САУАТ АШУ ШӘКІРТТЕРІНІҢ АҚ ТІЛЕГІ (фото)

Алла Тағаланың белгілерінің бірі – сендердің өздеріңнен, олардан тыныштық табуларың үшін жұбайлар жаратуы әрі араларыңда махаббат пен мейірім орнатуы. Шындығында мұнда ойланған адамдар үшін белгілер бар» – қасиетті Құран Кәрім Рум сүресінің 21-аятында Алла Тағала баян еткендей әрқайсымыздың жұбымыз бар. Яғни, бұл өмірде тыныштықта және гармонияда өмір сүруіміз үшін Алла бізге жұбайларымызды берді. Демек отбасы құрып ұрпақ өрбіту Алланың бізге берген нығметі және өмір заңдылығы.

 Қазақ халқы да қыз жат жұрттық деп қыздарын:

«Бисмилла деп бастаймын,

Жолың болсын, енді бар.

«Қыз беруді – сүннет» деп

Айтқан екен пайғамбар.

Ата-анам қалды, деп,

Иә, шырағым, қылма зар» – деп шығарып салған.

Осы ата салтты негізге алып Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Семей өңірі бойынша «Әйел- қыздар секторының» ұйымдастыруымен сауат ашу курсының шәкірті Құсайынова Дидарайды әжелердің ақ батасымен ақ отауға шығарып салу кешін өткізді. Дидарай «Дом мамыда» тұрып, «Қос мұнаралы» орталық мешіттегі сауат ашу курсының тұрақты шәкіртіне айналған. Алланың қалауымен теңін тауып, қиындықтарға төтеп беріп, жаңа өмірге қадам басқанына мешіт жамағаты шын көңілден қуанып,  ақ тілектерін білдірді.

Іс-шараның мақсаты мұсылман бауырымыздың қуанышын бөлісу және жас қыздарға отбасы құндылықтарын, күйеуінің алдындағы әйелдің міндеттерін, ата-енені құрметтеу, аяулы жар, инабатты келін болудың үлгісін көрсету.

Іс-шара Қасиетті құран аяттары мен Орталық мешіт имамы Қожахметов  Ельбек имам  уағызымен басталды.

Сауат ашу курсының шәкірттері Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әйелдерге арналған хадистерінен монолог оқып, «Жұбайым менің жәннатым», «Енемен келін хикаясы» атты көрініс көрсетіп, өлең жолдарын оқыды.

Іс-шара соңында ақ дастархан жайылып, әжелер Дидарайға ақ батасымен аналық ақылдарын айтып шығарып салды.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.