«Дұға» –араб тілінен енген сөз. Ол тілдік жағынан – сұрау, шақыру, қалау, жәрдем өтіну деген мағыналарды береді. Ал терминдік жағынан Алла тағаланың құдіретінің, ұлылығының алдында құлдың өз әлсіздігін сезініп, Оған шынайы ниетпен бет бұрып мұң-мұқтажын өтеуге жәрдем, көмек сұрауы дегенді білдіреді.
Осы тұрғыдан алсақ, дұға – құл мен Ұлы құдірет иесі Алла тағаланың арасындағы ең берік байланыс құралы. Мүмкіндіктері шектеулі пенденің асыл-мұраттарын құдіреті шексіз Жаратқанға білдіріп, жәрдем тілеуі.
Алла тағала адамзатты ерекше махаббатпен жаратып, сансыз нығметке бөледі. Адамның жаратылуының басты мақсаты – Ұлы жаратушыны танып-біліп, оған мінәжат қылып бас ию. Сондай-ақ дұға – ғибадат болып табылады. Ол – пенденің дәрежесін көтеретін құлшылық. Пенде неғұрлым кішірейіп дұға қылса, Ұлы Жаратушымыз да оның мәртебесін соғұрлым жоғарылатып, асқар биіктерге шығарады.
Жаратылысқа зер салып қарайтын болсақ, жанды-жансыздың бәрі де өз тілдерімен бір Алланы еске алып, оған зікір, мінәжат қылып тұрғанын аңғарамыз.
Бұл жайлы Құранда Алла тағала:
تُسَبِّحُ لَهُ السَّمَاوَاتُ السَّبْعُ وَالأَرْضُ وَمَن فِيهِنَّ وَإِن مِّن شَيْءٍ إِلاَّ يُسَبِّحُ بِحَمْدَهِ وَلَـكِن
لاَّ تَفْقَهُونَ تَسْبِيحَهُمْ إِنَّهُ كَانَ حَلِيماً غَفُوراً
«Жеті қабат аспан мен жер, сондай-ақ жаратылыс атаулы Алланы пәктейді. Оны мадақтап пәктемейтін еш нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тәсбихтарын (пәктеулерін) түсіне алмайсындар. Шынында, Алла өте жұмсақ, аса жарылқаушы»[1], – дейді.
Құран Кәрімнің дұғаға ерекше тоқталуы, әрі Пайғамбарымызға дұғаның қалай жасалу керектігін тәлім етуі бұл істің қаншалықты маңызды екенін ұқтырса керек. Сонымен қатар Адамзаттың асылынан келіп жеткен жүздеген, тіпті мыңдаған хадистер де дұғаның артықшылығына баса назар аудартуда. Ғаламға рақым ретінде жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетіне дұғаны қай кезде, қалай жасау керектігін өмірімен өрнектеп, үйретіп кеткен. Оның өміріне үңіле қарасақ, ешбір сәтін дұғасыз өткізбегеніне куә боламыз. Пайғамбарымыздан риуаят етілген дұғалардың өзі том-том кітаптарға жүк боларлық көлемде. Ендеше, Құран Кәрімдегі аяттар мен Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріне тоқтала отырып, мәселені саралап көрейік.
Құранда Алла тағала:
وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ
«Жындар мен адамзатты тек Өзіме ғана ғибадат жасасын деп жараттым»[2] деп өмірге келуіміздің мақсатын көрсетсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
اَلدُّعَاءُ مُخُّ الْعِبَادَةِ
«Дұға – құлшылықтың негізі»[3], – деп құлшылық негізінің дұға екенін ұқтырған. Құлшылықсыз, дұғасыз өткен өмірде мән-мағына да болмайды. Өйткені, Құран Кәрімнің мына аяты да құлшылықтың, дұғаның маңыздылығын айшықтайды:
قُلْ مَا يَعْبَؤا بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ
«Айт (Мұхаммед с.ғ.с.): егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?…[4]».
Иә, құлшылығымыз бен дұғамыз болмаса, біздің құнымыздың, қадір-қасиетіміздің жоқтығын ескертуде. Сондай-ақ Алла тағаланың құлына өте жақындығы Құранда былай баяндалады:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ
«(Мұхаммед с.ғ.с) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және маған сенсін. Бәлкім тура жол табар»[5].
