ҚҰЛШЫЛЫҚТАҒЫ НИЕТТІҢ ОРНЫ | жұма уағызы

 

«Мүминнің ниеті амалынан қайырлы…»

/Хадис/

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ، وَلَا عُدْوَانَ إِلَّا عَلَى الظَّالِمِينَ، وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لُهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِير،وَأَشْهَدُ أَنَّ سَيِّدَنا وَحَبِيبَنَا وَشَفِيعَنا مُحَمَّدًا صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ  ، وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ، وَمَنْ سَارَ عَلَى نَهْجِهِ، إِلَى يَوْمِ الدِّينِ،

Барлық мақтау мен ерекше мадақ бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаға ғана лайық. Алланың ардақты елшісі, адамзаттың абзалы Мұхаммед пайғамбарға және Оның отбасы мен сахабаларына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

Жаратушы Раббымыз бүкіл жаратылысты жоқтан бар етіп, өзіне лайықты міндеттерін жүктеді. Жер бетін жайлы мекен етіп, оған иелік етуге адамзатты жаратты. Барша жаратылыстың міндетін белгілегендей адамзаттың да өзіне тән басты міндеті етіп өз Раббысын танып, оған құлшылық етуді әмір еткен Алла тағала Құранда:

وَمَا خَلَقۡتُ ٱلۡجِنَّ وَٱلۡإِنسَ إِلَّا لِيَعۡبُدُون

«Мен жындар мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым»[1]деген.

Тағы бір аятында:

يَـٰأَيُّہَا ٱلنَّاسُ ٱعۡبُدُواْ رَبَّكُمُ ٱلَّذِى خَلَقَكُمۡ وَٱلَّذِينَ مِن قَبۡلِكُمۡ لَعَلَّكُمۡ تَتَّقُونَ

«Әй Адам баласы! Сондай сендерді де сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар. Әрине сақтанған боларсыңдар»[2] деп бұйырады.

Құдайға деген құлшылық адамдардың өз ойымен тапқан немесе қиялдардан туындаған бір рәсімдер емес, Құдай тағаланың өзі әмір етіп, Өз елшілері арқылы белгілеп берген амалдар. Раббымыздың өзі бекітіп берген құлшылықтар үш түрлі жолмен орындалады. 1) Денемен; 2) мал-дүниемен 3) денемен де мал-дүниемен де бірге атқаратын ғибадаттар.

Денемен – намаз және оразаны орындасақ, мал-дүниемізбен садақа, құрбан және зекеттерді, ал денемізді де мал-дүниемізді де жұмсау арқылы қажылық амалдарын іске асырамыз.

Осындай міндетті және басқа да ерікті болған амалдардың қайсысы да болмасын қабыл болып, сауабының артуына себеп болатын ең басты мәселе – ниеттің дұрыстығы.

Мұсылман баласына Алланың алдында ең басты бес міндет жүктелгені баршамызға мәлім.

Бірінші міндет – бір Алладан басқа ғибадатқа лайықты құдай жоқ екендігіне, Мұхаммед пайғамбар Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етіп мұсылман болу. Егер басқа бір дін өкілі немесе дінсіз адам осы сөздерді тілімен арапша да басқа тілде де айтар болса, бірақ жүрегінде мұсылман боламын деген ниеті болмаса, оны күніге жүз мәрте қайталаса да пайдасы жоқ. Аллаға деген иманның орны жүрек екендігі және жүрек сенбей иман келтірген шынай мүмин бола алмайтындығы Құранның мына аятында баян етілген:

قَالَتِ الْأَعْرَابُ آمَنَّا قُل لَّمْ تُؤْمِنُوا وَلَكِن قُولُوا أَسْلَمْنَا وَلَمَّا يَدْخُلِ الْإِيمَانُ فِي قُلُوبِكُمْ وَإِن تُطِيعُوا اللَّهَ وَرَسُولَهُ لَا يَلِتْكُم مِّنْ أَعْمَالِكُمْ شَيْئًا إِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

Бәдәуилер: “Иман келтірдік” деді. (Мұхаммед Ғ.С.) оларға: “Сендер иман келтірмедіңдер. Алайда: “Мұсылман болдық” деңдер. Өйткені, иман жүректеріңе кірмеді. Егер Аллаға, Пайғамбарға бағынсаңдар, амалдарыңнан еш нәрсе кемітпейді. Шүбәсыз Алла, аса жарылқаушы, тым мейірімді” де.[3]   

Яғни иман келтіруге ниеті болмаған адамның құрғақ ауыз сөзімен мүмин бола алмайды.

