ТАЗАЛЫҚТАН ТӘН ДЕ, ЖАН ДА ЖАСАРАДЫ

Қоғамның тазалығы әрбір адамның өзінің жеке тазалығына мән беруінен басталады. Тазалық дегенде моншаға кіріп шығуды, ғана түсініп қалмайық. Әр нәрсенің тазалығы бар. Тазалық-адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткішінің бірі. Ол —адамның денсаулығы, өң түсінің шырайлылығы, өмір жасының ұзақтығы, тұла бойының сәнділігі, өз қадыр-қасиетін бағалауы, айналасына  тартымдылығы, сүйкімділігі деген сөз.

Адамдардың бір-бірімен жақсы қарым-қатынасындағы шынайы адамгершілігін сипаттап «Жаны таза», «Ойы кіршіксіз», «Ниеті таза», «Ақ пейіл» сияқты сөздермен бағалай білген. Тұрған ауылы мен қала көшелерінің тазалығын  мақтанышпен әспеттеп «Таза қалам»  деп, атаған.

Әрбір ата-ана да ұл-қыздарының өздеріне қарап тәрбие алатынын естен шығармағаны жөн. Кез келген тазалық адамның өз бойынан көрініс тапсын. Өзін таза ұстай білген адам, өзгеге де сол тазалығын көрсете алады. Осы себепті қазақта: «Сен баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» – деген.

«Жақсы әйел ұлтты тәрбиелейді»,- дей отырып, дәстүрлі санамызда қазан-ошақ иесі –әйелге қатысты керемет түсініктер қалыптасқан. Үйінің таза болуына мән берген әйел – берекені кіргізеді. Сырт көз сыншы емес пе? Үй шаруасын дөңгелетіп, балалардың тәрбиесіне қарап отырған әйелдің үйіне келген қонақ та үйдің тазалығына қарап отырып, әйелдің қандай екенін білетін болған. Сыртта жүргенде сәнденіп, адамдар көзіне таза болып көрінген әйелдің үйі шашылып, дастарханы жиылмаса, ол үйдің берекесі сол ластықпен шығып кетеді. Қазақта: «Жұғын бар жерде – шыбын бар, Шыбын бар жерде – шығын бар»-деп, берекенің келетін жолын тауып айтқан.

«Бірінші байлық – денсаулық, денсаулық кепілі-тазалық»,

«Көзің ауырса, қолыңды тый, ішің ауырса, тамағыңды тый» – деп,  денсаулығын басты байлық деп бағалай білген халқымыз тазалыққа, пәктікке мән бере отырып, ұл-қыздарының есімін де Тазабек, Тазагүл, Ақмарал десе, ас қоятын дастарханын да тазалықтың белгісі ретінде «Ақ дастархан» деп атаған. Ал барлық жақсы амалдың қайнар бұлағы болған Құранда Алла Тағала  тазалықтың жолдарын көрсетіп, күнә атаулыдан таубамен тазарғандарды және дәретпен тәнін тазалағандарын Менің сүйікті құлдарым болады деп дәрежелерін көтерді.

«Анығында, Алла істеген күнасына  шынайы өкініп. Өзіне бойсұнуға қайтушыларды /тауба етушілерді/ жақсы көреді әрі тазарушыларды жақсы көреді» ( Бақара сүресі-222 аят).

«Ислам діні таза дін, сендер де таза болыңдар, жәннатқа таза болғандар ғана кіреді»-деген, Алла елшісінің өсиеті де дініміздің тазалыққа шақыратынын айтып отыр. Он төрт  ғасырдан бері Үммәті Мұхаммедті тазалыққа, адалдыққа, адамгершілікке, парасаттылыққа  тәрбиелеп келе жатқан исламның қағидаларын дін ғұламалары да барлық қырынан зерттеген. Сондағы тапқаны тек ғибадатқа қатысты жерін емес, ішкі дүниесі мен ой тазалығы болмай оның амалдары, тілеген тілектері, құлшылықтары қабыл болмайтыны.

Адам бойынан табылатын тазалықты ислам ғалымдары төмендегі төрт дәрежеге бөліп қарастырған.

Тазалықтың төрт дәрежесі:

  1. Сыртқы тазалығына мән беріп, оны нәжістерден арылту.

Абу Хурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хабарда Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім түнде дәретпен таза төсекте жататын болса, сол түнді онымен періште де бірге өткізетін болады. Ұйқысынан оянған пендесі үшін періште Алла тағалам мына пендеңнің күнәсін кешір. Ол  түнді дәретпен, таза жерде өткізді деп дұға тілеп тұрады екен».