Яғни, Алла тағалаға шынайы сеніммен мінәжат жасап, ықыласпен дұға қылса, оны естіп, міндетті түрде дұғасына жауап қайтарады.
Сондай-ақ Алла тағаланың;
ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ
«Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін»[6] деген уәдесі бар.
Иә, Алла тағала – құлдарының барлық дұға-тілектеріне жауап беруші. Осы тұста кейбіреулер: «Қанша дұға етсек те сұрағанымыз берілмейді. Сонда бұл аятты қалай түсінуге болады?» деп жатады. Мына нәрсені білгеніміз жөн: дұғаға жауап беру бір бөлек те, оны қабыл алу бір басқа. Аятта Алла тағала өзіне жасалған барлық дұға-тілектерге жауап беретінін айтты. Ал дұғада сұралған нәрсенің беріліп, берілмеуі, яғни тілектің қабыл болып, болмауы Алла тағаланың хикметі мен қалауына қарай қилы жолмен жүзеге асады. Осыған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Алла тағала өзіне дұға жасаған барлық адамның тілегіне жауап береді. Оның дұғаларға жауап беруі – дұға жасаған адамға сұрағанын беруі арқылы, яки, дұғасының сауабын ақыретке жинауы немесе жасаған дұғасының көлеміндей күнәсін кешіруімен болады[7]. Бірақ кісі күнә нәрсені немесе туысқандық қатынастың үзілуін тілемесе әрі дұғам қабыл болмады деп асығыстық жасамаса болғаны»[8], – дейді. Яғни, Алла тағала құлдың сұраған нәрсесін береді немесе сауабын ақыретке қалдырады әрі күнәларын кешіреді. Олай болса, қай жағдайда да дұға етудің пайдасы шаш-етектен.
Бұл мәселені қарапайым тілмен тағы да былай түсіндіруге болады. Мысалы, бір сырқат адам дәрігерді көмекке шақырып, белгілі бір дәріні сұрады делік. Дәрігер әуелі: «Иә, құлағым сізде, не болды?» деп, оның шақыруына ілтипат білдіріп, жауап береді. Бірақ сұраған дәрісі ауруына яки басқа бір ағзасына кері әсерін тигізер болса, ол дәріні бермейді. Орнына басқа бір дәрі беруі мүмкін.
Міне, дәл осы тәрізді Ұлы Жаратушымыз да құлдарының барлық жасаған мінәжат, дұға-тілектеріне жауап береді. Бірақ сұралғанның бәрін қолма-қол ұсына саналмайды. Себебі, біз көбіне мына пәни дүниенің өткінші пайдасын ғана күйттеп, мәңгілік дүниемізге кері әсер тиер нәрсені сұраймыз. Сұраған нәрсеміз кейбір жалған сезімдеріміздің яки, асығыс қабылдаған шешіміміздің нәтижесі болуы ықтимал. Кейбір жақсылық деп пайымдаған нәрселеріміздің ақыры біз үшін жамандық болуы мүмкін.
Құранда Алла тағала:
وَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئاً وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَعَسَى أَن تُحِبُّواْ شَيْئاً وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ وَاللّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ
«Жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал жақсы көрген нәрселерің сендер үшін жаман болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер»[9], – дейді. Сондықтан кейбір сұраған нәрселеріміз берілмеген жағдайда: «Дұғам қабыл болмады» дегеннен гөрі «Тілегімнің орындалмауы мен үшін қайырлы шығар», – деп Жаратқанның жазғанына риза болған жөн.
Кейде асығыстық жасап, әлі пісіп-жетілмеген нәрселерді уақыты келмей жатып, шикілей жинап алуды қалаймыз. Алла тағала осындай көңілі мен сезімдеріне ұнамды әр нәрсені сұрай беретін құлына ненің керекті, ненің қажетсіз, дүниесі мен ақыретіне қай нәрсенің пайдалы, қайсысының зиянды екенін жақсы білгендіктен, құлдың тілегін Өзінің хикметіне қарай береді яки сұрағанынан да абзалын нәсіп етпек. Мысалы, біреу Алла тағаладан ер бала тілеуі мүмкін, ал Алла тағала оған қатардағы ер баладан да қайырлы қыз бала нәсіп етуі мүмкін. Имранның әйелі Жаратушыдан ұл бала тіледі. Алайда, Ұлы Жаратқан оған ұл баладан да қайырлы қыз сыйлаған жоқ па. Имранның әйелі Иса пайғамбарды дүниеге әкелетін Мәриям анамызды босанған еді ғой.
Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқанындай «Дұға – ғибадат»[10]. Біз ғибадатты осы дүниеде пайдасын көру үшін жасамайтынымыз белгілі. Сол секілді дұғаны да ғибадат ретінде орындап, жемісін ақыретте көретіндігімізге сену керек. Сондықтан да дұғада сабырлық пен табандылық қажет. Осы тұста мына бір-екі ғибратты оқиғаны айта кетейік:
Кезінде бір Мәлік ибн Динар деген әулие кісі өмір сүрген. Ол қажылыққа кетіп бара жатып, бір қызық оқиғаға куә болады. Тұмсығында наны бар бір құстың жол шетіндегі жартасқа түсіп шығып, аузындағы нанын тастап, қайта ұшып келіп жүргенін байқайды. Не де болса бұл жерде бір гәп бар деп, әлгі жартасқа өрмелей бастайды. Біраз жоғары шыққанан кейін таң қаларлық көрініске куә болады. Аяқ-қолы маталып, шұңқырға тасталған бір кісіні көреді. Үсті-басы әбден күнге күйіп, терілері сыпырылып түсе бастаған екен. Ол өз көзіне өзі сенбей:
– Әй, сен адамсың ба, жынсың ба? – деп дауыстайды. Әл-дәрмені қалмаған әлгі бейшара ымдаған соң оны шығарып алады да не болғанын сұрайды. Сонда ол былай деп әңгімелейді:
– Мен қажылыққа кетіп бара жатқан едім. Біздің керуенге қарақшылар шабуыл жасап, жолдастарымның бәрін түк қалдырмай тонап кетті. Мен қарулы болғандықтан, оңайшылықпен беріспедім. Әбден алысып, осы жерге дейін қашып келдім. Ақыры ұстап алып, не бар, не жоқ бәрін тартып алып, аяқ-қолымды байлап шұңқырға лақтырып кете барды. Осылайша күнге қақталып жатқаныма тура бір апта болды. Күн өткен сайын аштықтан бұратылып, әлсіреген үстіне әлсірей түстім. Ақыр соңында ешқандай үміт қалмаған соң: «Уа, Алла тағалам! Өзіңнің разылығың үшін аптап пен шөлге қарамай жолға шықтым. Қандай күйге тап болғаным Өзіңе аян. Өзіңнен басқа жәрдем етер ешкім жоқ. Өзіңе ғана сыйынып, жалбарынамын, мені құтқара гөр!» деп тіледім. Дұғамды бітіргенім сол екен тұмсығында наны бар бір құстың маған қарай ұшып келе жатқанын көрдім. Ол көкірегімен қонып, тұмсығымен нанды үзіп-үзіп аузыма салды. Шамалы болса да әлденіп алдым. Біраздан кейін қайдан әкелгенін қайдам бір ыдыспен су әкеліп, көкірегімен қонып, су ішкізді. Осылайша мені аштықтан құтқарды. Әлгінде де біраз нан әкелгені сол еді, артынша сен келдің.
Мәлік ибн Динар өз көзіне өзі сенбей аң-таң қалды. Ақыры әлгі адамның аяқ-қолын шешіп, керуенге жеткізіп салды. Осы кезде олар әлгі құстың аспанда қалықтап ұшып, шиқылдап жүргенін көрді. Әулие Мәлік ибн Динар құстың бұл қылығын:
– Бұл құс саған былай деп жатқандай: «Алла тағаладан шын көңілмен сұрасаңдар, Ол дұғаларыңды қабыл етеді. Күтпеген жерден орайын келтіріп, құстардың өзін көмекке жібереді»[11] деп жорыған екен. Иә, атам қазақ «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деп бекер айтпаған ғой.
