Дұға-бақыттың кілті

  Талдықорған өңірінің өкіл имамы

 Ахмадиев Серікхан

 

Дұғабақыттың кілті

         Адамзатқа берілген ең ұлы нығымет әрі үлкен мүмкіндік адамның саналы өмірі. Бұл қас қағым сәтте сағымдай болып өте шығатын өмірдегі ақылдылықтың ең биік шыңы пенденің Алла Тағаламен байланысын үзбеуі. Себебі әрбір пенде бақытты да баянды өмір сүргісі келетіні ақиқат. Сонымен қатар санасаң санына жетпейтін түрлі жаманшылық атаулыдан аман сау болғысы келетіні өз алдына үлкен бір тілек. Ондай болса, бүкіл ізгіліктердің кілті тек Оның ғана құзыретінде, әрі бүкіл жаманшылықтардан сақтау Оның ғана құдіретінде әрі Ол арқылы ғана жүзеге асады. Бүкіл әлем ерікті еріксіз түрде Оған бой ұсынады. Әншейінде пендешіліктің батпағына былғанған пенделер оны елей бермегенімен, қиналып, жанына ешбір сая таппаған мезетте мәжбүрлі түрде  Құдайды есіне түсіріп, жалбарынып жатады. Алайда өзі жаратқан пенделерін аса сүйіспеншілікпен жаратқан Алла Тағала пенделерінің қабақтарына қаяу түспей, шаттықта өмір сүрулерін қалайды. Олай өмір сүрудің тек қана бір ғана жолы бар. Ол ертелі кеш Алла Тағаланы естерінен шығармай, оған жалбарыну арқылы ғана жүзеге асады. Осы себепті дұға етудің дініміздегі орны ерекше. Дұға етуші адам Алла Тағаламен байланыс орнатады. «Дұға» сөзі бізге араб тілінен кірген сөздердің бірі. Негізгі мағынасы «сұрау», «жалбарыну» дегенді білдіреді. Біздегі тілек сөзімен мағыналас. Алла Тағалаға дұға қылу деген Алладан жақсы нәрселерді тілеу деген сөз. Ал адамға дұға қылу Алладан сол адамға жақсылықтардың болуын тілеуі. Яғни жақсы тілектер айтуы. Әлемдерге рақмет етіп жіберілген пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«لَيْسَ شَيْءٌ أَكْرَمَ عَلَى اللَّهِ مِنَ الدُّعَاءِ»

«Алла Тағаланың алдында дұғадан қадірлі еш нәрсе жоқ», – деп дұға етудің дініміздегі маңызды екенін атап кетті. Басқа бір сөзіңде:

«الدُّعَاءُ هُوَ الْعِبَادَةُ»

«Дұғаның өзі ғибадат», – деді де, Ғафыр сүресінің 60-шы аятын оқыды. Ол аятта:

لَكُم ادْعُونِي أَسْتَجِبْ  وَقَالَ رَبُّكم

«Меннен тілеңдер, тілектеріңе жауап беремін», – деп айтылған. Сол сияқты бұл мәселеге қатысты Алла Тағала Бақара сүресінің 186- аятыңда

«وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ»

«(Мұхаммед) құлдарым сеннен мен жайында сұраса мен оларға өте жақынмын, қашан меннен тілесе тілеушінің тілегін қабыл ететінімді айт», – деп бұйырды.

         Әрине, Алла Тағаланың әрбір пендесіне деген мейірімі шексіз болғандықтан және олардың әрқайсысын ұлы сүйіспеншілікпен жаратқаннан кейін оның тілегін жауапсыз қалдырмайды.

         Кей адамдар: «Алладан қанша сұрасам да дұғам қабыл болмай жатыр», – деп кейіс білдіріп жатады. Алла Тағала ол кісінің дұғасын қабыл етпеуінде белгілі себептер болуы мүмкін.

