Семей аймағында дәстүрмен ұштасқан Құрбан айт

Құрбан айт – барша мұсылман бауырларымыз асыға күтетін ұлық мереке. Бұл – Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше, шынайы мұсылман бола алмайсың», «Көршісі аш кезде өзі тойып түнеген адам – бізден емес», – деген хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистері барша мұсылмандарды бір-біріне жанашырлықпен қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, тұрмысы төмендерге қарайласуға, өзара мейірімді болуға шақырады.

 «Дін мен дәстүр»  жылының аясында  Құрбан айтты Семей аймағына қарасты қала, аудан  мешіттері ұлттық нақышта атап өтті.

Семей қаласындағы «Қос мұнаралы» орталық мешітінде Құрбан айт намазын оқуға келген халықтың көптігі соншалық, құлшылық ордасының атшаптырым ауласында иін тірескен жұрттың арасынан ине шаншар орын табылмады.  ҚМДБ – ның Семей аймағы бойынша өкілі Қос мұнаралы орталық мешітінің бас имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтауын жеткізді. «Ұлық мереке-Құрбан айт»  тақырыбымен мазмұнға толы уағыздар мен Құрбан айттың қасиеттері мен айтта орындайтын ізгі амалдарды кеңінен түсіндіріп айтып өтті.  Сонымен қатар, Семей қалалық әкімі Ермак Бидахметұлы өзінің жүрек жарды тілегін білдірді «Құрметті жамағат, Алла Тағаламыз жасаған жақсылықтарыңызды, ақ ниеттеріңіз бен шынай пейілдеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Алла Тағала Отанымызға әрқашан береке-бірлік берсін, отбасыларыңызға амандық, саулықты нәсіп еткей. Алла Тағала айттан айтқа аман-есен жетуге жазсын», – деген ізгі тілегін білдіріп, Құрбан айт намазы оқылып,  құран бағышталды. Құрбан айт намазынан кейін қала әкімі  Ермак Бидахметұлы өз атынан құрбандыққа мал шалды.

ҚМДБ-ның «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялауы ұлық мерекені ұлттық құндылықтарымызбен байланыстыра насихаттау мерекенің кеңінен халықтық сипат алуына үлкен әсер берді. Мешіт ауласында арнайы балалар ойнауға  арналған батут құрылды, және  ұлттық спорт ойындарынан сайыстар ұйымдастырылды. Жұма намазынан кейін қазақша күрестен, арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрес сынды спорт ойындарына келген жамағат белсене қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Жиынға қатысқан Өкіл имам өз сөзінде Құрбан айт құрметіне арнайы  өткізіліп жатқан спорт сайысын ұйымдастырудағы негізгі міндетіміз жастардың, ұлы мейрамға деген құрметімен сүйіспеншілігін ояту, асыл дініміздің адамның жанын-тәнін саламаттылыққа тәрбиелейтін өнегесін көрсету. Пайғамбарымыз хадисінде: «Балаларыңды, суға жүзуге, садақ атуға, балуандық күрес өнеріне тәрбиелеңдер», – деген ұлағатты өсиеті бар. Дүркіреп өткен бұл сайыстар да өз мәресіне жетті. Өкіл имам барша қатысушыларға құрметпен алғыс білдіріп, дүбірлі додада оқ бойы оза шыққан қатысушыларды марапаттады.

Жарыс соңынан «Құрбан айт қабыл болсын» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Бұл шараға қаламыздың 350 дей кемтар, мүгедек, көп балалы жанұяларға құрбандыққа шалынған малдың еттері таратылып берілді.

 

Семей орталық мешітінің
баспасөз қызмет
і