Тәңір таңдауы
Биссимиллаһир рахманир-рахим!
Тәңір-Тағалаға сансыз мақтаулар болсын! Тарихымыз бен ата-тегіміз һәм діни наным-сенімімізге қатысты Елбасымыз Н.Назарбаев: «Тегіміз – түркі, дініміз – ислам, кітабымыз – Құран» деген еді. Ұлт көшбасысының осы қанатты сөзінің астарында Алаш жұртының алтын сойы мен рухани ұстанымы айқын көрініс тапқан. Арғы бабаларымыз Мөде, Атилла, Естеми, Төныкөк, Білге, Күлтегін және т.б. қағандар мен қылауыздар билік айтқан түркі қауымы (көпшілігі) бір Тәңірге ғана мойынсұнып, ерлігімен төрткүл дүниені тітіреткен, жаны жайсаң, өр рухты жауынгер халық болатын. Еуразия төсінде ат ойнатқан осы халық тарих белесіндегі небір талайлы тағдыр кешулерді басынан өткеріп, соңынан мұсылман үмбетіне айналды. Бұл сөз жоқ Жаббар Хақтың қалауы, яғни, илаһи тағдыр еді.
Хақ-Тағала Құран Кәрімде:
اللّهُ مَن يَشَاء وَيَهْدِي مَن يَشَاء وَهُوَ
«Алла кімді қаласа, адастырады да, кімді қаласа тура жолға салады…» (Ибраһим, 4) деп бұйырады. Яғни, түркі жұртының басым көпшілігінің Хақ дінге мойынсұнуы – Ұлы Жаратушының таңдауы десек асыра айтқандық емес. Өйткені, Алла-Тағала бір қауымға тура жолда болуды жазса, оны ешкім де адастыра алмайтыны хақ. Ал, Жаббар Хақ бір қауымға һидаят (хақ жолы) бермесе, ол қауымды ешқандай бір күш тура жолға түсіре алмайды. Демек, Алаш жұртының Хақ дінмен қауышуы, тылсымнан келген илаһи пәрмен екендігі талассыз ақиқат.
Әсілі, Түркінің қарашаңырағына ие – Қазақ халқы өзін әлімсақтан (анамыздың құрсағында пайда болмастан бұрынғы – рухтар әлемі) мұсылман санайды. Алаштың айбоз ақыны Әбубәкір Кердері:
Уа, зор сүйінші айтпайын,
Мұсылман болып туғанға.
Ләббәйкә деп рухым,
Хаққа мойынсұнғанға.
Шүкір айттың жарандар,
Жақсы мал шалып құрбанға
деп жырлағандай Алаш елі өзін рухтар әлемінде түзілген «әл-мисақ»
أَلَسْتَ بِرَبِّكُمْ قَالُواْ بَلَى شَهِدْنَا
«Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе?», – дегенде, олар: «Әрине куәміз» деген») келісімшартынан бері өзін момын-мұсылман деп біледі. Осы себептен де Алаш баласы: «Әлімсақтан бері мұсылманмын» дейді. Ал, бұл діни наным – төл Ханафи-Матуриди ақидасы саналады.
Задында, жаһанды мекен қылған ұлттар мен ұлыстардың көпшілігіне һидаят нәсіп болған емес (нәсіп болғай!). Хақтың назарына ілігіп, мұсылман үмбетіне айналған жұрт мұқым ғаламдағы халықтың ширегін де құрамайды. Ал, түркі қауымы Хақ дінмен хижраның ІІ ғасырынан бастап таныса бастап, Хазария (Х ғ), Қарақан (Х-ХІІІ ғғ) және Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-XIV ғғ) толығымен исламдану үдерісін басынан кешірді. Ғұмырын ат үстінде өткізген осы өр рухты, жауынгер көшпелі жұрттың алтын арқау, күміс жалғауы – Қазақ халқының ислам дінін қабылдағанына бүгінде мың жылдан астам уақыт болды. Олай болса, неше мың ұлттар пен ұлыстардың ішінде жеті атамыздан бері мұсылман қауымы болып ғұмыр сүріп келе жатқанымыз үшін әлбетте Жаббар Хаққа «Әлхамдуллаһ» деп сансыз мақтаулар айтуға тиістіміз.