Дәрет алып отырған адам дәреттің тазалық және құлшылық екенін, сол дәреттің сауабымен Аллаға жолығатынына дайындалып жатқанын білуі тиіс. Барлық күналарынан кешірім сұрау керек. Алла Тағала дәретті жасаған қателіктерінің кешірімі етіп жаратты. Дәрет ала бастаған адам әуелі Алланың атымен бастайды. Аузына су алып бетін жуған кезде ол тілімен айтқан өсек-аяңнан және көзімен қараған харамнан тазарады. Басқа дене мүшелерін де күнәдан сақтайды. Дәрет алып болған соң Алланы ұлықтау сөздерін айтып:

سبحان الله والحمد لله ولااله الا الله والله اكبر   استغفر الله واتوب اليه

«Алла Тағалам Сен пәксің. Сенен басқа тәңір жоқ. Сенен кешірім сұраймын, Өзіңе тәубе етемін» – дейді.

Жуынып-шайыну – адамның тұла бойының таза болып, ауру сырқаудан, жұқпалы індеттен сақтануының жолы. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеттерінде: «Алла Тағала пәк, пәктікті жақсы көреді. Ол таза, тазалықты ұнатады. Ол жомарт, жомарттықты жақсы көреді. Үй-жайыңызбен,  жүретін жолдарыңызды таза ұстаңыздар».

«Тамақтың берекесі оны ішер алдында және ішіп болған соң қолды жууда ».

«Қолдарында тамақтан қалған майдың жұғындыларымен жатып, ұйықтаған адам қандайда бір кеселге ұшыраса , өзінен көрсін».

 Сол үшін де тамақтан соң ауыздарыңды шайып, қолдарыңды жуып жүріңдер деген Пайғамбар өсиетінде. Қолды жуып жүру берекенің кіруіне себеп болады.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дәрет алғанда, қол және аяқ саусақтарының арасын тарақтап жуатын, тамақтан соң тістерін тазалап тұратын үмбеттері қандай жақсы»,

«Құранның жолы болған ауыздарыңды таза ұстаңдар» – деген сөздері көптеп кездеседі.

Дін ғалымдары: « Мисуакқа әдеттеніңдер, оның адам баласы үшін он қасиеті бар»-деген. «Ауыздың тазалығы, Раббының разылығы, періштелердің қуанышы, көздің нұры, тістің ағаруы, ауыз-қуыс еттерін емдеп, тісіңнің тастарын кетіреді, асты жақсы қорытады, тамақ ауруын тыяды, намаздың сауабын арттырады, ауыз иісін жағымды қылады және Құран шығатын жол».

Тістеріңізді тазалап жүрудің өзі де пәктікке жатады. Пәктік иманға шақырады, ал иман жәннатта иесімен бірге болады. Бұл жөнінде қазақ атам:

Тіс бүлінді дегенше

Іш бүлінді десеңші.

Іш бүлінді дегенше,

Іс бүлінді десеңші, – деп тістің де өз алдына пайдасы барын жеткізген.

  1. Бойыңды күнәлардан таза ұстау;

واستغفرالله ان الله كان غفورا رحيما . /سورة النساء اية /

«Алладан кешірім сұра, негізінде Алла-өте Кешірімді /Ғафур/, ерекше Мейірімді /Рахим/.» (ән-Ниса- 106 аят)

Адам баласы қыр-сыры мол ғажап жаратылыс. Сол қырларының бірі қателесіп, күнәға бой алдырып қоятыны. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

كل ابن ادم خطاء وخير الخطاءين التوابون

«Барлық адам қателеседі, бірақ қателесушілердің ең жақсысы қателіктерін мойындап тәубеге келгені» – десе, Қазақ атам: «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» – деген сөзді бекер айтпаса керек. Күнәлар адам табиғатын өзгертетіні белгілі. Пенденің пәк рухы мен тәні күнәлармен былғанады. Алланың бүкіл бұйрықтары адамды күнәдан тазалауға шақырса, тыйымдары оны бұзуға итермелейді. Күнәмен адам бірте-бірте Алладан алыстап, жүрегінде қара дақ пайда болып, соңында сауап пен күнәның парқын ажырата алмай қалатын бір пендеге айналады. Сондықтан адам жүрегін үнемі «Истиғфар» деген рухани сумен жуып отырмаса, бірте-бірте күнәсінің үстіне күнә жамала береді. Алла Тағала Құранда : «Әрі олар жиіркенішті іс /үлкен күнә/ жасаса немесе өздеріне әділетсіздік етсе, Алланы естеріне алып, күнәлары үшін кешірім тілейтіндер. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Әрі олар істегендерін қасарысып жалғастыра бермейді. Және олар /егер адам тәубеге келсе Алла олардың күнәларын кешіріп, таубаларын қабыл ететінін/ біледі.  Міне солардың қайтарым сыйы – олардың Рабысынан кешірім және астарынан  өзендер ағып жататын әрі олар онда мәңгі қалатын / Жәннаттағы/ бақтар. Амал етушілердің сыйы қандай жақсы» дейді. (Әл-Ғимран сүресі-135,136 аяттар.)