Екінші міндет болған әр бір күні күнәміздан бес рет тазалап, қабірдің азабы, тозақтың отынан сақтайтын намазымыздың  өзі ниеттен басталатыны белгілі.

Ниетін тілмен айқалап айтса да, әрбір рүкіндерін әдемілеп орындаса да ниеті көрер көзге ғана, немқұрайлы немесе бір адамнан қорыққанынан намаз оқыса онысынан да пайда не сауап болмақ емес. Намазында бір Алланың әмірін орындап, разылығын табайын деген ниеті болмай намазы да толық болмайтынын мына аятардан түсінуге болады.

فَوَيۡلٌ۬ لِّلۡمُصَلِّينَ*  ٱلَّذِينَ هُمۡ عَن صَلَاتِہِمۡ سَاهُونَ*  ٱلَّذِينَ هُمۡ يُرَآءُونَ

«Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарын немқұрайлы оқиды. Олар көрсету үшін оқиды».[4] 

Үшінші міндетіміз болған – тозақтан қалқан, сауабын Алланың өзі белгілейтін Рамазан оразасы мұсылман үшін екі дүниесіне де аса пайдалы құлшылық. Дегенмен, оразада ішіп-жеуден тиылсам болды екен деп, Алла разылығы үшін деген шынайы ниетсіз аш жүргеннің немесе денсаулығын түзеу, артық салмақтан арылу сияқты мақсатта ұсталған оразаның иесі сауаптан үміт күтпесе де болады.  Ораза қабыл болып, күнәларымыз кешірілу үшін ықылас-ниет алғышарт екенін Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай түсіндіреді:

مَنْ صَامَ رَمَضَانَ إِيمَانًا وَ احْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ

«Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі»[5]  

Төртінші міндетіміз болған зекет беру – мал-дүниемізді тазалап, берекесі артуына себеп болатын құлышылық. Бірақ, жұрт алдында мақтан немесе өз алдында кемсіту мақсатында берілген зекеттің де сауабы болмайды. Бергенін жариялауды нәпсісі қалап, соған өзін мақтаныш сезімі кернеген зекеттің сауабы кемиді. Ал басқаға үлгі ниетімен жарияланып, нәпсісіне риякерлік келмесе ол басқа. Құранда Алла тағала:

الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُم بِاللَّيْلِ وَالنَّهَارِ سِرًّا وَعَلاَنِيَةً فَلَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ

«Дүние-мүлкін күн демей, түн демей жасырын һәм жария түрде игі жолда жұмсайтындардың Раббыларының дәргейінде алатын ерекше сауабы бар. Олар үшін ешбір қорқыныш жоқ һәм олар онда әсте мұңаймайды»[6].

Басқа аятта: 

إِن تُبْدُواْ الصَّدَقَاتِ فَنِعِمَّا هِيَ وَإِن تُخْفُوهَا وَتُؤْتُوهَا الْفُقَرَاء فَهُوَ خَيْرٌ لُّكُمْ وَيُكَفِّرُ عَنكُم مِّن سَيِّئَاتِكُمْ وَاللّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ

«Қайыр-садақаны жария түрде бергендерің қандай жақсы! Ал егер ешкімге көрсетпей, жоқ-жітіктерге жасырын түрде берсеңдер, әрине, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ. Алла сол арқылы біраз күнә-қателіктеріңді кешеді. Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар»[7]

Мұсылманның мойынында бесінші болып бекітілген парыз – қажылық. Дәулеті жетіп, шамасы келген әрбір мұсылман тек Алланың разылығын алу ниетімен ғана Меккеге барып, қажылық амалдарын орындаған адамның күнәлары төгіліп, тазарып қайтады.