Түркілер туралы хадис-шарифтер
Хақ Елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) исі бүтін ғаламның шамшырағы екені әмбеге аян. Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне дейінгі келген елшілер мен нәбилерден басты ерекшелігі – пайғамбарлық көшті тәмамдаушы әрі күллі адамзаттың дін шырақшысы (Елшісі) болуында еді. Алла-Тағала Мұхаммедті (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соңғы пайғамбар етіп жібергені туралы Құран-Кәрімде:
مَّا كَانَ مُحَمَّدٌ أَبَا أَحَدٍ مِّن رِّجَالِكُمْ وَلَكِن رَّسُولَ اللَّهِ وَخَاتَمَ النَّبِيِّينَ وَكَانَ اللَّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمًا
«Мұхаммед (Ғ.С.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші» (Ахзаб, 40) деп бұйырған.
Ал, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің күллі жаһан Елшісі екені жөнінде: «Маған менен бұрын ешкімге берілмеген бес нәрсе берілді: Айшылық жердегі дұшпанның жүрегіне қорқыныш ұялату арқылы (иләһи) жеңіске ие болдым. Жер жүзі маған мешіт пен тазаланатын мекен етілді. Сондықтан да үмбетімнен кімде-кім намаз уақытының кіргенін көрсе дереу намазын оқысын! Ғанимет[1] менен бұрынғы өткендердің ешбіріне адал емес-тін. Міне, сол маған адал етілді. Әрі маған шафағат (хұқы) берілді. (Ақырғысы) Әрбір пайғамбар өз еліне ғана жіберілген болатын, ал мен күллі адамзатқа елші етіп жіберілдім»(Бухари, Тәйәммум, 1, Салат, 56, Муслим, Мәсажид, 3) деген болатын. Яғни, ислам дінінің ұлы қылауызы – Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаһандағы барша халықтардың, оның ішінде түркі жұртының да ұлық пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналады.
Әйткенмен, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде Хақ дін негізінен Араб түбегі халықтарына ғана (арабтан өңге Хабашстан патшасы Нажаши, Мысыр билеушісі Муқауқс, Византия императоры Ираклийді қоспағанда) таралды. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне жүктелген уәзипаны қадари-қалінше мінсіз атқарып болған соң Жаббар Хаққа қайтты. Ислам дінін одан арықарай жаһан халықтарына паш ету алғадай мұсылмандарға (сахабалар, табиғин, таба-табиғин) жүктелді һәм олардан кейінгі момын-мұсылмандардың еншісіне қалдырылды.
Мәшһүр Жүсіптің ел аузынан жинаған аңыз-әпсаналарында «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде түркінің 92 руының өкілдері ислам дінімен танысуға Мекке-Мәдинаға сапар шегіп, Мұхаммедпен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қауышты» деп айтылғанмен, классикалық ислам тарихшылары Ибн Кәсир, ат-Табари, Ибнул-Асир, Ибн Халдун, Якут, Ибн Фадлан, әл-Идриси, әл-Балазури, Ибн Хажар, әл-Мухаддиси және т.б. зерттеушілердің еңбектерінде түркі жұртының VIІ ғасырдың екінші жартысы мен VIII ғасырдың алғашқы жартысында Хақ дінді насихаттаушылармен (фатх жорығын жасаушылар) бетпе-бет келгендігі баяндалады. Дегенмен, Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түркілерге қатысты көптеген хадис-шарифтер айтқан еді. Олардың кейбріне тоқталар болсақ:
«Әбу Хурайра) былай деді: Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)айтты:«Сендер қысық көзді, қызыл шырайлы, таңқы мұрынды, бет-жүздері қабат-қабат тері қапталған қалқан тәрізді түріктермен соғыспайынша қиямет-қайым болмайды. Сондай-ақ, сендер аяқтарына жүннен киген бір қауыммен соғыспайынша қиямет болмайды» (Сахих әл-Бұхари).
