Әзіл айту, қалжыңдасу дұрыс па?

СҰРАҚ: Күліп, көңіл көтеру үшін де жалған сөз айтуға болмайды деп естідім. Сонда әзіл айтып, қалжыңдасқанда да өтірік айтуға болмай ма?

ЖАУАП: Исламда біреуді келе етіп, оның намысына тию, келемеж етіп, кемсіту, өтірік, ғайбат, жалаға құрылған әзіл-сықақ әңгімелерді айту дұрыс емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалжыңдасқанды ұнатқан, бірақ тек шындық пен ақиқатты айтатын болған.

Мысалы, бір адам Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған мінетін бір нәрсе беріңіз» деп сұрап келгенде, ол: «Жарайды, сені түйенің баласына міңгізейік» деген екен. Әлгі адам: «Кішкене түйеге қалай мінемін» деп аң-таң қалып тұрғанда, ол кісі күлімсіреп: «Түйенің бәрі әуелі түйенің баласы болды емес пе?» деген екен[1].

Тағы бірде қария әйел адам келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Аллаға дұға етіңізші, мен жәннатқа кірейін» дегенде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ана, жәннатқа қартайғандар кірмейді, деген екен. Бұл сөзді естіген кемпір көзіне жас алып жылаған кезде, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннатқа қарт күйде кірмейді, жап-жас болып кіреді, Алла Тағала: «Асылында, оларды [жәннат әйелдерін] (жаңадан) жараттық, оларды пәк бойжеткендер етіп жасадық, жарына ғашық құрбылар (еттік)»[2], – деп кемпірді жұбатыпты[3].

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әзілдері осы секілді шындыққа жақын болған.

[1] Тирмизи риуаят еткен.

[2] «Уақиға» сүресі, 35-37 аяттар.

[3] Тирмизи риуаят еткен.

 

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=855