وَأَتِمُّواْ ٱلۡحَجَّ وَٱلۡعُمۡرَةَ لِلَّهِ‌  

«Қажылық және умраны Алла үшін толық орындаңдар»[8]

Осы аятта Алланың өзі әмір еткендей қажылықты тек Алла үшін деген ниетпен ғана орындалуы шарт. Туристік мақсатта, ел көрейін, жер көрейін немесе сауда жасап, сату не сатып алу үшін жасалған сапар, сондай-ақ қажылықты атақ пен мансап көріп, сол арқылы өзін көтермелеуді қаласа, барлық қажылық әркеттерін толық орындаса да қажылықтың рухына сәйкес келмейді. Өйткені амалы дұрыс болғанымен ниет басқа.

Бес парыздан өзге қосымша ғибадаттарды алар болсақ, құрбан айтта құрбан шалу. Құрбан иесі қойдың қошқарын, қара малдың ірісін, түйенің атанын сойса, бірақ онысы ет жеу мақсаты немесе мақтаныш үшін болса сауаптан бұрын етке ғана қарық болады. Шариғатта көрсетілгендей бірігіп шалынатын құрбандықтың да шарты ниетке аса байланысты. Жеті адамға дейін бірігіп қара мал не түйе шалынатын болса, оның қабыл әрі сауаптан болуы үшін, қосылған әр адамның ниетін түзеп алуы қажет. Егер арасындағы бір адамның ниеті Алла разысы үшін емес, ет үшін ғана болса, жетеуінің де құрбандығы сауаптан зая кетіп, құр адал ет болып қала береді.

«Бір кісі құрбан шалу үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді»[9]

Имам Науауи өзінің хадис жинағын ниет туралы хадистен бастауы бекер емес. Сол ең алғашқы хадисте Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  былай дейді:

إنَّمَا الْأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى،

«Амалдардың қабыл болуы әрі сауапты болуы ниетке байланысты. Кімде кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады».[10]  

Қандай амал жасалса да Алла тағала оның қалай жасалғаны мен жақсы нәтижесіне ғана емес, оның қандай ниетпен жасалғанына қарай сауабын береді. Хадисте айтылғандай Алла тағала:«Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін»[11] деуі де соған саяды. Өйткені адам күні бойы аш жүргені сырт көзге ораза болып көрінуі мүмкін, бірақ оның жүрегіндегісін Алланың өзіне мәлім және оның ниетінің деңгейін Өзі өлшеп, қарымын Өзі ғана бере алады.

Намазымыз болсын, оразамыз болсын немесе зекет пен қажылығымыз болсын, Алла тағала оның сыртқы бейнесіне ғана емес ішкі ниетіне аса назар аударады. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  айтқан хадисте, былай дейді:

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ : قَالَ رَسُولُ اللهِ صلى الله عليه وسلم : إِنَّ اللَّهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ.

«Шын мәнінде Алла сендердің келбеттеріңе, байлықтарыңа қарамайды, Алла сендердің жүректеріңе, амалдарыңа қарайды»[12]

Бір ұстаз шәкіртеріне ниетке байланысты дәріске мынадай оқиғаны айтып берді:

«Бір атты адам өзен жағалап келе жатып, бір көлеңкелі, көк майсалы жерге тоқтады. Атын байлайтын ағаш жақын жерден таба алмай, сол жерге бір ағашты қазық етіп қағып, атын байлады. Кетерінде басқа жолаушыларға да қазық болсын деп, солай қалдырды.

