Наурыз айының соңында облыс аумағында, оның ішінде Семей өңірінде жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апат айтып келмейді, сондықтан да адам баласы осы жағдайда түрлі қиындықтарға ұшырайды. Әсіресе, тірнектеп жинаған дүниесі суға кетіп жатқанда, кез келге адам психологиялық сипаттағы қысымға түседі. Қазақ халқы мұндай кезеңдерде бір-біріне қол ұшын беріп, көмек жасаған. «Асар», «жылу жинау» деген дәстүрлер сол кездерден бастау алып бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Қазіргі уақытта бұл дәстүр жастар арасында да белсенді жүруде, олар еріктілер деген арнайы атқа ие болған. Осындай қиын сәттерде қала тұрғындарына қолдау көрсетіп, көмек жасау мақсатынан «Даланбай ата» мешіті де шет қалмады. ҚМДБ – ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлының бастамасымен ел азаматтарын тарта отырып, «Даланбай ата» мешітінде де осындай қайырымдылық іс қолға алынды. Затон, Мирный ықшамауданында үйлері суға кеткен жамағатқа азық-түлік таратылып, көмек жасалынды. Қиындық көріп отырған осы ықшам ауданның 16 тұрғынын «Даланбай ата» мешіті азық-түлікпен қамтыды. Ең қажетті деген алғашқы заттармен қамту, жаны қысылып отырған ағайынға аз да болса, азық-түлік беріп, демеу, олармен әңгімелесу, тығырықтан шығудың жолдары туралы ислам тағылымдарымен таныстыру – бұл күннің негізгі өзегі болды. Қиындыққа тап болған жамағат осындай кезеңде ислам дінінің шарапатына ие болғандарына аса үлкен ризашылықтарын білдірді.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.