Кеше Мәжiлiс үйiндегi Үкiмет сағатында ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрi Нұрлан Ермекбаев 2017 жылы министрлiк мамандары 3 мыңға жуық сайтты талдағанын, олардың шамамен 1500-i заңсыз, терiс бағыттағы ақпараттар жариялаумен айналысқанын мәлімдеді.
«Елiмiзде дiни материалдарды тарату каналдарына тұрақты түрде мониторинг жүргiзiлiп тұрады. Ғаламторда заңғы қайшы әрекет ететiн контенттер ашылып, анықталып, жұмысы тоқтатылып жатыр. 2017 жылы министрлiк (Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгi-агенттiк ескертпесi) мамандары ғана 3 мыңға жуық сайтты талдады, олардың шамамен 1500-i заңсыз, терiс бағыттағы материалдар жариялаумен айналысқан», – дедi Ермекбаев.
Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, 1 тамыздан бастап ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiмен бiрiгiп, «Кибербақылау» жобасы жүзеге асып жатыр. Оның аясында арнайы сайт ашылды. Жаңа әдiстердiң арқасында дiни сараптама жасау мерзiмi бiршама қысқарып, жұмыс жеңiлдедi. Сондай-ақ, ведомство басшысы кiтап және баспа материалдарына да талдау жұмыстары жүргiзiлiп тұратынын айтты, деп жазады Baq.kz.
ҚР Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрiнiң мәлiметiнше, Қазақстанда жалпы саны 18 конфессияны қамтитын 3693 дiни ұйым қызметiн жүзеге асырып жатыр. Қазақстандықтардың 16 пайызы дiнге сенушiлер қатарына жатады және тұрақты түрде дiни рәсiмдердi орындайды. Азаматтардың 75 пайызы өздерiн әртүрлi дiндi ұстанушылар қатарына жатқызады, бiрақ дiни жоралғыларды тұрақты түрде орындамайды. Ал, азаматтардың 10 пайызы атеистер мен агностик бағытты ұстанады.