Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (ﷺ) : «Намаз оқы және құрбан шал» – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген. Пайғамбарымыз (ﷺ) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған. Алла Елшісі (ﷺ) өз сөзінде: «Құрбан шалыңдар! Өйткені ол Ибраһим аталарыңның сүннеті» – деп құрбандық шалу рәсімінің Ибрахим (ғ.с.) мен Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлардан бастау алатынын білдірген. Бұл рәсімнің барша адамзатқа үлгі боларлықтай өзіндік тарихы бар екендігін Саффат сүресінің 102-107-аяттарынан байқауға болады:
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, өмір салты ислам дінімен біте қайнасып жатқан ата-бабаларымыздың осынау берекелі мерекені кәрісінен баласына дейін ұлықтап, өз дәрежесінде тойлағандарын байқаймыз.
Бүгінде бұл мереке халық арасында белсене тойлану үстінде. Алайда, көпшілік ойлағандай, Құрбан Айт мейрамы – тек мал союмен ғана шектелмейді, яғни бір-біріне кешіріммен қарап, ренжіскендер болса, татуласатын, жақындарына сыйлық жасау арқылы, араларындағы сүйіспеншілік пен сыйластықты арттыратын, кішіпейілділік пен бауырмалдыққа шақыратын, қоғамдағы әділеттілікті орнататын – қасиетті мереке. Себебі, Алла Тағала Хаж сүресінің 37-аятында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді» дейді. Олай болса, құрбан шалудағы ықылас пен ниеттің маңыздылығын ақыл таразысына салған жөн.
Құрбандық шалудың өзіндік шарттары мен талаптарын ескере отырып, шариғат құрбандық шалушыға бірнеше міндеттер жүктейді. Құрбандық шалу төмендегі сипаттарға ие адамдарға уәжіп болады:
- Мұсылман болуы;
- Ақылды және балиғат жасына толуы;
- Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;
- Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.
Құрбандыққа шалынатын малдарға түйе, сиыр, қой және ешкі жатады. Бұл жануарлардың еркек не ұрғашы болуы міндетті емес. Малдың он екі мүшесі сау болуы шарт. Яғни бір немесе екі көзі соқыр, құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтіндей ақсақ, тістерінің көбі жоқ, мүйіздерінің көп бөлігі немесе толықтай жоқ, құлағы не құйрығының үштен бірі кесілген, сонымен қатар лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал құрбандыққа жарамайды. Ал, тоқал және мүйізі сынған, піштірілген, құлағы тілініп не кесіліп ен салынған мал құрбандыққа жарамды.
Шариғат талаптарына сәйкес, құрбандық шалу барысында малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Пайғамбарымыз (ﷺ) бір хадисте былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рақатына қауыштырсын» (Мүслім, Сайд, 57). Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет.
Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:
إنَّ صَلاتِي وَ نُسُكِي وَ مَحْيَايَا وَ مَمَاتِي للّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لا شَرِيكَ لَهُ
«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ». «Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның
еш серігі жоқ». Одан кейін:
ألله أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, ألله أكْبَرُ وَلِلَهِ الْحَمْدُ
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге ба уыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп айтулары керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек.
Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру–мәкрүһ.
Қасиетті Құран кәрімде хаж сүресінің 28-аятында «Құрбанның етін өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер»,-делінген. Демек, бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».
Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Ал, сатылса, оның ақшасы кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды.
Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз», – деді».
Құрбандыққа шалынған малдың терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады…
Құрметті мұсылман бауырлар! Мейірім мен ізгіліктің бастауы болған – Құрбан Айт мерекесі баршамызға мүбәрак болсын!
Алла Тағала бірлік пен татулықты басты тірегі еткен халқымызды айттан айтқа, құлшылық-ғибадатпен, молшылық-берекетте жете беруге жазсын! Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!