Ар мен иман тұрған жерде парасат та, ақыл да, жігер де тұрады. Барлығы иман мен арға келіп тіреледі.
Қазақтың ар мен намыс туын биік ұстаудың нәтижесінде бабаларымыз өз елін, кең даласын сақтай білді. Тұтастығы бұзылмады, туы жығылмады. Ол қазақтың қанына сіңген намыс пен иманның арқасы. «Өлімнен ұят күшті» дейді, бабаларымыз. Бұл нақыл күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймады. «Жарлы болма, арлы бол» деген бабалар сөзін әр ұрпақ есте бекем сақтау керек.[1]
Атам қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» демекші адам өзінің шыққан тегін жақсы білуі келер ұрпақ алдындағы борышы. Баласына әулетінің шежіресін үйретуі тиіс. Адам баласының шыққан тегі оның түп тамыры. Жемісті ағаш мәуелі болуы үшін тамыры тереңде бойлауы тиіс. Адам да бар құнарын ата-бабасы тәлімінен алады. Заманында Бұқар жырау: «Жал, құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз. Қалың малы арзан деп, Жаман қатын алмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, Жауға шабар ат тумас, Жаман қатын алсаңыз, Топқа кірер ұл тумас. Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге!» – деп тектің қоғам мен әлеумет өміріне қаншалықты әсер ететінін айтқан.
Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) риуаят етеді:
تَعَلَّمُوا مِنْ أَنْسَابِكُمْ مَا تَصِلُونَ بِهِ أَرْحَامَكُمْ، فَإِنَّ صِلَةَ الرَّحِمِ مَحَبَّةٌ فِي الأَهْلِ، مَثْرَاةٌ فِي المَالِ، مَنْسَأَةٌ فِي الأَثَرِ
«Тектеріңді (шежірелеріңді) туған-туыстарыңмен ағайындық туыстық жасайтындай деңгейде біліп алыңдар. Өйткені, туыстық қарым-қатынас әулет арасына сүйіспеншілік, мал-дәулетке молшылық және өмірге берекет береді»,-деген.[2]
Ал, саңлақ сахаба Әбу Зарр (р.а.) арқылы жеткен хадисте:
لَيْسَ مِنْ رَجُلٍ ادَّعَى لِغَيْرِ أَبِيهِ وَهُوَ يَعْلَمُهُ إِلا كَفَرَ،
«Егер кісі өз тегін біле тұра әкесінен басқа біреудің тегін айтып дауласса шектен шыққаны»[3], деген.
Иә, адам өз тегін қандай жағдайда болмасын сақтап қалуы тиіс. Ата-бабасының кім екенін ұмытпауы қажет. Себебі, бұл ертеңгі ұрпағының алдындағы аманаты.
Исламға дейінгі уақытта басқа әулетке кіріп, сол рудың адамы боп сіңісіп кету үрдісі бар еді. Әкесінің атын алмау және шыққан әулетінен басқа бір руға кіру шектен шығу боп саналады.
Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте:
اثْنَتَانِ فِي النَّاسِ هُمَا بِهِمْ كُفْرٌ: الطَّعْنُ فِي النَّسَبِ وَالنِّيَاحَةُ عَلَى الْمَيِّتِ “
«Адамдар арасында екі кісі бар, олар шектен шығуда: адамның тегіне тіл тигізуші және марқұмның арқасынан бай-балам салып жылаушы»[4], деген. Бұл хадистегі күпірлік сөзі адамның мұсылманшылықтан шығаратын ұғымда емес. Бұл адамның шыққан тегін мазақ ету, жұрт алдында үстінен күлу үлкен күнә екенін ескертуде. Себебі, адамның тегі – оның ар-намысы, абыройы.
Дала ғұламасы Майқы би: «Тұлпардан тұлпар туады, Сұңқардан сұңқар туады, Асылдан асыл туады, Сараңнан бермес туады, Соқырдан көрмес туады, Мылжыңнан езбе туады, Қыдырмадан кезбе туады» – деп адамның тектігін қаншалықты болашақ ұрпаққа әсер ететіндігі жайлы ой қозғаған.