 Ондай себептердің бірі ол адамның Аллаға бойұсынбауынан болады. Яғни Алланың бұйырған амалдарын орындамауынан, ал тыйған амалдарынан тыйылмағандықтан болады. Ол жайлы Алла Тағала:

وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَان فَلْيَسْتَجِيبُوا لِي وَلْيُؤْمِنُوا بِي ِ»

«Мен оларға өте жақынмын, қашан меннен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін, олар да маған бойұсынып иман келтірсін»,-деп талап етеді. Демек дұғаның қабыл болуының бірінші себебі, ол тілеуші адамның Алла Тағалаға иман келтіріп, оның әміріне бойұсынып, оның жіберген елшісінің жолымен жүруі.

         Келесі бір себебі дұға етушінің дұға тілегіне қатысты нәрселер. Яғни дұға тілектердің шариғатта қойылған шарттарын және әдептерін орындамауы себепті қабыл болмайды. Сол шарттарына тоқталар болсақ:

1.Жасаған дұға тілекті бір Алланың қабыл ететіңдігіне нық сенімде болу. Бұл жайында пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дұғаларыңды қабыл етеді деген сеніммен Аллаға жалбарыныңыздар және де Алланың адасқан жүректен дұға қабыл етпейтінін білеңіздер»,-деген еді.

Келесі бір хадисінде:

«ادعوني أستجب لكملا تعجزوا عن الدعاء فإن الله أنزل عليَّ»

«Дұға етуде босаңсымаңдар! Өйткені Алла Тағала маған: «Меннен тілеңдер! Тілектеріңе жауап беремін»,-деген сөзін түсірді»,-деп айтқан еді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөздеріне қарайтын болсақ, дұғаның қабыл болуының негізгі бір шартын атап өтті. Ол: «Жаратушы ием тілегімді қабыл етеді»,-деген шүбәсіз сенімде болуы.

  1. Дұға етушінің ішіп-жеуі, киген киімі адалдан болуы. Біреуден тартып, алдап, не болмаса Алланың арам еткен нәрселерінен тұтынбаған болуы. Бұл жайында Муслімнен жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.а.с):

         أَيُّهَا النَّاس إِنَّ اللَّهَ طَيِّبٌ لَا يَقْبَلُ إِلَّا طَيِّبًا، وَإِنَّ اللَّهَ أَمَرَ الْمُؤْمِنِينَ بِمَا أَمَرَ بِهِ الْمُرْسَلِينَ، فَقَالَ:يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنْ الطَّيِّبَاتِوَاعْمَلُوا صَالِحًا، وَقَال﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُلُوا مِنْ طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ﴾ثُمَّ ذَكَرَ الرَّجُلَ يُطِيلُ السَّفَرَ، أَشْعَثَ أَغْبَرَ، يَمُدُّ يَدَيْهِ إِلَى السَّمَاءِ، يَا رَبِّ، يَا رَبِّ، وَمَطْعَمُهُ حَرَامٌ، وَمَشْرَبُهُ حَرَامٌ، وَمَلْبَسُهُ حَرَامٌ، وَغُذِيَ بِالْحَرَامِ، فَأَنَّى يُسْتَجَابُ لِذَلِك؟

«Ей адамдар, Алла Тағала ізгі, сондықтан ізгіден басқаны қабыл етпейді. Алла Тағала: «Ей, пайғамбарлар! Тек адалды жеп, игілік істендер»,-деп бұйырды. Мүміндерге: «Ей, иман келтіргендер! Сендерге ризық етіп берген адал нәрседен жеңдер»,-деп әмір етті»,-деді. Кейін Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұзақ уақыт бойы сапарда болған, үсті басы шаң басқан, шашы ұйысып, сабалақтанып қалған, алақанын жайып: «Әй, Раббым! Әй раббым!»,-деп жалбарынған адам жайында айтып: «Ішіп-жегені, киген және қорек еткені арам болса оның дұғасы қалай қабыл болсын?»,-деді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл сөзіне мән берер болсақ дұғасы қабыл болатын адамның сипаттарын атап өтті. Нақтырақ айтатын болсақ бұлар: сапардағы жолаушы, зұлымдыққа ұшыраушының қолын жайып дұға етуі. Бұл сипаттығы адамдардың дұғасы қабыл болатыны жайында пайғамбарымыздың хадистері дәлел болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үш түрлі адамның дұғасы қабыл болатындығында ешқандай күмән жоқ: зұлымдық шеккеннің, жолаушышың және ата-ананың баласына жасаған дұғасы»,-деген еді. Ал адамның дұға қылып жатқан кезде мүләйім халде болу керек екендігін пайғамбарымыз (с.ғ.с) тасаттық беру кезінде ісімен көрсетті.