«Мәртебесі биік Алла Тағала маған Иран мен Византияның алынатынын хабардар етті. Маған олардың әйелдері, балалары, құлдарын да берді. Себебі, қызыл шырайлылардың (түркілер) көмек беруімен мені құдіретті етеді» (Рашиб б. Са).
«Өлкені (дұшпандарға қарсы) қорғаудың күші онға бөлінеді: Оның тоғызы түркілерге, қалғаны өзге ұлттарға берілді. Сараңдық та онға бөлінеді: оның тоғызы парсыларға, қалғаны өзге ұлттарға берілді, жомарттық та онға бөлінеді, оның тоғызы судандықтарға, қалғаны өзге адамдарға беріледі, ар-ұят та онға бөлінеді, оның тоғызы әйелдерге, қалғаны өзге адамдарға беріледі, көре алмаушылық та онға бөлінеді, оның тоғызы арабтарға, қалғаны өзге ұлттарға берілді, тәкәппарлықта онға бөлінеді, оның тоғызы римдіктеге, қалғаны өзге ұлттарға берілді» (ат-Табари).
«Түріктер сізге тисіпейінше байқаңыз сіздерде түркітерге тиіспеңіз. Өйткені, Алланың үмбетке берген бұл мүлкі (байлық) мен салтанатын алғаш болып Қантураұлдары тартып алады» (ат-Табарани).
«Жуық арада Қантураұлдары ирак тұрғындарын ирактан қуып шығады. Мен мұны өз көзіммен көрген секілді көрудемін. Олар қысық көзді, таңқы мұрынды, дөңгелек бет-пішінді адамдар» (Әбул-Камал.)
«Байқаңыз, хабашилер сізге тиіспейінше, сіздер оларға тиіспеңіздер. Сондай-ақ, түріктер де сіздерге тиіспейінше, сізер де түріктерге тиіспеңіздер» (ән-Нашаш).
«Түріктер сізге тиіспейінше сіздер де түркітерге тиіспеңіз. Өйткені, олар өте қатігез, қатал мінезді адамдар» (әл-Жубайни).
Аталған хадис-шарифтерге қарап Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түркілердің жауынгер халық екенінен хабардар болғанын байқауға болады. Ал, көрнекті ислам тарихшысы әл-Балазури «Әнсаф әл-Әшраф» атты еңбегінде (1 том, 160 бет) Аммар бин Ясирдің анасы Сумайианың шыққан тегі түркі болуы мүмкін екенін айтады. Демек, Хақ Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ислам тарихында алғашқы шахид болған осы қайсар анамыздың шыққан тегінен хабардар болған деп тұжырымдауымызға болады.
Сонымен қатар, тарихи деректерде мұсылмандар Мәдинадан 623 жылы Қайнуқа тайпасын сүргінге айдағанда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) олардан түркі-соғды сауытын олжалағандығы (Х.В. Хауссиг. Жібек жолы және Орталық Азияның мәдени тарихы. 212-213 бб), кейбір хадистерде Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен Айша анамыз (р.а) екеуінің түрік шатырында (киіз үй) тұрғандығы айтылады. Тіпті, Ибнул-Асирдің «Усдул-Габа» (IV том, 139-140 бб) атты шығармасында көрсетілген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жазған хатты зерттеушілер ол хат түрік қағанына арнап жазылған деп біледі. Яғни, бір сөзбен айтқанда, бұл мәліметтерден шығаратын ой-қорытынды – Хақ Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түркілердің жауынгер һәм алғыр халық екенінен хабардар болып, алдағы уақытта олардың күш-қуатымен ислам діні мәртебесінің асқақтайтынына көз жеткізгенін аңғарамыз.
