Діндар болып қартаюдың артықшылығы

Сағаттар жылжып, күндер ілгері жүріп, айлар жылға ұласып, адамның ғұмыры тағат таппай өту үстінде. «Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа» деп сыр шертеді бұл турасында хәкім Абай. Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, қараңғы көрге дейінгі аралықта – пенде ғұмыр қанат қағады. Мұны қазақ «тал бесіктен жер бесікке дейін» дейді.

Жас – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек,

Тағдыр жоқ, өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек.

Міне, кемелділік пен кісіліктің кілтін һәм адамның өмір жолын ақын Абай біздерге осылайша суреттеп берді. Тағылымы терең осынау өлеңнен аңғарғанымыз көп-ақ.

Әсілі, адамның қартаюы – екі түрлі болады. Алғашқысы – Құдай жолын қуып, оның бұйрықтарын бұлжытпай орындап, «тиыл» дегенінен тиылып, адал еңбек етіп, әуелгі мақсұтына жету яки жәннатына Алланың сүйікті құлы болып оралу. Екіншісі – ақ пен қараны ажырата алмай, нәпсінің қолшоқпары болып, көкірек көзі күнәмен тұмшаланып, қараңғы түнекке бет алған тәкаппар адам.

Пайғамбарымыздың(оған Алланың игілі мен сәлемі болсын) бұған байланысты мынадай хадисі бар: «Бұл дүние – ақиреттің егін зары» немесе «Дүние – ақиреттің егістік алқабы». Яғни, ақиреттік азығын көбірек жинаған адам, бұл дүниеде де, о дүниеде де жетістікке жетері сөзсіз.

Ендігі кезекте, діндар болып қартаюдың артықшылығы не һәм қайырлы қартаюдың кілті не деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Осы сұрақтарға жауапты біз Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын)хадистерінен және қазақтың нақыл сөздері мен ақын-жыраулардың өлеңдерінен алдық.

Ғибадат

 

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Кімде-кім (ғибадаттарын орындап, күнәлардан) тазаланса, пайдасы өзіне тиеді»дейді. (Фатир, 18)

Сондықтан жақсы қартаюдың әуелгі шарты бұйырылған ғибадаттарды толық орындап, ғұсыл-дәретпен жүру.

Алаштың адуынды ақындарының бірі Бұқар жыраудың да ғибадат туралы айтқан өнегелі өлеңі бар:

«Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытты бес намаз,

Біреуі қаза қалмасқа»

Ендеше, жан мен тәннің саулығын қатар ойлаған мүмін құлдардың жақсы қартаюының алғашқы кілті осы болса керек.

Есейе келе адамның рухани деңгейі де өсіп отыруы ләзім. Ол үшін Алланың сөзі – Құран Кәрімді оқудың және оны жаттаудың септігі тиеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын): «Құран оқыған адам алжымайды» (Тирмизи) «Құран оқыңдар! Қияметте ол сендерге шапағат етеді» (Мүслим) деген.

Құран жаттаған қари ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелеріміз – әрқашанда отбасының да, ұлтымыздың да тірегі болары ақиқат.

Ата-анаға жақсылық жасау

Алла Елшісі (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын):«Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың ризашылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да – ата-ананың наразылығында» – деген хадисі бар. Сондықтан, әр перзенттің ата-анасын құрметтеуі – міндет болып табылады. Оларға сыпайы сөйлеудің өзі мол сауапқа кенелтеді.

Ал Бұқар бабамыздың келесі шумағы айтар ойымызды айшықтап тұрғандай:

«Оныншы тілек тілеңіз,

Он ай сені көтерген,

Аязды күнде айналған,

Бұлтты күнде толғанған,

Тар құрсағын кеңіткен,

Тас емшегін жібіткен

Анаң бір аңырап қалмасқа».

Әрине, ата-анасын сыйламаған адамның бұл дүние азабын кешіп, балалы болғанда қиналып жүргенін естіп те, көріп те жүрміз. Мұндайда қазақ атамыз «маңдайының соры бес елі» дейді.

Сондықтан иманды болып қартаюдың бұл өмірдегі маңызы зор. Тірі кезінде ата-анасын сыйлап, мейірім төккен адам – болашақта өз балаларынан да сондай шапағат көреді. Өткенге үңілсек, қазақ сахарасында қарттар үйі мен жетімдер үйі және жесірлер болмаған екен. Осынау кеселдер – біздерге кейіннен келгені баршамызға мәлім.

Шындық

Шындық туралы Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала Ақыретте үшеумен сөйлеспейді, оларды тазартпайды және оларға қарамайды, олар:  зинақор қарт, суайт өтірікші басшы және өр көкірек кедей». (Муслим) деген терең мағыналы хадисі бар. Соған қарап көп түйіткілдің түйінін шешуге болады.

Ақиқатсыз өткен бір күн – азапты өмірдің бастауы десек те болғандай. Адам өтірік айтқан сайын уайымшыл келеді. Ал уайымшыл адам – уақытынан бұрын тез қартаятынын айтпасақ та түсінікті.

Ал шыншыл адамның жүрегі тыныштық тауып, еш қайғысыз ғибадатын орындап, түн ұйқысы тәтті болады.

Сөз соңында, діндар болып қартаюдың артықшылығы – дінсіз болып қартаюдан әлдеқайда жақсырақ екені һәм ақиретке де пайдасы орасан зор екенін аңғардық. Шынтуайтына келгенде, әр адам – немере-шөбересін «құлыным» деп еркелетіп, қойнына алып, шашынан иіскеп, исламның берекетті шуағына шомылып, бақытты қартаюды қалайды. Тіпті, осынау өлшеусіз бақытты дұғаларына қосып, күнделікті қайталап отырады.

Әлемге әйгілі Абайдың әкесі – Құнанбайдың өзі жетпіс жасында қажылыққа барып қайтқан. Ал жыр алыбы – Жамбыл бабамыз қартайған шағына қарамастан сонау Крмельде намаз оқығанын тарихтан білеміз.

Олай болса, мұсылман қауымы осы айтылған насихатқа көңіл бөліп, бақытты һәм баянды қартайсын деп тілейміз!

 

Біржан Ахмер

«Төлеубек қажы» мешітінің шәкірті