Тағы бірде Әбул Ғариб әл-Исфахани деген машайых болған екен. Ол Тарсұс қаласын қатты жақсы көрсе керек. Шираз қаласында жүрген кезде қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Әл үстінде жатқан ол басына жиналып отырғандарға қарата:
– Өліп кетер болсам, мені осы кәпірлердің мазаратына көміңдер. Алланың разылығы үшін сұраймын. Менің басқа ешқандай тілегім жоқ,– дегенде, қасындағылар аң-таң қалып:
– Уа, хазірет! Бұл сөзіңізді қалай түсінуге болады? – деп сұрайды. Сонда ол:
– Мен Алла тағалаға ұдайы: «Уа, Жаратқан! Саған аз да болса қадірім болса, мені Тарсұста өлтіре гөр!» деп жалбарынудамын. Бірақ, осы жерде көз жұматыныма қарағанда, Алла тағаланың алдында ешқандай қадір-қасиетімнің жоқ екенін түсіндім. Сондықтан да менің тілегімді орындасаңыздар екен, – дейді.
Таң қаларлығы сол, әл-Исфахани көз жұмбастан біраз бұрын шамалы жазылып, өзінің сүйікті қаласы Тарсұсқа кетеді. Көп ұзамай сол қалада қайтыс болады. Оның қабірі қазір осы Тарсұста екен.
Мұндай оқиғаны алыстан іздемей-ақ өз өміріңізге де үңілсеңіз, талай қиналған кезде Жаратқанның жар болып, көмектескенін байқаймыз. Алайда пенделікпен оның барлығын ұмытып кете баратынымыз шындық. Иә, Алла тағаланың құдіретінде шек жоқ. Оған шын көңілмен сену қажет. Дұға – иманымыздың айнасы. Сеніміміздің беріктігіне қарай, дұғаға деген құлшынысымыз да көбірек болуы қажет.
Дұға жасасам да, жасамасам да тағдырда не жазылса соны көремін деп дұғаға немқұрайлы қарамау керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дұға басымызға түскен және келейін деп тұрған нәрселерге пайда береді» деуде. Яғни дұға арқылы басымызға түскен ауыр жағдайдан құтылуға тырысамыз. Өйткені дұғадан асқан қару жоқ. Сонымен қатар дұға келгелі тұрған бәлені қайтарады.
Кейбір ғалымдар «Ғафир» сүресіндегі
إِنَّ الَّذِينَ يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِي سَيَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِينَ
«Маған құлшылық қылудан паңсынғандар қор болып, тозаққа кіреді»[12] деген аяттағы құлшылық қылуды дұға деп тәпсірлеген.
Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дұға – ғибадат» дегеннен кейін осы аятты оқыған. Олай болса, дұға жасамағандар, тәкәппарлық танытқан болып саналады. Ол дегеніңіз Алла тағаланың құдіретіне сенбеушілік қой. Ал бұл иманның кемшілігін аңғартады. Сондықтан аятта қатаң ескерту жасалған. Ал енді дұға жасаудың өзіндік шарттары мен әдептеріне тоқтала кетейік.
Дұғаның шарттары :
- Дұғаның қабыл болуы үшін мына дүниенің өзіндік заңдары мен себептерін ешбір ақаусыз атқаруымыз қажет; Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек қана дұға етіп қана отырмай, ол үшін қажетті шарттардың бәрін орындаған. Мәселен, Бәдір шайқасында Алланың елшісі бүкіл дайындықтарын жасағаннан кейін барып, қол жайып Жаратқаннан медет тілеген болатын. Сондықтан ғалымдарымыз дұғаны екіге бөліп қарастырған. Біріншісі «фиғли дұға», яғни, ісіміз арқылы Ұлы жаратушыдан тілеу. Мысалы, жер жыртып, дән сеуіп, оны жаз бойы суарып, өсіп-жетілуі үшін керекті барлық іс-шараларды атқару. Мұндай дұға Алла тағаланың орнатқан заңдары мен себептерін орындау арқылы жүзеге асатындықтан көбіне қабыл болады. Ал екінші дұға «қаули дұға», яғни, сөзбен не жүрекпен тілеу арқылы болатын дұға. Қаули дұғадан бұрын фиғли дұға жасалу керек. Іс істемей жатып, жасаған барлық дұғаларды Алла тағала қабыл ала беретін болса, елдің бәрі жатып-ішер жалқауға айналар еді. Ал Алла тағала құлдарының жалқау болуын, әлбетте қаламайды. Әр сұрағанымызды Алла тағала сол мезет бере берсе, дүниедегі тепе-теңдік бұзылар еді.
