Семей қаласында жаңа мешіт ашылды

Қасиетті он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айының қарсаңында Шығыс Қазақстан Облысы Семей қаласында  “Әлихан Бөкейхан” атындағы зәулім мешіттің ашылу салтанаты болып өтті.

Алла үйінің ашылу салтанатына арнайы қадірменді қонақ ретінде  ҚМДБ-ға қарасты Нұр Мүбарак Египет университетінің ректор кеңесшісі Ержан қажы Малғажыұлы  және Семей қаласының әкімі Салимов Ермак арнайы қатысты.

Ресми ашылу салтанаты қасиетті Құран оқумен басталды. Құранды Қос мұнаралы орталық мешітінің ұстазы Ахмет Кучукбас оқыды. Алла үйінің ашылу салтанатын Мұқашев Еркебұлан жүргізіп отырды.

Алғашқы сөз алған  Ержан қажы Малғажыұлы жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтады. Оның бірі Алла үйінің ашылуы, екіншісі Қасиетті он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айымен барша мұсылман қауымды құттықтады.

Жиын соңында Семей аймағы бойынша өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы жаңа мешіттің имамы Қадыров Тоқтар Майқыұлына қасиетті Алланың тоқсан тоғыз есімі жазылған сыйлықты  сыйға тарту етті және осы мешітті салуға ат салысқан кәсіпкерлерді өкіл имам алғыс хатпен марапаттады.  Мешітте алғашқы сәлем намазы оқылды.

Алла Тағала мешіт салған азаматтарға разы болып, құтты етсін!

 

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.