Ал екінші бір жолаушы келе жатып, сол қазықты байқамай оған шалынып қалды. Мына жерде басқа біреуге зияны тимесін деп, оны сурып алып тастады. Ал енді қайсысы дұрыс жасады, қайсысы бұрыс жасады? – деген сұрақ қойды. Сонда әр қайсымыз әртүрлі жауап қайтардық. Бірі қазықты қағушы ат байлауға қалдырғаны үшін сауапты болды, екіншісі оны алып тастап қателік жасады, оған сауап жоқ десе, екінші бір шәкірттер екіншісінікі жөн, өйткені ол басқаларға кедергі болатын нәрсені алып тастап, бірінші жолаушының қателігін түзеді деп жамырасты. Сонда ұстаз: «Әр бір амал ниетке байланысты. Кім не нәрсеге ниет етсе, соның сауабын алады» деген хадисті түсіндіріп, екі адамның да өз ниетіне байланысты сауабын алатынын айтты.

Сондықтан Алла бір адамның істеген ісіне ғана қарап баға беруден бұрын, оның қандай ниетпен жасағанын біледі. Ал адам іс-әректке қарап қана бағалай алады.

Пайғамбарымызға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісі келіп:

 يا رَسُولَ اللهِ أَرَأَيْتَ رَجُلاً غَزَا يَلْتَمِسُ الأَجْرَ وَالذِّكْرَ مَا لَهُ؟

  Уа Алланың Елшісі, сондай бір адам болады, Алланың сауабынан үміт етіп, Ислам жолында соғысады, бір жағынан оны сол үшін мақтап, мадақтағанын қалайды– деді. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

لا شَىْء لَهُ

«Оған ешқандай сауап жоқ» деді.

فَأَعَادَهُ ثَلاثًا كُلُّ ذَلِكَ يَقُول

Ол кісі осы сұрағын үш рет қайталап сұрағанда да осылай жауап беріп, үшіншісінде былай деп қосты:

“إِنَّ اللهَ لا يَقْبَلُ مِنَ الْعَمَلِ إِلاَّ مَا كَانَ خَالِصًا لَهُ وَمَا ابْتُغِيَ بِهِ وَجْهُه

«Ақиқатында Алла тағала шынайы Алланың ғана разылығы үшін болмаған амалды қабыл етпейді»[13] деді.

Тіпті өзіне қауіп-қатер төніп тұрған соғыс майданында жүрген адам да ниетінің нәпсі қалауына бұрылғаны үшін де, амалының зая кететінін ескерсек, күнделікті мамыражай тіршілігіміздегі құлшылықтарымыздың ниетінің түзу болуы аса маңызды екенін осы хадистен байқаймыз.

Сондай ақ біреудің амалының әлсіздігіне немесе қателік-кемшілігіне қарап оның ниетінің қандай деңгейде екенін де адам сырттан біле алмайды. Ниет тек Аллаға және адамның өзіне ғана аян нәрсе. Мен мұсылманмын деп айтқан кісіге сенің ниетің жоқ деп те жазғыра алмаймыз. Намаз оқыған кісіні де ниетің дұрыс емес деп те айта алмаймыз, ораза ұстаған мұсылманның кем тұсын байқап, ниетісіз ұстадың деп те күдіктене алмаймыз. Сол сияқты зекет беруші мен қажылық жасаған адамды да мақтан үшін жасадың деп ренжіту дұрыс емес. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, ниет, ықылас және иманының  дәрежесі Алла мен пендесі арасында бір сыр болып қала бермек.

Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы Усама ибн Зәйдтің басынан өткен оқиға оған және кейінгілерге өмірлік сабақ болды. Ол кісінің баяндауы бойнша: «Алланың Елшісінің тапсырмасы бойынша Жуһанна тайпасының әл-Хурақа руына қарсы жорыққа шыққанымызда, құдықтарының қасында тұтқиылдан шабуыл жасадық. Ансарлық екеуіміз олардың біреуін қуып жеттік. Ұстап алып мойнына қылышымды тақағанымда ол: «Лә иләһа иллаллаһ», – деп кәлимасын айтты. Мен оған қарамай өлтірдім. Мәдинаға оралғанда, бұл туралы Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) естіп: «Әй, Усама, шынымен-ақ, сен «Лә иләһа илла Алла» деген адамды өлтірдің бе?»- деп сұрады. Мен: «Уа, Алланың Елшісі, ол мұны қылышымнан қорқып айтты»,- дедім, Пайғамбарымыз(Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ол мұны шын жүрекпен айтты ма, жоқ па, қайдан білдің? Әлде, жүрегін ашып көріп пе едің?!» – деп ашуланды»[14]..