- Дұғаны шынайы ықыласпен жасау; Құрандағы:
فَادْعُوا اللَّهَ مُخْلِصِينَ
«Аллаға шынайы ықыласпен дұға қылыңдар»[13] деген аят осыған шақырады. Ал Алла елшісі (с.ғ.с):
وَاعْلَمُوا أَنَّ الله َلاَ يَسْتَجِيبُ دُعَاءً مِنْ قَلْبٍ غَافِلٍ لاَهٍ
«Біліп қойыңдар! Алла тағала құлықсыз жүрекпен жасалған дұғаны қабыл етпейді»[14], – дейді.
- Харам аспен қоректенбеу;
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде бір адамның алыс сапарға шығып, алба-жұлбасы шыққан кейіпте екі қолын көкке көтеріп, Алладан дұға қылғаны жайлы жеткізе келе :
مَطْعَمُهُ حَرَامٌ وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ وَغُذِىَ بِالْحَرَامِ فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِكَ
«Алайда, оның ішкен-жегені, киген киімі харам болса, дұғасы қалай қабыл болсын?»[15]деген. Адамдардың көбісі дұға жасай салып, дұғам қабыл болмайды деп шағым айтып жатады, алайда ішкен-жегені мен нәпақасын қалай тапқанына аса көңіл аудармайды.
- Құбылаға қарап, дұға жасау; Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дұға тілерде құбылаға қарап, дұға жасағаны жайлы Жәбир ибн Абдуллаһ былай жеткізеді:
أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ أَتَى الْمَوْقِفَ بِعَرَفَةَ وَاسْتَقْبَلَ الْقِبْلَةَ وَلَمْ يَزَلْ يَدْعُو حَتَّى غَرَبَتِ الشَّمْسُ
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Арафатқа келгенде, құбылаға қарап күн батқанға дейін дұға қылған».[16]
- Дұға жасағаннан кейін бетті сипау;
كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ ـ إِذَا رَفَعَ يَدَيْهِ فِى الدُّعَاءِ لَمْ يَحُطَّهُمَا حَتَّى يَمْسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) дұға қылған кезде қолдарын көтеріп бетін сипамастан түсірмейтін еді»[17].
- Қасиетті мекендер мен уақыттарда жасау; Дұға жасауға кез-келген уақыт пен кез-келген орын лайық. Бірақ ерекше аталған қасиетті жерлер мен қадірлі уақыттарда жасалған дұғаның айрықша қабыл болатыны туралы да хабарлар бар. Сол хадистің бірінде:
أَقْرَبُ مَا يَكُونُ العَبْدُ مِنْ رَبِّهِ وَهُوَ سَاجِدٌ فَأَكْثِرُوا الدَّعَاءَ
«Құл сәжде кезінде Раббысына ең жақын болады. Сондықтан сәждеде мол дұға қылыңыздар» деген.
- Дұға тілегенде тек бір Алладан ғана сұрау; Құран Кәрімде:
وَلَا تَدْعُ مِنْ دُونِ اللَّهِ مَا لَا يَنْفَعُكَ وَلَا يَضُرُّك
«Алла тағаладан басқа пайда да, зиян да келтіре алмайтыннан (пұттардан) дұға тілемеңдер»[18], – дейді.
- Алла тағаланың көркем есімдерімен дұға тілеу; «Раззақ» есімі арқылы ризықтың сұралуы, «Рахим» есімі арқылы мейрімділіктің қалануы, Шаафи есімі арқылы неше түрлі ауруларға шипа тіленуі дұғаның бір хикметіне жатады. Сол секілді Алланың басқа да есімдері арқылы жәрдем сұрау жайлы Алла тағала былай дейді.
وَلِلّهِ الأَسْمَاء الْحُسْنَى فَادْعُوهُ بِهَا
«Алла тағаланың көркем есімдері бар. Осылармен дұға қылыңдар»[19].
