«ОЛИМПИАДА-2018»: ШАҒЫН МЕШІТТЕР САЛЫНАДЫ

KAZISLAM – Оңтүстік Кореяда өтетін 2018 жылдың қысқы олимпиадасында мұсылман спортшыларға барлық жағдайлар жасалатын болады. Оңтүстік Корея Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы туризм бойынша ұйымы 2018 жылдың ақпан айы мен 2019 жылға дейінгі аралықта ойын өтетін аудандарда мұсылман спортшылары уақытында құлшылық жасауын толық қамтамасыз ету үшін шағын мешіттер салынатынын мәлімдеді. «Әрқайсысы 5-6 адамға арналған 4 құлшылық орны ашылады. Бұл намазханалар саны одан әрі көбейеді» деп атап өтті ұйымның ресми өкілі. Сонымен қатар, азық-түлік, тағам ұсынатын Shinsegae компаниясы елдің мұсылман федерациясынан халал тамақ жеткізуге лицензия алды. Компания олимпиада ауылында 10 мыңға жуық адамды тағаммен қамтамасыз етеді. Бұл қатарда спортшылар, әкімгерлер, БАҚ өкілдері мен қызмет көрсетуші тұлғалар болады. «Мұсылман спортшылар жалпы делегаттардың аз бөлігін құраса да біз «халал» жүйесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Осы арқылы әртүрлі мәдениет пен діндерге құрмет білдіргіміз келеді» дейді Shinsegae өкілі. Еске сала кетсек, 2018 жылдың қысқы Олимпиада ойындары 9 ақпан күні Пхёнчханде басталады. Ойынға әлемнің 94 елінен спортшылар қатысады.

Толығырақ: http://kazislam.kz/songy-janalyktar/item/16361-olimpiada-2018-sha-yn-meshitter-salynady
Материалды көшіріп басу үшін Kazislam.kz сайтына сілтеме көрсету талап етіледі.