Қол көтеруге келер болсақ пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

Начало формы

” إِنَّ رَبَّكُمْ تَبَارَكَ وَتَعَالَى حَيِيٌّ كَرِيمٌ يَسْتَحْيِي مِنْ عَبْدِهِ إِذَا رَفَعَ يَدَيْهِ إِلَيْهِ أَنْ يَرُدَّهُمَا صِفْرًا ” .

«Сендердің тірі және жомарт раббыларың дұға еткен пендесінің екі қолын бос қайтарудан ұялады»,-дейді. Осындай дұғасы қабыл болатын үш сипаты бола тұра, дұға етушінің ішіп-жегені арам болса оның дұғасының бәрі бір қабыл болмайтынын атап кетті. Сондай-ақ адал аспен азықтанудың ғибадат пен дұғаның қабыл болуына үлкен септігін тигізетіндігінде ашық баяндап  өтті.

  1. Дұға етуші дұғам қабыл болмай жатыр деп асықпауы керек. Себебі бұл жайында пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің бірің дұғаның қабыл болуын асықтырып: «Дұға жасадым, алайда, дұғам қабыл болмай жатыр»,- деп айтпаса, дұғасы қабыл болады»,-деп түсіндірген. Сондықтан да дұға жасағаннан кейін нәтижесін бір Алладан күтіп, үмітін үзбеу керек. Алла Тағала жасаған дұғаның өзін бермесе де, құлының сол сұрауын ақыретке кешіктіріп немесе төніп тұрған бәлені алшақтатуында еш қандай күмән жоқ. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде «Қиямет күні Алла Тағала мүмін пендесін шақырып, алдына келтіреді де: «Ей, құлым! Саған өзімнен тілеуінді беріп, тілеуіне жауап беретінімді уәде еткен едім. Сен менен тіледің бе?»,-дейді. Мүмін: «иә, Раббым! Тіледім»,-деп жауап берді.

         «Сен менен тілегенде, тілегіне жауап бермедім бе? Пәлен күні басына пәлені кетіруімді сұрағаныңда, сол пәлені кетірмедім бе?»,-деп қайта сұрайды.

         – «Раббым! Кетірдің»,-деп жауап береді.

         – «Сол тілегіңді дүниеде нәсіп еткен едім. Пәлен күні басына түскен пәлені кетіруімді тіледің. Алайда, сол пәледен құтыла алмадың».

         – «Ия, Раббым!»

         – Соның есесіне жәннәтта саған пәлен нәрсені әзірлеп қойдым. Пәлен күні бір қажетіңді өтеуімді сұраған едің, сол қажетің өтелмеді. Соның есесіне жәннәтта саған пәлен нәрсені дайындап қойдым.

         Хақ Тағала әрбір мүмін пендесін шақырып, оған дүниеде нәсіп еткен, не болмаса ақыретке қалдырғанын баян етеді. Сонда мүмін пенде тұрған жерінде: «Әттеген-ай! Дүниеде дұғамның бірі де қабыл болмаса еді-ау»,-дейді».