- Дұғаны үш реттен қайталау керектігі жайлы Ибн Масғуд:
قَالَ اِبْنُ مَسْعُود رَضِيَ اللهُ عَنْهُ كَانَ عَلَيْهِ السَّلاَمُ إِذَا دَعَا دَعَا ثَلاَثًا وَاِذَا سَأَلَ سَأَلَ ثَلاَثًا.
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға еткенде, бір нәрсені сұрағанда, үш реттен қайталайтын»[20].
Иә, дұға қылу, яғни Алладан қажетiн тiлеу – мұсылман тiршiлiгiндегi елеулi орын алатын ғибадат түрi. Пайғамбарымыз (с.а.с)
اَلدُّعَاءُ سِلاَحُ الْمُؤْمِنِ، وَ عِمَادُ الدِّينِ، وَ نُورُ السَّمَوَاتِ وَ الأَرْضِ
«Дұға – мүминнiң қаруы, дiннiң тiрегi, аспан мен жердiң нұры»[21], – деген.
Имам ибн Мажә: «Дұға ету арқылы Алланы еске алудың жүзге жуық пайдасы бар», – дейді.
Олардың кейбiрi төмендегiше:
- Алла тағаланың разылығына себепкер болады: Өйткені, адамзат өзінің әлсіздігін мойындап бір Жаратушының алдында мінәжат қылып, керек-жарағын жалғыз Алладан сұрайды. Сол арқылы Алланың разылығына қол жеткізеді.
- Шайтанды қуады: Адам әрбір ісін, сөзін, бастамастан бұрын құдіреті күшті Алла тағаланың лағынетіне ұшырап, нығметінен алыстатылған «шайтанның айласынан сақта!», – деп сыйынып дұға қылады.
- Жүрек жай табады: Дұға уайым-қайғыны жояды. Адам жүрегіне қуаныш пен рахат сезiмiн орнықтырып, оны қуаттандырады. Әрі дұға етушінің жүзiн нұрға бөлейді. Қатқан жүректi де жiбiтiп, дертке шипа болады. Сондай-ақ, тот басқан өлi жүректi тiрiлтедi. Ал Құран Кәрімде:
أَلاَ بِذِكْرِ اللّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ
«Естеріңде болсын; Алланы еске алумен жүректер жай табады»[22] , – делінген.
- Рызық-несібені молайтады: Барлық мүліктің иесі болған Алладан шынайы түрде қорқып, тек бір Өзінен рызығымызды сұрасақ, ойламаған жерден рызық береді.
- Дұға Алла тағалаға жақындатып, Оның сүйiспеншiлiгiне лайық етедi: Себебі, Алла тағала: «мен сендерге күре тамырларыңнан да жақынмын» дейді. Және де Ол бізді сүйіспеншілікпен жаратқан.
Дана Абай:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сенде сүй Ол Алланы жаннан тәтті! – деп, Жаратушы иемізді жан тәнімізбен жақсы көріп, Оны жоғары тұтып, Содан ғана тілесек, сөзсіз сүйіспеншілігіне қауышатынымызды айтқан.
- Адасудан сақтайды. Алла тағала көп дұға етушiнi өз панасына алады. Ал үнемi дұғада болғандардың тiршiлiгi әрқашан қауiпсiз және тыныш болады.
- Дұғамызбен Алла тағала «мағфират», яғни кешiрiм есiктерiн ашады. Сондай-ақ оңаша отырып, шын ықыласпен жылап тiлеген дұға қиямет күнi Алла тағаланың таңдаулы пенделерiне арналған саябақтың көлеңкесiне паналауына мүмкіндік сыйлайды.
- Әрдайым зiкiр ету, яғни Алла тағаланы еске алып, Оған дұға ету – тiлдi жаман, бос сөзден сақтайды.
- Дұға – жәннат егiстiгi. Алла тағаланың пенделерiне әзiрлеген нығметтерiнiң ең абзалы – Алла тағаланы есiне алып, дұға еткендердiң несiбесi. Көп дұға етушiге перiштелер салауат айтып, Алла тағаланың рақымы жауады. Көп дұға етушiлерге перiштелер истиғфар (кешірім сұрайды) етедi, яғни Алла тағаладан күнәларының жарылқануын тiлейдi. Көп дұға етіп, Алла тағаланы еске алу – екiжүздiлiктi жояды.