Ислам діні ежелгі Тұран өлкесінде
Кемеңгер халифтар (хз. Әбубәкір, хз. Омар, хз. Осман, хз. Әли) билік құрған (632-661 жж) дәуірде Хақ дін жаһанға фатх жорықтары арқылы таратылды. Алайда, кемеңгер халифтар тұсында мұсылман қосыны түркілермен бірнеше рет бетпе-бет келсе де, оларға қарсы қару көтеріп, жортуыл жасаған жоқ. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Түріктер сізге тисіпейінше байқаңыз сіздерде түріктерге тиіспеңіз…» деп қатаң ескерткен болатын. Мысалы, Омар халиф құрған кезеңде (634-644 жж) мұсылман қосыны Ирандағы Сасани патшалығының әскерін тықсыра қуып, 642 жылы Жейхун өзеніне дейін жетіп, Мәуреннахр шекарасына тұмсық тіреген еді. Осы тұста Омар ибн Хаттаб мұсылман қолбасшысы Ахнаф ибн Қайсқа хат жазып, Жейхун өзенінен ары өтіп, түркілермен қақтығысуға тиым салды (Табари, IV том, 168 б).
Әйтсе де, кемеңгер халфитардан кейінгі Омая билігі (661-750 жж) тұсында араб-түрік қатынастары шиелінісе түсті. Мәуреннахрға қоңсы Хорасан өлкесі Омар ибн Хаттаб билік құрған кезеңде ислам халифатына қараған еді. Омаядтар билігі тұсында осы Хорасан өлкесінің әміршілері Мәуреннахр қалаларына шабуыл жасай бастады. Мысалы, Хорасанның 673-680 жылдары әміршісі болған Убайдуллах ибн Зияд бірнеше рет Бұхараға, 680-683 жылдары Хорасан әміршісі Сағид ибн Осман Самархандқа, Сәлим ибн Зияд 683 жылы Бұхараға, Хажжаж ибн Юсуб 689 жылы Термезге узурпациялық (басып алып, отар ету) мақсатта шабуыл жасады. Хорасан әміршілерінің бұл әскери жорықтары түркілердің тегеурінді қарсылығына тап болып, көбіне нәтижесіз аяқталып отырды. Тек Хорасанға Құтайба ибн Муслим (705-715 жж) әмірші болып тағайындалғаннан кейін Мәуреннахрдың едәуір бөлігін біржолата жаулап алу жорықтары жасалды. Атап айтар болсақ, Құтайба ибн Муслим 706 жылы Пайкентті, 708 жылы Бұхараны, 711 жылы Самархандты, 715 жылы Ферғананы бағындырды.
Құтайба ибн Муслимнен кейін Хорасанға Язид ибн Муһаллаб (717 ж), Сағид ибн Харис (720 ж), Асад ибн Абдуллаһ әл-Қусри (726 ж), Ашрас ибн Абдуллаһ ал-Сулами (728 ж), Жунайт ибн Абдрухман (729 ж), Наср ибн Сайиар әл-Кинани (738 ж) әмірші болды. Олардың кезінде де Мәуреннахрға оқтын-оқтын жорықтар жасалды. Бірақ, Түркі билеушілері Омая узурпациясына қарсы ұдайы бас көтерді. Бір сөзбен айтқанда түркі қауымы күштеп таңғысы келген дінді қабылдай алмады.
Десе де, 751 жылы Қытайдың Тан династиясы Орталық Азияға басып кіргенде мұсылман әскері түркілерге көмекке келіп, бұл біріккен қосын «Талас ғазауатында» зор жеңіске жетті. Ғасырға жуық уақытқа созылған араб-түркі соғысы «Талас ғазауатынан» кейін біршама саябырсыды. Әлбетте, түркі халықтарының арабтарға қарсылығы үзілді-кесілді тоқтады деп кесіп айту қиын. «Насабнамада» Ысқақ ат-Түрік бастаған мұсылман қолының 768-780 жылдар аралығында жергілікті түркілермен соғысқандығы айтылады. Дегенмен, «Талас ғазауатынан» кейін исламның таралуына кедергі азайып, Хақ дін кеңінен қанат жая бастады (Қараңыз: Мұхан Исахан. «Талас ғауазатының» тарихи рөлі аса маңызды. http://e-islam.kz/interview/item/10791-m-khan-isakhan-talas-azauatyny-tarikhi-roli-asa-ma-yzdy).
