Қасиетті Рамазан айында отыз күн бойы Тарауих намазы оқылатыны баршамызға мәлім. Осыған орай, Семей қалалық «Қос мұнаралы» орталық мешітінде және қаламыздың өзге де мешіттерінде күнделікті аталған намаз алдында уағыз жүргізіліп келеді.
Семей қалалық Тыныбай мешітінде Семей аймағы бойынша өкіл имамы, Алтыбай Мақсат Қуанышұлы келген жамағатқа, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Кім де кім шын иланып, сауабын Алладан үміт етіп Рамазан намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», деген. Тарауих намазының өзінше бір керемет рахаты бар. Рамазан кештерінде жер жаханның кез келген мешітіне барсаңыз да, ағылып-төгіліп келіп жатқан халықты көресіз. Олардың көпшілігі тарауих намазын оқымаққа ниет еткен. Күміс көмей азаншылардың айтқан азаны да берекеге толы Рамазанның сәніне сән қосады. Құранды түгел жаттап алған қарилар көптеген мешіттерде Құран-хатым түсіреді. Екі рәкат, төрт ракат сайын айтылатын салауаттар рухымызға өзінше бір күй сыйлайды. Кей кейде үлкен түгіл жас балалардың өзі мешітке келіп, мәре-сәре болып жүреді. Мұның бәрі қасиетті Рамазанның ырыс-берекесі болса керек деді өкіл имам.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.