Құрметті жерлестер!
Баршаңызды қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!
Рамазан – қасиетті Құран кітабы түскен мүбәрак ай. Сондықтан, әрбір мұсылман бұл айға ерекше құрмет көрсетіп, ораза ұстап, мейірімділік пен қайырымдылықты осы айда барынша көбірек жасағаны абзал.
Ұлы Жаратушымыз: «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді», – дейді қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресінде.
Оразаның басты мақсаты – нәпсіге тежеу салып, рухты көркем мінезге тәрбиелеу. Ал нәпсі – бойдағы құмарлық сезім. Исламның бір ғұламасы: «Кімде-кім өз еркімен нәпсісіне ие болса, онда ол адам өзін әлемдегі ең бақытты адам санасын» – деген екен. Аштық, шөл адамды төзімділікке, мейірімділікке тәрбиелейді. Және де ораза амалының сауабы шексіз.
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ұлылығы шексіз Алла Тағала: «Құлым ас-ауқаттан, сусыннан және нәпсінің қалауларынан тек Мен үшін бас тартады. Сондықтан оның сауабын Өзім беремін. Әрбір жақсылыққа он есе сауап жазамын», – деп айтты» – деген.
Ислам діні адамдарды әрдайым мейірімділікке, қайырымдылыққа шақырады. Мүбарак айда жетім-жесірлерге, мүскіндерге қолдан келгенше көбірек қолдау көрсету керек. Барлық мұсылман қауымын осындай ұлағатты істі қолдап, барынша көмек қолын созуға шақырамыз.
Еліміздің береке-бірлігі мығым болып, Алла Тағала елімізге мол ырыс, бақ-береке нәсіп етсін! Алла ризашылығы үшін тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын!
Құрметпен, Мақсат қажы Алтыбай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Семей өңіріндегі өкіл имамы.