Жалпы, алғашқыда түркілерге исламды тарату үшін фатх жорықтары жасалды. Омая билеушілері түркілердің саяси билігін құлату арқылы исламды Мәуреннахрға жерсіндірмек болды. Ислам дінін фатх жорықтары насихаттау Иран жерінде өз жемісін бергенмен, бұл әдіс түркілер үшін өтімсіз болып шықты. Себебі, түркілер бұрын-соңды ешбір елдің отарына түспеген, рухы азат, жауынгер халық болатын. Ал, жүрек қалауымен ғана бойға сіңетін дін деген нәзік дүниені күшпен таңу түркілердің табиғатына қайшы-тын. Дегенмен, Омая билігінің фатх жорықтары көздеген нәтижесіне қол жеткізбегенмен, түркілер осы кезеңде Хақ дінмен танысу үдерісін басынан кешірді. Түркілер қан майдандағы соғыста иілікпегенмен, жаңа дінмен танысу барысында исламның құшаққа тартып алып кететін илаһи күш-құдіретіне қарсы тұра алмады. Осының негізінде түркілерде исламдану процесі басталды.
Ислам дінінің бейбіт уағыздалуы
Омаядтардан кейін ислам халифатының тізгінін ұстаған Аббаси билігі (750-1258 жж) тұсында ислам діні фатх жорықтары арқылы ғана емес, көбіне ілім мен ғылым және көркем мінезділікпен насихатталды. Ислам дінін насихаттаудың бұл жоралғысы түркілер арасында өз нәтижесін беріп, халық топ-тобымен ислам дінін қабылдай бастады. Тарих қатпарының әр кезеңінде саяси себептермен бірге исламдағы ахлаһ (иһсан) ілімінің жүйелі дәріптелуінің әсерінен Каспий теңізінің кенересінде Хазар, Еділ өзені бойында Бұлғар, Жетісу мен Мәреннахрда Қарақан, Дешті-Қыпшақта Алтын Орда атты түркілердің төл ислам мемлекеттері тарих сахнасына шықты.
Орта ғасырлық қолжазба «Насабнамада» Ысқақ бабтың (VIII ғасырдың аяғы) соғысты қойып, исламды бейбіт түрде насихаттауға көшкені айтылады. ІХ ғасырдан бастап ислам күшпен емес, бейбіт түрде насихатталып, түркілер біртіндеп исламды қабылдай бастады. Мысалы, 961 жылы Қарақан қағаны Мұса ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Тегі, бін дінді мемлекеттік дін етіп жариялау үшін сол дінге халықтың басым көпшілігі илануы тиіс. Яғни, Мұса қағанның бұл шешімінен сол кездегі Қарақан мемлекетіне бағынышты елдің исламды қабылдағанын аңғарамыз.
Тарихшы З.Китапшы, В.Кляшторний, Т.Сұлтановтың келтірген деректеріне сүйенсек, бір күнде он мың үй қыпшақ-түркі исламды қабылдаған кездер де болған көрінеді. Исламның бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары шыға бастады. ІХ ғасырда Муғтазалия ілімінің Аббасидтер идеологиясына айналуына байланысты Орталық Азияда кейбір теріс діни ағымдар өмір сүрді. Осының нәтижесінде Фараби, Ибн Сина, Бируни және т.б. шариғатпен қатар пәлсапа ілімін менгерген ғалымдар шықты. Сондай-ақ, Марғинани, Дабуси, Сарахси, Бәздауи, Матуриди, Нәсафи секілді фиқһ және мутакәллим ғалымдар бой көрсетті. Тіпті, Қарақан дәуірін терең зерттеген Зия Кабакшы осы кезеңде Мәуреннахрдан үш жүзден астам фиқһ ғұламаларының шыққанын айтады. Ал ақлаһ ілімн Жүсіп Хамадани, Арыстан баб, Абдулхалық Ғыждуани, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Нәжмидденн Кубра, Зеңгі ата, Ұзын Хасан ата және т.б. шайқылар халықтың ар-ұжданына қызмет етті.