Адамның тегін бұзатын ең сорақы жайт – ойнастық. Құран Кәрімде:
وَلَا تَقْرَبُوا الزِّنَا ۖ إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاءَ سَبِيلًا
Бұл аят зина жасау сияқты арсыз және жиіркенішті күнәні жасамау жайлы. Бірақ, аятта жасамаңдар деп емес жақындамаңдар деп ол күнәні жасау былай тұрсын оған себеп болатын әрбір нәрседен аулақ болуды бұйыруда.
Имам Ахмед бин Ханбал «Муснадында» мынадай риуаят бар. Сахаба Әбу Умәмә (р.а.) былай дейді: «Жас жігіт пайғамбарға ﷺ келіп: «Уа, Алла елшісі! Маған зина жасауға рұқсат беріңіз»,-деді. Сол жерде отырған жұрт әлгі жігітті кейіп «тіліңді тарт»,-деп жатты. Пайғамбар ﷺ: «Жақында»,-деп шақырды. Жігіт пайғамбарға таяп келгенде: Отыр деді. Жігіт жайғасқан соң: «Ойнастық жасауды анаңа құп көресің бе?,-деді. Жігіт: Алла атымен ант етемін, сіздің жолыңызды құрбан болайын, ондайды құптамаймын,-деді. Пайғамбар ﷺ: «Адамдар да ойнастықты анасына құп көрмейді»,-деді. Қызың ойнастық жасаса мақұлдайсың ба?,-деді. Жігіт тағы да: Уа, Алла елшісі, жолыңызда құрбан болайын, ондайды қаламаймын,-деді. Пайғамбар ﷺ: «Адамдар да ойнастықты қыздарына құп көрмейді»,-деді. Әпке-қарындасың ойнас жасауына көнесің бе?,-деді. Жігіт: Сізге құрбан болайын, Құдай атымен айтамын, мұндайды қаламаймын,-деді. Пайғамбар ﷺ: «Адамдар да ойнастықты әпке-қарындастарына құп көрмейді»,-деді. Немере әпкең зина жасағанына көнесің бе?,-деді. Жігіт: Жоқ, құрбаныңыз болайын, қаламаймын,-деді. Пайғамбар ﷺ: «Адамдар да ойнастықты немере әпкелеріне құп көрмейді»,-деді. Нағашы әпкеңнің зина жасауына көндігер ме едің?,-деді. Жігіт тағы да: Жолыңызда құрбан болайын, қаламаймын,-деді. Пайғамбар ﷺ: «Адамдар да ойнастықты нағашы әпкелеріне құп көрмейді»,-деді де қолын жігіттің үстіне қойды да: Уа, Алла! Оның күнәсін кешір, жүрегін тазала, әуретін зинадан сақта»,-деп дұға етті. Осы күннен кейін әлігі жігіт ешбір әйел баласына бас көтеріп қарамайтын, намысты азамат болды,-дейді.
Ибн Әбу Дуния Һайсам бин Малик Таидан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді:
مَا مِنْ ذَنْب بَعْد الشِّرْك أَعْظَم عِنْد اللَّه مِنْ نُطْفَة وَضَعَهَا رَجُل فِي رَحِم لَا يَحِلّ لَهُ
«Алла Тағала серік қосудан кейінгі ең үлкен күнә кісінің өзіне адал болмаған әйел жатырына ұрығын қоюы»[6],-деген. Иә, осы мағыналас хадистер зина жасаудың қаншалықты ауыр күнә екенін аңғартады. Бұл хадиске зер салып қарасақ «ұрығын қою» деп айтылған. Бұл дегеніңіз еркек пен әйелдің төсек қатынасына барудан әлде қайда терең мағынаны көрсетуде. Қазіргі заманда «құрсақ ана» деген ұғым пайда болды. Перзент сүйе алмайтын ерлі-зайыптылар бөгде әйелдің жатырына ұрық салып балалы болғысы келеді. Міне, бұл да зина. Бөгде әйелдің маңайына да жақындамаса да, құрсағына ұрығын салдырғаны үшін зина боп табылады. Ардақты пайғамбарымыз ﷺ:
لَا تَزَالُ أُمَّتِي بِخَيْرٍ مَا لَمْ يَفْشُ فِيهِمْ وَلَدُ الزِّنَا ، فَإِذَا فَشَا فِيهِمْ وَلَدُ الزِّنَا ، فَيُوشِكُ أَنْ يَعُمَّهُمْ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ بِعِقَابٍ
«Менің үмбетім арасында ойнастан туған бала көбеймейінше жақсылықтан айырылмайды. Ал егер зинадан туған бала көбейсе Алла Тағаланың жазасы жалпыға таралады»[7],-деген. Пайғамбарлар сұлтаны ﷺ зинаның қоғамға алып келетін кесірі жайлы:
وَمَا ظَهَرَتْ فاحِشَةٌ فِي قَوْمٍ قَطْ إِلَّا سَلَّطَ اللهُ عَزَّ وَجَلَّ عَلَيْهِمْ الْمَوْتَ
«….Бір қоғамда арсыздық бой көрсетсе Алла Тағала ол қоғамға өлім жібереді»[8],-деген. Яғни, ол қоғамда өлім-жітім көбейеді.
Шаңырағы шайқалып, өкінішке орай ажырасуға шешім қабылдаған талақ болған әйелде идда, яғни күту мерзімі басталады. Осы мерзімде әйелдің бала көтерген-көтермегені анықталады. Бұған қоса, осы уақыт ішінде әйел құрсағы толығымен тазарады. Міне, бұл да тектілікті сақтаудағы маңызды мәселе. Өйткені, күту мерзімі бітпей жатып тұрмыс құрса жаңа некеден туған баланың болмысында алғашқы күйеуінің белгілері болады. Міне, сондықтан шариғатта күту мерзімін бұзу қатаң тиым салынады.
Алла тағала адамзат ұрпағын жалғастыру үшін еркек пен әйелдің табиғатын бір-бірлеріне құштар етіп жаратқан. Сонымен қатар осы сезім қарсаңында адамдарды дүниеде күрделі сынаққа салған. Бұл сынақтан өткен адам дүние мен ақырет қаһарманы. Адамның жақсы немесе жаман екені көбінесе осы ар-намыс тұрғысынан белгілі болады.
Алла тағала Құран кәрімнің бірқатар жерінде ар-намысын сақтай алған адамға үлкен марапаттар беретінін уәде еткен. Ал ар-намысын сақтамайтын, (жүргіш) адамға тозақ бар екенін ескерткен. Алла Тағала арсыздарды адам өлтірген адамдармен бір тұтқан. Мүминдердің сипаттары туралы айтқанда да былай деген:
قَدْ أَفْلَحَ الْمُؤْمِنُونَ (1) الَّذِينَ هُمْ فِي صَلَاتِهِمْ خَاشِعُونَ (2) وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ (3) وَالَّذِينَ هُمْ لِلزَّكَاةِ فَاعِلُونَ (4) وَالَّذِينَ هُمْ لِفُرُوجِهِمْ حَافِظُونَ (5)
Ар-намыссыз адам Алла алдында күнәһар, халықтың алдында құрметсіз болады. Бір намыссыздың қоғамдағы жақсы адамдардың қасындағы мысқалдай қадір-қасиеті болмайды.
Кезінде қазақ еріккеннен құда түспеген. Тіпті балалар дүниеге келмей жатып-ақ атастыру рәсімі болатын. Тектілік феноменін терең түсіну үшін құдалық институтының әлеуметтік мәніне зор көңіл бөлу керек. Қазақ қалыңдық таңдағанда бойжеткеннің ажары мен шырайына қарап шешім қабылдамаған, ұрпақ жалғастырушы әйелдің көргенді, өнегелі, биязы, тәрбиелі болуын қалаған. Тарихи айғақ-деректерге ден қойғанда, тегі асылдың тұқымына таласатын жағдайлардың болғаны байқалады. Бұдан, дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан қалың мал институтының сыры ашыла түседі.
Бұрындары ұлына қызды үлкендер жағы өздері таңдаған. Алты қырдың астындағы ауылда «Бәленбай деген кісінің үйінде қыз өсіп келеді. Елден бұрын құда түсіп, сырға салып еншіліп қояйық» деп бекерге қам-қарекет етпесе керек. «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деген қызыл көрсе қызыққан көңілмен емес, тегі жақсы елден қыз алып, тамырын тереңге салып, өмірінің жалғасы өзінің арнасы болатын ұрпағын ойлағандықтан осындай қадам жасаған. Екіншіден, «Бай – байға, сай сайға құядының» керін келтіріп, малының көптігі мен тасыған байлығына емес, бабасының бабасынан жалғасып келе жатқан тегінің тазалығына көңіл бөлген.