Дұғалары қабыл болатындар:
- Қиналған адамдардың дұғасы;
- Зұлымдыққа ұшырағандардың дұғасы, (кәпір немесе күнәһар болса да);
- Ата-ананың баласына жасаған дұғасы;
- Әділетті имамның дұғасы;
- Салиқалы, ізгі адамның дұғасы;
- Ата-анасына жақсылық жасап, кішіпейілділік көрсеткен перзенттің дұғасы;
- Ораза ұстаған адамның ауыз ашардағы дұғасы;
- Мұсылманның мұсылман бауыры үшін жасаған дұғасы;
- Күнәларынан тәубә еткен пенденің дұғасы;
- Жолаушының дұғасы.
Дұға етудің әдептері :
- Дәретті болу
- Тек жақсылық тілеу
- Аят және хадисте көрсетілгендей дұға ету
- Алла тағаладан қажетін жалықпай тілеу
- Дұғада әдептілік шегінен шықпау
- Қасиетті уақыттарды таңдау. Мысалы, Арафат күні, Рамазан айы, жұма күні, т.б;
- Дұға жасайтын орындарға көңіл бөлу. Мысалы, сәжде кезінде, азан мен қамат арасында.
- Дұғаның қабыл болатынына кәміл сену;
- Дұға қылуды Алланы еске алумен, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтумен бастау, Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауатпен тәмәмдау.
Қорытындылар болсақ, дұғаның ең жарқын нәтижесі мынау: дұға жасаған кісі өзінің дұғасын естуші, мейірімін төгіп, мұң-мұқтаждықтарына жауап беруші Ұлы Құдіреттің бар екенін біледі. Өзінің осынау әлемде жалғыз, қорғансыз емес екенін түсінеді. Ол барлық нәрсеге құдіреті жететін, кез-келген нәрсені әп-сәтте жарататын Жаратқанға мұңын шағу арқылы мойнындағы ауыр жүктен арылып, көңілі сергіп, жеңілдеп қалады. Иә, «Шын мәнінде дұға – ол ғибадат». Алла тағала шын ықыласпен тілеген дұға-ғибадаттарымызды қабыл етсін! Әумин.
Алтынбек Ұтысханұлы
ҚМДБ-ның Жалпы және жастар ісі
бөлімінің меңгерушісі
[1] Исра сүресі, 17/44 аят
[2] Зарият сүресі, 56 аят
[3] Тирмизи, дағуат 1, н. 3371.
[4] Фурқан сүресі, 25/77
[5] Бақара сүресі, 2/186 аят
[6] Ғафир сүресі, 40/60 аят
[7] Тирмизидегі басқа бір риуаятта «жасаған дұғасының көлемінде күнәсін кешіреді» дегеннің орнына «жасаған дұғасының көлемінде жаманшылықтан сақтайды» делінген.
[8] Тахфатул-ахуази Шарху жәмиғит-тирмизи, 2-том, 2426-бет «байтул-афкарид-даулия» баспасы.
[9] Бақара сүресі, 216 аят
[10] Тирмизи, Тәфсир, Ғафир, (2973); Әбу Дәууд, Соләт, 358
[11] А. Шахин, Дини хикаелер, 102-б.
[12] «Ғафир» сүресі, 60-аят.
[13] «Ғафир» сүресі, 14-аят
[14] Күдікпен күрестен, Қ. Жолдыбайұлы
[15] Сахих Муслим, 2-том, 703-бет Дәру Ихиа ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут.
[16] Муслим,
[17] Тирмизи,
[18] «Юнус» сүресі, 106-аят
[19]«Ағрап» сүресі, 180-аят.
[20] Әбу Дәууд, ас-Соләт, 361
[21] Әбу Хурайрадан (р.ғ) Имам Хаким, Имам Әш-Шәукәни риуаят етті.
[22]«Рағды» сүресі, 28-аят
«Дұға» –араб тілінен енген сөз. Ол тілдік жағынан – сұрау, шақыру, қалау, жәрдем өтіну деген мағыналарды береді. Ал терминдік жағынан Алла тағаланың құдіретінің, ұлылығының алдында құлдың өз әлсіздігін сезініп, Оған шынайы ниетпен бет бұрып мұң-мұқтажын өтеуге жәрдем, көмек сұрауы дегенді білдіреді.