Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен Батыржан Мансұров ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
«Мансұров Батыржан Берденұлы Атырау облысы бойынша өкіл имамы және Атырау облыстық орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы қызметтерінен босатылып, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігіне «Насихат және қоғаммен байланыс» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын», – делінген бұйрық мәтінінде. Бүгін ҚМДБ Орталық аппаратының кезекті мәжілісінде Серікбай қажы Сатыбалдыұлы Батыржан Берденұлын мүфтият ұжымына таныстырып, насихат жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті.
Мәжілісте сөз алған Бірінші наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфтидің бұл шешімі ҚМДБ қызметіне, оның ішінде қоғаммен байланыс, ағарту жұмыстарына серпін беретінін тілге тиек етті.
Батыржан Берденұлы Мансұров
1995-2000 жылдары Халықаралық Қазақ-Араб (қазіргі Отырар атындағы университет) университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті және араб тілі» мамандығы бойынша оқыды.
1996-1997 жылдары Түркия Республикасы, Стамбұл қаласында «Йассауи» атындағы Құран курсында білімін жетілдіріп қайтты.
2000-2003 жылдар аралығында жоғарыдағы университеттің «Араб тілі және дінтану» факультетінде практикалық қазақ тілі пәні мен араб тілінің морфологиясы бойынша оқытушылық қызмет атқарды.
2003-2005 жылдар аралығында Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін араб тілі, филология мамандығы бойынша магистр біліктілігі мен академиялық дәрежесін толық аяқтады.
2005-2006 жылдары осы университетте араб тілі пәні бойынша оқытушылық қызмет атқарды.
2006 жылы Мысыр Араб Республикасының Каир қаласында араб тілі бойынша тіл дамыту курсында білімін жетілдіріп қайтты.
2006-2011 жылдар аралығында рухани-танымдық, діни, тарихи-мәдени «Рахмет Самалы» журналында бас редактор және «Хикмет» ЖШС баспа үйінің директоры қызметін атқарды.
2010-2013 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «филология» факультетінің докторантурасында оқып, РhD докторы ғылыми атағын алды.
2012 жылдың мамыр айынан бастап ҚМДБ-ның бұйрығымен Алматы қаласы «Таугүл-3» мешітінде наиб имам және Алматы облысы Шамалған медресесіне қарасты Талғар ауданы «Мұрат Төреқұл» атындағы қарилар дайындайтын дайындық бөлімінде директор болып жұмыс істеді.
Бірнеше мемлекеттік және ұйымдық марапаттар мен алғыс хаттарға ие. Діни төрт кітаптың авторы. Жүзге тарта діни-рухани мақалары жарыққа шыққан.
2013 жылдың қараша айынан бастап күні бүгінге дейін 6 жыл бойы Бас мүфтидің ҚМДБ-атырау облысы бойынша өкілі және Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы қызметін абыроймен атқарды.
Батыржан Берденұлы Мансұров сонымен қатар ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі болып саналады.
Отбасылы, 4 баланың әкесі.