Семей қаласы жұртшылығы таң атысымен орталық «Қос мұнаралы» мешітіне лық толды. Қасиетті мерекені қарсы алып, сәждеге бас қоюға мұсылман қауым қаламыздағы мешіттерге жиналды. Семей мешіттері жамағатқа лық толып, ине шаншар орын болмады. Олардың арасында жастардың көптігі әрине бізді қуантты. Исламның ұлы мерекелерінің бірі саналатын һәм адам баласын мейірімділікке бөлеп, бауырмалдыққа шақыратын Құрбан айт мейрамы – сонау ықылым заманнан бері адамзат өркениетінде өзіндік ізін қалдырып келеді.
«Құрбан» және «айт» сөзінің мағынасы қандай? Осыған кідіріс етсек. «Құрбан» төл сөзімізде «жақындау», «жақын болу», «Аллаға жақындауға себеп болған нәрсе» дегенді білдірсе, «айт» сөзі «мереке», «мейрам», «қуаныш» мағынасын береді. Ал, құрбанның шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Демек, Құрбан айт – жер бетіндегі жұмыр басты әрбір мұсылманның ерекше атап өтер ұлық мейрамы. Айт намазына жиналған қауымға Семей аймағы бойынша өкіл имамы Мақсат Алтыбай ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің Құрбан айт мерекесіне арналған құттықтауын жеткізді. Одан кейін мешітке жиналған жамағатқа «Ұлық мереке – Құрбан айт» тақырыбында мазмұнға толы уағыздар мен Құрбан айттың қасиеттері мен айтта орындайтын ізгі амалдарға кеңінен тоқталып өтті.
– Құрметті жамағат, Алла Тағала жасаған жақсылықтарыңызды, ақ ниеттеріңіз бен шынайы пейілдеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Алла Тағала отанымызға әрқашан береке-бірлік берсін, отбасыларыңызға амандық, саулықты нәсіп еткей. Алла Тағала айттан айтқа аман-есен жетуге жазсын, – деп Семей аймағы бойынша өкіл имамы Мақсат Қуанышұлы ізгі тілегін білдірді. Қала басшысы Ермак Бидахметұлы мұсылмандардың төл мерекесі – Құрбан айт күнімен құттықтап, ұлық мереке аясында мұқтаждарға жәрдем беру, қайырымды болудың ерекше маңыздылығы, адамгершілік пен асыл қасиеттер ислам қайнар бұлағында екендігіне тоқталды.
Айт намазы оқылғаннан кейін жұртшылық бір-бірінің қолын алып, қапсыра құшақтап құттықтасып жатты.
Қала әкімі Ермак Бидахметұлы құрбандық шалып, Семей аймағының өкіл имамы Мақсат Қуанышұлы бата жасап, шалған құрбандықтары мен жасаған амал-әрекеттерінің қабыл болуын тіледі.
Келесі Құрбан айт мерекесіне отанымыз тыныш, бірлігіміз бекем болып, аман-есен жетейік!
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі