Алдымен он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушы Иемізге сансыз мақтау мен мадақтар болсын! Сонымен қатар, екі дүниенің сардары, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ) сансыз салауаттар мен сәлемдер болғай.
Сынаптай сырғыған уақытпен ілесіп, Жаратушы иеміздің қалауымен қасиетті Ережеп айына аман-есен жетіп отырмыз. Биыл қадірлі Ережеп айы наурыз айының 8-ші жұлдызынан бастау алды.
Тәңірдің бізге берген Тәуелсіздік сыйының себебімен жоғалуға аз қалған рухани байлығымызға қайта қол жеткіздік. Тұғырлы тәуелсіздігімізбен бірге қайта қауышқан жауһар құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі ретінде дінімізде бекітілген қасиетті күндер мен шұғылалы түндер екенін ерекше атауға болады. Анығында, Құран мен сүннетте белгіленген иләһи шақтар – адамзат баласы үшін бақыт қақпасының, яки, кемелділіктің кілті іспетті. Ендеше, қасиетті айлардың хикметі мен алдағы күндері қауышатын Рағайып, Миғраж кештерінің рухани сырына аз-кем тоқталып өтсек.
Исі мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті төрт ай бар. Сол ұлық айлардың бірі – Ережеп. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардан төртеуі құрметті айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық етпеңдер», – делінген.
Сондықтан Ережеп айының барша мұсылмандар үшін орны бөлек. Алланың айы саналатын Ережеп айында қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз. Алладан шын кешірім сұрап, тәубесіне келген пенденің дұға-тілектері мен құлшылықтарын қабыл етеді.
Ережеп – ең ұлық ай. Өйткені, бұл Алланың айы. Оған дәлел Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) бір хадисінде былай келеді: «Ережеп – Алла тағаланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмбетімнің айы». Көптеген ислам ғұламалары бұл қасиетті айларды былайша жіктеген: «Ережеп – құрмет айы, Шағбан – қызмет айы, Рамазан – нығмет айы» немесе «Ережеп – ғибадат, Шағбан – тақуалық, Рамазан – осы екеуінің жемісін арттыратын ай» немесе «Ережеп – егін салу, Шағбан – суғару, Рамазан – ору», т.б.
Пайғамбарымыздың (ﷺ) айтады: «Кімде-кім қасиетті (харам) айларда (Зулқағда, Зулхижжа, Мұхаррам және Ережеп) үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадаттың сауабы жазылады». Хадисті риуаят еткен Әнәс ибн Мәлик (р.а.) бұл хадис жайлы «Егер осы хадисті Пайғамбарымыздың аузынан естімеген болсам, керең болайын», – деген екен. Пайғамбардың бұл сөзі Ережеп айын құлшылықпен өткізген пендесіне Алланың жақсылығы мол келетіндігін байқатуда.
Осы айда ұстаған нәпіл оразаның сауабының көптігі жайындағы хадисте: «Шындығында, жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады», – делінген. Алла Елшісі (ﷺ) тағы бір хадисте: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді», – деп айтқан.
Ережеп айында қасиетті түн бар. Ол – Миғраж түні. Миғраж – Ережеп айының 26-нан 27-сіне (сәуір айының 2-нен 3-не) қараған түн. Миғраж оқиғасы хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. «Миғраж» сөзі «жоғары шығу», ал «Исра» сөзінің мағынасы «түнгі сапар» дегенді білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде Миғраж оқиғасын былайша баян етеді: «Құлын (Мұхаммедті ғ.с.) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Масжид Харамнан біз айналасын мүбарак қылған Масжид Ақсаға апарған Алла, әртүрлі кемшіліктен пәк. Шәксіз, Ол естуші, білуші» («Исра» сүресі, 1-аят).
Қорыта айтқанда, Хақ Елшісінің (ﷺ) өзі Ережеп, Шағбан, Мұхаррам, Шәууал айларында ауыз бекітіп, руханиятқа ерекше көңіл бөлген. Ережеп айының жұлдызы туғанда, Парасат падишасы (ﷺ): «Уа, Ұлы Жаратушы! Ережеп пен Шағбан айларын берекелі ете көр! Бізді қасиетті Рамазанға аман есен жеткізгейсің!» деп дұға жасаған. Сондай-ақ, Алла Елшісі (ﷺ) Ережеп пен Шағбан ұдайы ауыз бекітіп, нәпіл ғибадаттарды молынан атқарған.
Ақиқаттың ақжал толқыны сахабалар да осы мезгілде бір ерекше қарқынмен құлшылық жасайтын. Парызбен қоса нәпіл құлшылықтарын орындап, жоқ-жітікке, жетімдер мен кембағалдарға қол ұшын созып көмектесетін. Сол үшін исі мұсылман жұрағаты мұндай қасиетті айларды құр жібермей, қадір-қасиетін бағалап, бейне құлшылық пен ізгілік жасауда жарысқан жандардай күй кешкені жөн.
Ережеп айының келуімен алдағы Рамазан айының да лебін сезе түсеміз. Рамазан айына деген рухани дайындығымызды пысықтай түсуде Ережеп айының берері мол. Өйткені, ережеп – Алладан келер жақсылықтың бастамасы. Алла елімізге осы айдың берекесін нәсіп етсін. Жұрт тыныш, ел аман, дініміз бүтін, халқымыз аман болғай!