Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы тарапынан еліміздегі мешіттерге берген тапсырмаларының төрт бағытының бірі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру. Осы орайда ҚМДБ ның Семей аймағы бойынша өкілдігі мен Зекет қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Дін мемлекеттің тірегі» атты қайырымдылық акциясын Семей қалалық Бір мұнаралы « Тас» мешітінде өткізді. Өкіл имам Алтыбай Мақсат Қуанышұлы аталмыш шараның маңыздылығына тоқталып, мұндай сауапты істердің қоғамдық маңызы зор екенін, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар!» деген сөзін ұмытпауымыз керек. «Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлердің бірі – жылу жинау. Ағайынның, ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс – аяқ, киім – кешек, көрпе – төсек апарып, қол ұшын созған», – деп дәстүріміздегі қайырымдылық негізгі қасиеті. Сондықтан да Алланың берген рызығынан аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсасақ, қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөзсіз. Қаламыздағы көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған бес жүзден астам отбасыға күнделікті тұрмысқа қажетті 16 тоннадан астам азық түлік үлестірілді. Мешіт жанынан құрылған «Жастар бөлімі» имамдарға жәрдемдесіп, азық-түліктерді бірге таратысты. Осындай ізгілікті шара алдағы уақыттарда да өз жалғасын таппақ.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.