дейтін. Олар жарыса жүгіріп келіп, Оның арқасына, көкірегіне отыратын. Ал, Ол (с.ғ.с.) оларды құшақтап, беттерінен сүйетін».
Сахаба Ибн Аббастан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Жүлде тек ат жарысына немесе түйе жарысына, яки найза лақтыру (садақ ату) жарысына беріледі» – деген.
Жоғарыдағы мысалдардан Алла елшісі өзінің үмметіне салауатты өмір салтын насихаттап, соны дамытуға шақырғанын байқаймыз. Ендеше, мұсылманның деннің саулығына себебін тигізетін және оны шынықтыратын спорт түрлерімен әуестенуі сүннет амалына жатады. Сүннет жолын ұстанып Үржар орталық мешіті стол тенисінен жарыс өткізді. Əр ауылдан келген спортшылар барын салып додаға кірісіп кетті. Ойыншылар ересектермен жасөспірімдер болып екі топқа бөлініп ойнады.Ойын соңында бас имам Нұрзат Қасымұлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) “менің қуатты үмметім əлсіз үмметімнен абзал”-деген, хадисін айтып, болашақта биік шыңдардан көрінулеріне тілегін білдірді. Айтылған жарыста үлкендер арасында бірінші орынға Бекшов Сəбит, екінші орын Тұрсын Ерен еншісін ал үшінші орынға Нұрланов Қуантай ие болды. Жасөспірімдер арасында бірінші орынды Икимбаев Санат, екінші орынды Даулетхан Жігер, үшінші орынды Самғат Жайық қанжығаларына байлады. Жүлделі болғандарға мадақтама қағаздармен жəне бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Үржар орталық мешітінің баспасөз қызметі