Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғат пен адамзаттың жаңарып, жақсаратын, жақсылықтардың еселенетін, реніш пен өкпе-наздардың кешірілетін кезі. Атам қазақ бұл кезеңді “жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағы” деп атаған. Табиғаттың өзі адам баласына қарасып, жылылығын төгіп, мейірін сездіріп тұрғандай. Сондықтан да болар адамзат баласы игі жақсылықтардың барлығын табиғаттың өзінен алып, үйренеді. Осы орайда Мирный елді мекенінде жамағатты жақсылық пен имандылыққа ұйытқан “Даланбай ата” мешіті тағы бір игілікті іске мұрындық болды. Жұманың жайлы бір күнінде жамағаттың қолдауымен Наурыз көже пісіріліп, жұма намазға келген мұсылман бауырларға тегін таратылды. Бұл қайырымдылық шара 150 дей жамағатты қамтыды. Әлбетте, бұл жердегі мақсат – барлық адамдарды тойдыру емес, мешітке келушілердің көңіліне жақсылық ұялату, бауырмалдыққа, адамдыққа, имандылыққа шақыру. Даланбай ата мешітіне келуші ақсақалдар бұл бастамаға дән риза болып, мешіттің бас имамы Айбек Қалиасқарұлына өз баталарын берді. Мұндай жарқын істер жамағатты жақсылыққа үндеп, жақсы істердің жаршысы болатынына сенімдіміз.
Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.