Семей қалалық Шәкәрім қажы мешітінде аудан-қала имамдарының басын қосқан жиын болып өтті. Онда ҚМДБ – ның Семей аймағының өкілі Алтыбай Мақсат Қуанышұлы жергілікті имамдарды жақында Діни басқармада өткен төралқа шешімдері жөнінде хабардар етті. Діни басқарманың уағыз-насихатты жандандырып, жат ағымдармен күресті ширата түсу жөнінде тапсырмалар және Рамазан айы туралы бүктеме-парақшалар дайындау, Оразаға қатысты негізгі сұрақтарға жауап ретінде жазылған кітапшалар тарқату, қасиетті айдың сәнін келтіру мақсатында билборд, банерлерге құттықтау сөздер жазу міндеттелді. Әсіресе, діни насихатты бұқаралық ақпарат құралдары мен әртүрлі сайттар арқылы жүргізудің жай-жапсары да тілге тиек етілді. Сонымен бірге, бұл бас қосуда алдағы Рамазан айын қарсы алуға дайындық мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Рамазан айында мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек жасау, мешіт тарапынан ауызашар ұйымдастыру, халық арасында ауызбіршілік, имандылық үгіт насихатты күшейту. Имамдарға Діни басқарма міндеттерінен туындайтын тапсырмалар беріліп, діни насихатты өрістету маңызды екенін айрықша тапсырылды. Рамазан айындағы сауапты да жауапты істеріне Алла жеңілдігін берсін деген ниетте тарқасты.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.