Имам әл-Хаттаби бұл оқиға туралы «Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әлде, жүрегін ашып көріп пе едің?» – дегені адамдарға сыртқы келбетіне, іс-әрекетіне ғана қарап баға беру қажет екендігінің, ал жүректегі құпиясын Алла ғана білетіндігінің дәлелі»,-деп түсіндірді.[15]

وَلِلَّهِ الْمَشْرِقُ وَالْمَغْرِبُ ۚ فَأَيْنَمَا تُوَلُّوا فَثَمَّ وَجْهُ اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ وَاسِعٌ عَلِيمٌ

Шығыс, батыс әр тарап Аллаға тән. Сондықтан қай жаққа бет қаратсаңдар да Алланың жүзі (ризалығы) сол жақта. Расында Алла (Т.) өте кең, толық білуші. (Егер қыблаға қарау қауіп-қатерлі болса, бет алдына қарап намаз оқуға болады).[16]

Намазда қыблаға бет қаратып тұру бекітілген, бұлжымас парыз. Дегенмен қыблаға қарауға бір себептермен қиындық туып, мысалы көліктегідей мүмкіндік болмаған жағдайда, бұл құлшылық басқа тарапқа қарап та орындала береді. Бұл жерде маңызды болған нәрсе әрекеттен көрі ниеттің басымдылығын білдіреді.

Алла Тағала қиямет күні сақтаушы періштелеріне: «Бәленше деген құлымның амал дәптеріне мынаны мынаны жаз деп бұйырады. Періштелер: Уа, Раббым, бұл құлдың ондай бір нәрсесін сақтамадық. Дәптерімізде ондай нәрсе жоқ дегенде, Алла: «Құлым бұл нәрселерді мүмкіншілігі болса істеуді ниетіне алған еді», – деп жауап береді

Осыдан келіп шығатын мағынада, әрбір мұсылман бір игі істі шынайы ниет етсе, оны іске асыра алмаса да оған сауабы жазылатынын білеміз. Мысалы, «байлығым болса зекет берер едім» – деген ниетпен өмір сүріп, сол күйінде байлыққа қолы жетпей өтсе де зекет бергеннің сауабына ие болады деген сөз. Ал керісінше, қолынан келе тұра тек ниетпен өмір сүру, бос қиял мен өзін-өзі алдау ғана болмақ. Дәулеті мен шамасы жете тұра, Алланың берген нығметін Алланың өзінен қызғанып, зекет беруге, қажылыққа баруға талпынбаса, оның ниетінің пайдасы да шамалы. Мәселен намаз оқу әрбір мұсылманның қолынан келетін іс. «Намаз оқысам ғой деген ниетім бар, бірақ пәлен де түген толып жатқан кедергілер бар» деп сыныққа сылтау іздеу шынайы ниетке жатпайды.

Жоғарыда атап өткеніміздей Алланың бергенін Алла жолында жұмсау  құлшылықтарымыздың бір жолы, Алланың жақсы көрген амалы. Байлығын қалай жұмсаса да адамның өз еркі. Бірақ оның есебі бар екенін ұмытпағаны да абзал. Адам баласы байлық пен мал-дүниені армандағанымен әртүрлі ниетпен тілеуі мүмкін. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  өзінің бір хадисінде байлықты иемденіп оны дұрыс пайдалана білу білім мен ниетке байланысты екенін былай түсінідіріп кеткен:

Әбу Қабши Омар ибн Саъд әл-Анмари р.ъ. : «Мен сендерге бір өсиет айтамын, оны еске сақтап алыңдар. Өмірде төрт түрлі адам болады:

«Біріншісі; Алла тағала оған байлық та білім де берген. Байлығы болса да Алладан қорқады. Туыстық қарым-қатынасты сақтайды. Алланың берген дүниесін Алла үшін қалай жұмсау керегін біледі. Ол ең қайырлы жағдайда болады.

