Семей қалалық бір мұнаралы Ағаш мешітінде Құрбан айттың құрметіне ҚМДБ – ның Семей аймағы өкілдігінің ұйымдастыруымен қазыналы қарияларға арналып дастархан жайылды.
Аталмыш дастархан басында арнайы қатысқан өкіл имам Алтыбай Мақсат Қуанышұлы мұсылман жұртшылығы үшін мүбәрак мерекелерде игі шаралар легі артатынын, ал оның жалғасы жыл бойына үзілместен жүргізілетінін атап өтті. «Бұл шаралардың барлығы да елдің бірлігін, ынтымағын, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жүргізілуде. Діни басқармамыз көрсеткен негізгі бағыт-бағдар да осыған үндейді. Ал асыл дініміздің негізгі үкімі де осы. Бір-бірімізге қамқор болу, мейірімділік таныту, бауырмашылдықты күшейту – біздің һәм баршамыздың негізгі міндетіміз болуы керек» «Қарты бар ел — қазыналы» демекші, қарттарға құрмет көрсету, батасын алу қашан да қалыптасқан дәстүріміз. Қазақ елі қай кезде де үлкеніне құрмет, кішісіне ізет білдіре білген дана халық деп сөзін түйіндеді.
Семей қалалық Бір мұнаралы Ағаш мешіттің бас имамы Макажанов Дәулет «Ақсақал мешіттің сәні, жамағаттың көркі. Көпшілік арасында бата беріп, көрген-білгенімен бөлісу – жастарға үлкен үлгі-өнеге. Ақсақалдың үйдегі орны төр болса, ал мешітте алғашқы сапта орны бар. Біз: «Қариясы бар үйдің, қазынасы бар», — деген қазақпыз. Тіпті қарттарға құрмет көрсету – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өсиеті. Сондықтан сіздерге амандық тілейміз», — деп сөзін аяқтады.
Жиын соңында қариялар жағы да Орталық мешіттің бас имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлының бастамасымен ұйымдастырылған іс шараға дән ризашылықтарын білдіріп, елдің амандығына, дініміздің өркендеп-өсуіне ақ баталарын берді.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.