  1. Пенде қажетін жалғыз Алла Тағаладан сұрап оған серік қоспауы дұғаның қабыл болуының негізгі шарты. Бұл жайында Алла Тағала Қасас сүреінің 88-аятында:

« وَلَا تَدْعُ مَعَ اللَّهِ إِلَٰهًا آخَرَ ۘ لَا إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ»

«Алламен қатар өзгеге де құдай екен деп жалбарынба, одан басқа құдай жоқ», – деп айтқан. Себебі Алладан басқа дұғаны қабыл алып, оған жауап беретін ешкім жоқ. Осындай сенімде болып, раббысын пәктей отырып, пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген дұға жасау тәртібіне ерекше мән берілуі керек.

Ал дұға әдептеріне келер болсақ, дұға жасаушы пенде алдымен Алланы пәктеп, кейін пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтып, алақанын аспанға жайып, дауысын бәсеңдетіп, үсті басы таза болған кейіпте дұға жасалуы керек. Дұғаның қабыл болатын уақыттарына келетін болсақ, намаз оқып болған соң, азан мен қамат арасында, жаңбыр жауған кезде, сәресі кезінде, жұма күні, жамағатпен дұға жасау және тағы да басқа уақыттарда дұғаның тез қабыл болуына үлкен септігін тигізеді.

Осы тұста дұға жасаушы адамдарды екіге бөлсек болады. Біріншісі өзінің жақындарына, туыстарына, жолдас жораларына, ниеттес адамдарына дұға жасауы. Бұндай дұға жасаушы адамға періштелер дұғасына жауап қайтарып, өздеріне де сол жақсылықтарды тілейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның бауырының сыртынан жасаған дұғасы қабыл болады және уәкіл қылынғын періште тұрып «әмин, сағанда сондай болсын»», – деп сүйіншілеген. Ал періштелердің дұғасы тез қабыл болатын дұғалардан.

Ал, екінші топтағы дұға етушілер тек өздерінің көңіліне жақын келген адамдарға ғана емес, сонымен қатар өзіне зиян тигізген, жаманшылық ойлаған және өзін ренжіткен адамдарға да жақсылықпен жарылқау тілейді. Бұл адамилық үлкен қасиет. Алла Тағала да ондай пенденің қандай да бір тілегін тікелей өз құдіретімен қабыл етеді.

Сонымен қатар тағы бір ойды айта кетсек жөн болар. Көпшілік адамдар дұға жасау әдептеріндегі тәртіптерді міндет ретінде көреді. Негізінде мүмкіндігінше жұмыс істеу барысында да дұғасын іштей жалбарынып өз тілінде жасаса да болады. Ең бастысы дұға етуші адам Алла Тағаламен кәдімгідей сөйлесіп, Оған мұң мұқтажын айтып, сырласа білуі дұғаның ең үлкен дәрежесі. Одан тек қана үлкен үлкен маңызды болған істерде ғана дұға жасауымыз керек деген ой да дұрыс емес. Кез келген үлкенді кішілі істердің бәрін одан сұрап үйренуіміз керек.  Пенденің бар мұң мұқтажын тек аса жарылқаушы болған Ол ғана жақсырақ түсінеді. Одан ешбір сырыңды жасырмай, ұялмай айта аласың. Мейірімі шексіз Ол сенің бар сырыңды ешкімге жария етпейді және қателіктеріңе кеңшілікпен қарайды. Сен оған дұға жасап жалбарынуың үшін белгілі бір уақытты тоспайсың, кез келген уақытта жалбарынсаң тілегіңді қабыл етеді. Қандай да бір үлкен дәулетке ие болған жомарт деген пендеден бірнеше рет мұқтаждығыңды сұрасаң, қабақ шытып қалуы мүмкін. Ал Алла Тағаладан сұраған сайын Ол риза болады және Оған жақындай түсесің.

Қорыта келгенде мұсылман қандай бақытты жан деген ойда қаласың. Мұсылман еш уақытта әлсіз болмайды. Себебі оның құдіреті күшті Тәңірі бар. Ал мұсылманның қаруы да, қорғаны да  оның дұғасы.