Әлбетте, ондай ауылдың қызына сөз салу үшін өзінің де ата-тегінің осал болмағаны ескеріліп жататыны айтпаса да түсінікті. Сондай тегі таза, тамыры мықты елден тараған небір баһадүр батырлар, адуын ақындар осынау ұшы-қиыры шексіз ұлан – ғайыр даланы жаудан қорғап, дауға бермей біздерге аманат етті. Осыдан-ақ құдалықтың қадір қасиетін арттыруда тектің алар орын қандай дәрежеде екенін аңғаруға болады.
Бұл игі дәстүр қазір де жалғасуда. Бірақ баяғы бабалардан қалған сара жолдың сарқыншағы ғана іспетті. Бүгінгі таңда баланы ата-анасы емес, екі жастың ортасындағы махаббат қосады.«Үйленгенше жаным дейтін, үйленге соң жанын жейтін» көріністер де қазіргі жалаң махаббат, жалған сөзімнің нәтижесіде орын алуда. Әрине өздері қосылған екі жастың барлығы да баянсыз ғұмыр кешіп жатыр деуден аулақпыз. Дегенмен дәл қазіргі таңда басқа-басқа қазақ жастарының ішінде бүгін сүйіп қосылып, ажырасып жатқандардың саны күннен-күнге артып келеді. Жоғардыға мысалға алғандай аталарымыздың тегін сақтап, теңін табу жолымен жүрсек, әлдеқайда жақсы болар ма еді?
Егер жігіт текті тұқымның тұяғы болып, оның болашақ жары да аталы жерден болса, онда мұны «інжуге орнатылған лағыл» деп бағамдаған. Ал, ат байлайтын жері көңілдегідей болмаса, келіннің құрсағында өсетін ұрпақты «құмға сіңген су», «сорға сепкен дән» деп түсіну тек қазаққа ғана тән түсінік. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі «көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық», «қатын алма қайын ал», «алып анадан туады», «нағашысы жаманның жиені оңбас», «анасын көріп, қызын ал», «анасын сүйгеннің баласын сүй», «шешеге қарап қыз өсер», «ана көрген тон пішер», т.б. деп келетін тұрақты тіркестерде терең мағына жатыр.
Осындай ниет, есептің арқасында ғана өзіңнен артылып текті азамат дүниеге келеді. Тектіні біз асыл тұқымды десек те болады. Қазақта текті ұрпақ өсіру тәжірибесі ХХ ғасырдың басына дейін сақталды. Өкінішке орай, тектілерді баудай түсірген алапат азапты жылдардан кейін кейін бұл мәселені өз бетімен жібердік, мұхиттағы ескексіз қайықтай қай жағалауға тоқтайтынымызды, кімнің қолына түсетінімізді білмейміз. Беті жылтыры текті болады ма ? «Болғанда ақыл бөлек, ажар бөлек, не пайда тым әдемі болғаныңмен» демеуші ме еді ?! Небір қабылетті балалар тіс қаққан жеңілтек қыздардың қолына түсіп, тектің көзі бар қыздар жүргіш жігіттерге жем болып жатады.
Қазақта: «Тектен нәр алған тозбайды» деп және «Көргені жақсы көш бастар, дөңгелектің шегі жоқ көргенсіздің тегі жоқ» деген нақыл сөздері тектілікті сақтамаудың салдарын айтып ескертуде. Тектілік тек бір шаңырақтың мәселесі емес, ол тұтастай бір мемлекеттің болашағын айқындайтын басты мәселелердің бірі. Асыл дініміз бен ата-баба салты қан тазалығы мен тектілікке жіті мән бергенін ұмытпауымыз қажет.
[1] https://baq.kz/kk/news/ruhaniyat/arnamis_zhaili_islamda_ne_aitilgan20161118_105600
[2] Тирмизи хадистер жинағы
[3] Ахмад хадистер жинағы
[4] Муслим хадистер жинағы
[5] Исра сүресі, 32-аят.
[6] Ибн Әби Дүния хадистер жинағы
[7] Ахмад хадистер жинағы
[8] Муслим хадистер жинағы
[9] Мүминун сүресі, 1-8 аяттар
[10] http://www.muftyat.kz/kz/article/2929
Ар мен иман тұрған жерде парасат та, ақыл да, жігер де тұрады. Барлығы иман мен арға келіп тіреледі.