Дін мен дәстүр сабақтастығы

Аудандық дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы кезекті кездесуді Дмитриевка ауылының тұрғындарымен өткізді. Кездесуге арқау болған «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбы. Кездесуге аудандық «Қарбай» мешітінің бас имамы Әріпжан Қожанұлы Әкімбатчаев шақырылды. Кездесуді ауылдық округтің әкімі Маратбек Аждарұлы Нұркешев ашып, сөз кезегін ішкі саясат бөлімінің бас маманы Медет Мақсатұлы Жайдарбековке берді. Ішкі саясат бөлімінің өкілі дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын, дін саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен Заң талаптары туралы қысқаша тоқталып өтіп, кездесуге қатысушыларға үнпарақтар, сенім телефондары туралы парақшаралар таратты.

Негізгі тақырып бойынша сөз алған ауданның бас имамы биылғы жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы деп бекітілгендігі туралы айтып, бүгінгі таңда қоғамда орын алып жатқан мәселелерге қатысты толыққанды ақпарат беріп өтті. «Ислам және отбасы жылы» аясында «Неке және отбасы», «Жанұя жарасымы», «Ер мен әйелдің міндеттері», «Азаматтық некенің зардабы», «Өзін-өзі өлтіру – тығырықтан шығар жол емес», «Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары», «Жанұядағы әкенің рөлі», «Бала тәрбиесіндегі ананың рөлі», т.б. тақырыптар бойынша арнайы іс-шаралар өтетіндігін, осы кездесуде осының бастамасы екендігін жеткізді.

Дін мен дәстүрдің қоғамдағы алатын орны жоғары, ұлттық құндылықтар дұрыс қалыптасу үшін де атқарар маңызы өте зор. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Әр халықтың өзіне тән, қоғамның дамуына байланысты ерекшеліктері болады. Мәселен, еліміздің ұлан-байтақ жерді алып жатуының өзі ғасырлар бойы халқымыздың бойындағы, батырлық пен ерлік дәстүрін тудырған. Қазақ – ұлттық дәстүрге ерекше мән беретін халық. Дәстүр – ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Екеуі егіз тақырып десек те болғандай. Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады.

Кездесу барысында қойылған сұрақтарға тұщымды жауап берілді. Осы кездесуге ұқсас іс-шараларды келесі кезекте тағы да өткізу туралы ұсыныстар айтылып, кездесудің тақырыптары да келісілді.

М.Азатқызы