1 наурыз күні Бородулиха ауданына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Отарбаев Бауыржан Болатжанұлы келді. Дін саласындағы өзекті мәселелер, жат ағымдармен күрес тақырыптары бойынша ауданның Новопокровка, Бородулиха ауылдарында кездесу өткізді. Новопокровка ауылдық әкімдігінің акт залында мектеп ұстаздарының, әкімдік қызметкерлерінің, ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен кездесуде Бауыржан Болатжанұлы исламдағы жат ағымдаран келетін зиян, халық арасына іріткі салушы «салафизм» ағымының тарихы туралы кеңінен түсіндіріп берді.
Содан кейін аудандық әкімдіктің кіші залында мемлекеттік қызметшілермен, мәдениет үйінің, кітапхана, білім бөлімінің қызметкерлерімен, ұстаздармен өткен кездесуде «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбына дәріс оқыды. Сауд Аравиясынан бастау алған Абдул Ваххаб идеологиясының тарихын, тәкбіршылер, джихадшылар, хариджиттер, мадхалиттер, суруриттер туралы терең әрі, толық түсіндіріп өтті. Діннің бастапқы негіздерін айтып, адамды баурап алып, кейіннен бұрмаланған өз идеологиясын адам бойына сіңіретін «салафизм» ағымының діннің нақты, дұрыс бағытын теріс түсінікпен жеткізіп, діни сауаттың аздығының кесірінен халық арасында іріткі салатындығын жеткізді. Дәстүрлі ислам жолын ұстанған адамдарды дінсізге шығарып, Құран аяттары мен хадистерді дұрыс түсінбей, өз түсінігінше тәпсірлеп, астарын, терең мағынасын ұқпай адасушылыққа түсіп жүрген жат ағымдарың келтіретін зиянын атап өтті. Сан ғасыр бойы халқымыздың шариғатпен біте қайнасқан, исламмен ұштасып жатқан салт-дәстүрлерімізді теріске шығарып, ұлттық салт-санамызды дәйексіз өзгерткісі келетін фанаттардың әрекеттерін білімсіздікке балады.
Сөз соңында имам ата-аналарға балаларының қайдан, кімнен, қандай білім алып жүргеніне мән беріп, ғаламтордағы дүмше молдалардың қармағына түсіп қалмауын ескертті.
Қарапайым халықтың діни сауатының төмендігі – жат ағымның жолын ұстанушы миссионерлерге таптырмас құрал екендігін баса айтты.
Келесі кездесу Бородулиха аудандық «Қарбай» мешітінде мешіт жамағатымен өтті. Аталған кездесуде де білікті имам жамағатқа ислам дінінің негіздерін және де елді толғандырған сұрақтарға толық жауап берді.
Аудандық ішкі саясат бөлімі