عن عائشة رضي الله عنها قالت كان رسول الله صلي الله عليه وسلم يكثر ان يقول قبل موته /سبحان الله وبحمده استغفر الله واتوب اليه/  متفق عليه

Айша анамыз (Алла ол кісіден разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтер алдында «Алла пәк және мақтаулар оған ғана. Алладан кешірім сұраймын және Оған тәубе етемін» деп, көп айтатын еді» деп жеткізген.

قال علي كرم الله وجهه: العجب ممن يهلك ومعه النجاة قيل وما هي؟قال:الاستغفار.

Абу Талиб баласы Али (Алла ол кісіден разы болсын): «Құтылу жолдары бола тұра өздерін құрдымға жібергендерге таң қаламын» дегенде, жанындағылар: «Ол қандай жол?» деп, сұрады. Хазреті Али (Алла ол кісіден разы болсын): «Ол (истиғфар) кешірім сұрау» деді.

قال قتادة-رحمه الله-:القران يدلكم علي دائكم ودوائكم.اماداؤكم فالذنوب ،واما دواؤكم فالاستغفار.

Қатада (Алла ол кісіден разы болсын): «Құран сендерге аурудың және оным емінің жолын көрсетіп отыр. Ауруларың – күнәлі істерің. Оның емі –истиғфар» – деген.

Абу Һурайрадан (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хабарда: «Бір күні жаныма бір әйел келді де: «Мен зина жасадым, одан туған баланы өлтірдім. Енді мен үшін таубе етуіме мүмкіндік бар ма?» деді. Оның күнәсінің ауырлығына қарап: « Жоқ, сенің тәубең енді қабыл болмайды»» дедім. Әлгі әйел: «Сорлы басым, сонда мен тозаққа күю үшін жаралғанбын ба?» – деп еңкілдеп жылап, үйіне қайтты. Ертесіне болған жағдайды Алла елшісіне айтып бергенімде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабағын шытып: «Сен не істегеніңді білемісің? Құрандағы мына аятты оқымап па едің?» деп, Фурқан сүресін оқып берді. «Олар Алладан басқа Тәңірге сыйынбайды. Алланың жаратқанын жазықсыздан жазықсыз өлтірмейді. Зина жасамайды. Кім бұл күналарды жасаса, Алланың құзырында жазаға тартылады. Қиямет күні оған еселеп азап беріледі. Онда қор болып мәңгі қалады. Алайда кімде-кім тәубе етсе, иман келтіріп, ізгі амалдар жасаса, Алла олардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла аса жарылқаушы, өте мейірімді» (Фурқан сүресі 68,70 аяттар).

Кешірімнің қабыл болуының бірқатар себептері бар: Алланың алдында күнә екенін сезіну және тілегіміздің қабыл болуына үміт етуіміз керек.

  1. Жүрегіңді өзгелерді кінәлаудан таза ұста;

Адамның бойындағы керемет жаратылыстың бірі – оның жүрегі. Ондай жүрек Алланы таныған, Оның жолында амал қылған, Алланың ілімін таңдаған. Адамның барлық ағзалары жүрекке бағынышты етіп жаратылған. Сол бір жапырақ еттің сау болуымен басқа ағзалар таза болады. Жүректің рухани жаралы болуымен басқа ағзалар рухани азғындыққа түседі. Сол үшін де Алла Тағала адам баласына жүректің тазалығына мән беруге үндейді. Жүрегін тыңдай білген, Алланы таниды. Адамның өміріне қиянат жасап, оған азғындықты уасуаса қылатын шайтанның жолын жабады. Жүрек адам денесінің қорғаны іспетті. Шайтан сол қорғанды бұзу үшін бар айла-шарғысын салып бағады. Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімде: «Ей адамдар! Ақиқатында, сендерге өздеріңнің раббыңнан насихат, көкіректегі нәрселерге шипа және имандылар /мүминдер/ үшін жолбасшы /тура жолды ұстануға басшылық/ әрі мейірім Құран келді» (Юнус сүресі  57аят).  Құран – надандық, күдік, күман  құмарлыққа еру секілді әрі өзге де жүрек дерттеріне ем, шипа. (Ибн Касир). Адам Құран оқумен көңілі тыныштық табады. Жүрегіндегі дертіне шипа болады. Алланың рахымына бөленеді.

  1. Ішіңдегі сырды сақтай білу яғни жария етпеу.