ХІІ ғасырдағы Елуй Дашы бастаған Қидандардың Орталық Азияға басып кіруі, сонымен бірге ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезінде исламның қанат жаюуы біршама тежелді. Әбілғазының «Шажра-ат Түрік» атты шығармасында Шыңғыс ханның ислам дініне қарсы болмағандығы айтылады. Десек те оның ұрпақтарының бірі Берке хан (1256 ж.қ) Кубравия шайқыларының ықпалымен ислам дінін қабылдап, Алтын Орда мемлекетінде Хақ діннің өркендеуіне жол ашып берді. Одан кейін Өзбек хан (1312-1347) исламды Алтын Орданың мемлекеттік діні етіп жариялады. Сол кезеңде Алтын Орда мемлекеті әлемдегі ислам дінінің негізгі орталықтарының бірі саналды.
Жалпы, қазақ топырағындағы ислам дінінің шарықтап дамуы кезеңі ретінде Алтын Орда дәуірін негізге ала аламыз. Сол кездегі империяның бас қаласы Сарайда Имам Тафтазани, Имам Баззази, Сайф Сарайи және т.б. ғұламалар жұмыс істеді. Әз-Баззазидің «Фатауат-ил-Бәззази» атты Ханафи фиқһына қатысты мәшһүр еңбегі осы Сарай қаласында жазылған еді. Бұдан өзге Бурһануддин Рабғұзидің «Қиссәсул-әнбийә», Махмуд әл-Кердеридің «Нәһжул-фәрадис», Хусам Кәтибтің «Жұмжұма» және авторлары белгісіз «Муғинул-мурид», «Иршадул-мулук уәс-сәлатин», «Сираджул-қулуб», «әт-Туһфа фи илмил-хисаб» (математика) сынды еңбектер де Алтын Орда дәуірінде жарық көрді. Яғни, Алтын Орда мемлекетінің білім мен ғылымға қамқорлық жасауының нәтижесінде Дешті-Қыпшақта Хақ дін өркен жайған еді.
Алтын Орда ыдырап, оның қарашаңырағына мұрагер болып қалған Қазақ хандығы дәуірінде де ислам мемлекеттік дін мәртебесін иеленді. Сол кездегі Қазақ хандығын құрған 43 тайпа бір діни нанымда болғандықтан, ұйысып ұлт болып, хандықтың негізін құрды. Егерәки, 43 тайпаның бірі басқа сенімде болса, ұлт құрамына ене алмас еді һәм қазақ мемлекетінің бір уығын көтерісе алмас еді. Біздің бұл ой салымызды сол дәуірге тән тарихи деректер мен жыраулар поэзиясы растайды. Мысалы, жыраулар поэзиясының ірі өкілі Шалкиіз жырау Темір биге айтқан толғауында:
Ай, хан ием, сұраймын:
Тәңірінің үйі Кебені,
Ибраһим Халил Алла жасапты,
Ғазырейіл-жан алмаға қасап-ты,
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!
– деп жырлайды.
Жыраулар поэзиясының иір-бұтақ марқасқасы Бұқар жырау:
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Ершұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа.
Үшінші тілек тілеңіз:
Үшкіліксіз көйлек кимеске.
Төртінші тілек тілеңіз:
Төрде төсек тартып жатпасқа.
Бесінші тілек тілеңіз:
Бес уақытқы бес намаз
Біреуі қаза қалмасқа
– деп мұсылмандық шарттарды жырға қосады.
Ал, халықты кәуір ұлт – жоңғарлардың шапқыншылығына қарсы үгіттеген Үмбетей жырау:
Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз.
Бірауызды болыңыз!
Қалған елді тосыңыз,
Бөтен елмен үйір боп,
Еркеңізді қосыңыз.
Кәпір алмас демеңіз,
Наны тәтті, – жемеңіз.
Зәбірі қатты бұ кәпір
Алмай қоймас демеңіз.
– деп бірлікке шақырады.
Иә, Балқы Базар «Жамиғи қазақ бір туған» деп айтпақшы Алаш баласы наным-сенім бірлігінің арқасында бір ел болып, бір ұлт болып өмір сүріп келеді. Қазақты толық тану үшін оның өткен тарихына көз жүгірту қажет. Ал, Алаштың өткені өнегеге толы, тұнып тұрған ғибратты ғұмыр өлшемі десек асыра айтқандық емес!
Мұхан Исахан,
ҚР ДІАҚМ ДІК ДМҒЗТО
Исламды зерттеу бөлімінің басшысы