Екіншісі; Алла тағала білім беріп, байлық нәсіп етпеген адам. Ол айтады: «Егер маған дәулет бітсе, мен сондай адамдар сияқты жасар едім» деп, бірінші жағдайдағы адамның ісіне қызығады. Оның ниетіне қарай сауабы бар.

Үшіншісі; Алла тағала байлық беріп білім бермеген адам. Ол Алланың бергенін қалай болса солай жұмсайды. Алланың бергенін алып тұрып Раббысынан қорықпайды.Туыстық қарым-қатынасты үзеді. Алла берген несібесінен Алла үшін бір үлес бар екенін білмейді. Олар ақиретте қиын жағдайда болады.

Төртіншісі; Алла тағала оған байлық та білім де бермеген. Ол білімсіздігімен менде байлық болса үшінші кісідей жасар едім деп үшінші түрлі кісінің ісіне қызығады. Сол ниеті үшін ақиретте оған игілік жоқ. Үшінші түрлі кісінің көретінін көреді»[17].

Әрбір ісіміз құмға сіңген судай пайдасы мен нәтижесін көріп, жемісін жей алмасақ, бар еңбегіміз зая болып, ахиреттің күнінде өкініште қалардай қауіп. Бір амалды жасар алдын, оны не үшін, кім үшін жасайытынымызға көңіл бөлуіміз керек. Ниетіміз Алланың разылығы үшін болса, оның қайырымын бұл дүниеде ғана емес, ақыретімізде де көруге үміттенеміз. Пайғамбарымыз Мұхаммад Мұстафа (Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

نِيةُ الْمُؤْمِنِ خَيْرٌ مِنْ عَمَلِهِ إِنَّ اللهَ عَزَّ وَجَلَّ لَيُعْطِي الْعَبْدَ عَلَى نِيَتِهِ مَا لَا يُعْطِيهِ عَلَى عَمَلِهِ وَذَلِكَ أَنَّ النِّيةَ لَا رِيَاء فِيها وَالْعَمَلُ يُخالِطُهُ الرِّياء

«Мүминнің ниеті амалынан жақсы. Алла ешбір күмәнсіз құлына амалына қарап бермегенді ниетіне қарай береді. Өйткені ниетте рия болмайды. Керісінше амалға рия араласып кетеді»[18] деген.

وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا فِي قُلُوبِكُمْ وَكَانَ اللَّهُ عَلِيمًا حَلِيمًا

«…Алла жүректеріңдегінің бәрін біледі. Алла – Алим (бәрін білуші), Халим (құлдары қанша жерден күнәға батса да өте сабырлы, сондай жұмсақ[19])

  Жақсы ойдың өзі қайырлы, ол да ниеттен туындайды. Алланың мейірімі мен рахымының кеңдігі сондай, жақсы ниетпен туындаған ойымызға да сауап жазады. Ал жамандықты ойлауымызға күнә жазбай, оны іске асырмайынша кешірім етеді екен. Ол турасында Ибн Аббас радиАллаһу ъанһудың Пайғамбарымыздан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткізген мына бір хадисінен түсіне аламыз:

إِنَّ اللهَ كَتَبَ الْحَسَنَاتِ وَالسَّيِّئَاتِ ثُمَّ بَيَّنَ ذَلِكَ فَمَنْ هَمَّ بِحَسَنَةٍ فَلَمْ يَعْمَلْهَا كَتَبَهَا اللهُ عِنْدَهُ حَسَنَةً كَامِلَةً، فَئِانْ هَمَّ بِهَا فَعَمِلَهَا كَتَبَهَا اللهُ عِنْدَهُ عَشْرَ حَسَنَاتٍ إِلَى سَبْعِمِائَةِ ضِعْفٍ إِلَى أَضْعَافٍ كَثِيرَةٍ، وَإِنْ هَمَّ بَسَيِّئَةٍ فَلَمْ يَعْمَلْهَا كَتَبَهَا اللهُ عِنْدَهُ حَسَنَةً كَامِلَةً، فَإِنْ هَمَّ بِهَا فَعَمِلَهَا كَتَبَهَا اللهُ عِنْدَهُ سَيِّئَةً وَاحِدَةً  مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ

Ибн Аббастан келген бір хадисте:

«Ақиқатында Алла тағала бізге сауапты іс жасауды да күнәлі іс жасауды да жазған. Кімде кім жақсылық жасауды ниет қылып, бірақ оны іске асыра алмаса да, оған толық бір жақсылық амалдың сауабын жазады. Сондай-ақ жақсылықты ниет етіп, онысын іске асырар болса, оған оннан жеті жүзге дейін, тіпті одан көп сауап жазуы мүмкін. Ал кімде кім бір жамандыққа ниеттенсе, бірақ Алладан қорқып оны іске асырмаса, оған бір сауап жазылады. Сондай-ақ онысын іске асырар болса, сол істеген бір күнәсін ғана жазады» деген.  

Иман мен ниеттің орны жүрек. Жүрегіміздің дұрыс болуы барша амалымыздың түзелуіне, амалымыздың түзелуі адамдығымыздың кемелденіп, Аллаға жақын шынайы құл болуымызға жетелейді. Алланың шынайы ниетті құлдары Өзі уәде еткен жәннәтқа лайықты болады. Сондықтан да мұсылман үшін ең құнды болған, баға жетпес байлығымыз болған иманымыз бен ықылас-ниетіміздің алтын сандығы – жүрегіміз дұрыс әрі таза болуы басты мәселе!

إِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ وَإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ أَلا وَهِيَ الْقَلْبُ

«Ақиқатында денемізде бір ет бар. Егер сол ет сау болса, бүкіл денеміз сау болады, ал егер ол бұзылса, адам да бұзылады. Ол жүрек»[20] деген екен, ардақты Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм.

Уағыздан алынар тағылымдар:
  • Адамзат құлшылық үшін жаратылған;
  • Құлшылықты кемеліне келтіріп орындау мұсылманның міндеті;
  • Құлшылық тікелей ниетке байланысты;
  • Мұсылманның амалынан ниеті қайырлы;
  • Жақсы ой – жарым ырыс;
Ниетіміз бен амалымыз сәйкес болып, құлшылылығымызды Алла қабыл етсін!

اللَّهُمَّ لَا تَدَعْ لَنَا ذَنْبًا إِلَّا غَفَرْتَهُ وَلَا هَمَّا إِلَّا فَرَّجْتَهُ وَلَا دَيْنًا إِلَّا قَضَيْتَهُ وَلَا حَاجَةً مِنْ حَوَائِجِ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ إِلَّا قَضَيْتَهَا يَاأَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ *

رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ وَصَلَّى اللهُ عَلَى سَيِّدِنَا وَنَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الأَخْيَارِ وَسَلَّمَ تَسْلِيمًا كَثِيراً.

 

 


 

 

[1] «Зәрият» сүресі 56 аят

[2] «Бақара» сүресі 21аят

[3] «Хужурат» сүресі 14 аят

[4] «Мәъун» сүресі  4-6 аяттар

[5] Имам Бұхари, Мүслим риуаят еткен.

[6] «Бақара» сүресі, 274-аят

[7] «Бақара» сүресі, 271- аят

[8] «Бақара» сүресі, 196-аят

[9] «Ислам ғылымхалы» 

[10] Бұхари, Муслим хадистер жинағы

[11] Бұхари, Муслим

[12] Муслим хадистер жинағы

[13] Нәсәий және Әбу Дәуд хадистер жинағы 

[14] Бұхари, Муслим

[15] Маъалим ас-Сунан. aqmeshit.kz

[16] «Бақара» сүресі 115аят

[17] Тирмизидің хадис жинағы

[18] Дәйләмидің хадис жинағы

[19] «Ахзаб» сүресі, 51-аят

[20] Хадис. Бұхари мен Муслимнің жинағы