قال تعالي:”لكل نبإ مستقر وسوف تعلمون.”   الانعام

«Әбір хабардың өз уақыты бар. Жақында білесіңдер де». (Әл-Әнғам сүресі-67 аят).

Жеткізілген хабарлар міндетті түрде белгіленген уақытта орындалады. Елшінің міндеті тек жеткізу ғана.

قال تعالي :”يوم تبلي السرائر.”   الطارق

«Сырлар сынаққа тартылған сол күні, Оның /кәпірдің/ күші-қуаты да, көмек берушісі де болмайды» (Әт-Тариқ- 9,10 аяттар).

Қиямет күні сырлар ашылып, жарыққа шығады. Жасырылған нәрселер анықталып, белгілі болады. Сонда оған не өзі не өзге біреу аса ұлы Алланың азабынан құтқарып, көмектесе алмайды.

عن أبي سعيد الخدري-رضي الله عنه-قال: قال رسول الله –صلي الله عليه وسلم-:”إن من أشر الناس عند الله منزلة يوم القيامة الرجل يفضي الي المرأة وتفضي إليه ثم ينشر سرها”. رواه مسلم

Абу Сағид әл-Худриден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хабарда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Шын мәнінде Қиямет күні Алланың алдында ең жаман орынға ие болатын адам – әйеліне бір хабар айтады және әйелінен естіген хабарын басқаларға жеткізген адам» деген. (Муслим риуаяты)

عن جابر –رضي الله عنه- أن رسول الله –صلي الله عليه وسلم-قال:”إذاحدث رجل رجلا بحديث،ثم التفت فهو أمانة “.  {رواه أبوداود والترمذي}

Жәбирден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен хабарда Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: « Егер бір кісі жанындағы адамға бір нәрсе айтып тұрып жан-жағына жалтақтаса, онда ол аманат сөз»  (Әбу Дауд және Термизи риуаяты).

قال عمر بن الخطاب –رضي الله عنه-:من كتم سره كان الخيار بيده ،ومن عرَض نفسه للتهمة ،فلا يلومن من أساء الظن به.

Хаттабтың баласы Омардан (Алла ол кісіден разы болсын): «Кім бір сырды жасырған болса, жақсылық оның қолында. Ал енді сол сырды ашып жіберіп басына бәле тапса, өзінен басқа ешкімге ренжімесін».

قال علي بن أبي طالب كرم الله وجهه:سرك أسيرك فإذا تكلمت به صرت أسيره

Әбу Тәліптің баласы Алиден (Алла ол кісіден разы болсын): «Сырың сенің тұтқының, егер оны паш етсең сен оның тұтқынына айналасың» – деген.

Муғауия (Алла ол кісіден разы болсын) бір күні Уалид бин Ғутбаға бір сыр айтты. Ол әкесінің жанына келіп: «Ей, Әкетайым! Мүміндердің әміршісі маған бір әңгімені сыр болсын деп айтып еді. Басқалардан жасырсам да сізден қалай жасырайын» – деді. Сонда әкесі: «Ол әңгімелеріңді маған айтпа. Сырыңды жасыра білсең өзіңнің пайдаңа, сақтай алмасаң зияныңа болады». Баласы:  «Мен мұны әке мен баланың арасындағы сыр деп ойламаймын ғой» – дегенде, «Жоқ, Ей балам! Сырды ашып тіліңді бұзба, ол сенің аманатың» деген екен. Уалид Мұғауияға келіп әкесімен болған әңгімені айтып бергенде, Ол кісі «Ей, Уалид! Әкең сені қателігіңнің құлдығынан сақтап қалған екен. Сырды ашып тастау қиянат болады» – деді.

Кім осы сипаттармен өзін тәрбиелей білсе, жоғарыдағы талаптарды орындағаны. Орындай алмағаны жоғарыдағының біріншісін ғана білетін болады. Яғни, дәретпен шектеліп, өзінің саналы ғұмырын үстіндегі киімінің, денесінің тазалығына ғана қарап, көңіл тазалығына мән бермей өтіп кетеді. Уасуасаның азғыруына ілесіп білімінің аздығымен көп нәрседен құр қалады. Сырт тазалығына ғана мән беріп, ішкі дүниесі надандықпен, мақтангершілікпен, екіжүзділікпен, үлкен күнәлармен толтырған адам екі дүниенің рахатынан құр қалады. Аяқтың жерде із қалдыратыны сияқты, тілің  жүрегіңе сондай із тастайды. Ешкімді жарақаттамай, ғайбат-қиянатсыз таза өмір сүрген адам қандай бақытты.

«Ия Раббым! Менің қателіктерімді, білместікпен жасаған іс-әрекеттерімді кешіргейсің» – деп Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғасын үнемі айтып жүрейік ағайын!

Жұмабаев Данияр,

 ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы