«ӘЛ АЗҺАР» УНИВЕРСИТЕТІ ҒҰЛАМАЛАРЫНЫҢ КАРАНТИНГЕ ҚАТЫСТЫ ПӘТУАСЫ

Әлемге әйгілі «әл Азһар» университетінің ғұламалары мешіттердегі жұма және бес уақыт намаздарының жамағатпен шоғырланып оқылуының уақытша тоқтатылуына байланысты арнайы пәтуа шығарды.

Пәтуа қазіргі кездегі дүниежүзіндегі пандемия деңгейіндегі коронавирус дертіне байланысты шығарылды. Дәрігерлер аталмыш вирустың тез және жеңіл таралуы бойынша дерттің қауіптілігінің жоғары деңгейде екенін мәлімдейді. Науқастанған адам өзінің ауру жұқтырғанын білмейді, сол себепті аурудың ары қарай таралуына себепші болады.

Шариғатымызда көзделген аса маңызды мақсат – адамдарды қауіптен сақтандыру. Ғұламалар кеңесі шариғат жауапкершілігін негізге ала әрі шариғи ілімге сүйене отырып келесі пәтуаны шығарды. Вирустың таралуына жол бермеу мақсатында бес уақыт намаздың жамағатпен шоғырланып оқылуын тоқтатуға рұқсат екенін мәлімдеді.

Жастар мен жасөспірімдер үшін намазды үйлерінде оқу міндеттеледі. Мемлекет жариялаған сақтық шараларына барынша құлақ асу және оны мейілінше жауапкершілікпен орындау – әрбір азаматтың міндеті. Барша намазхан бауырларымызға намазға шоғырланып келуден (жұма және бес уақыт намаздарына мешіттерге барудан) бас тарту ұсынылады. Қазіргі кезде бұл дерттің әлемде пандемия дәрежесінде жарияланғанынан кейін қауіптің алдын алуға бағытталған шараларды жүзеге асыру баршамыз үшін міндетті саналады.

Жұма және бес уақыт намаздарды уақытша тоқтатуға болатыны жөнінде шариғаттан келесідей дәлелдер ұсынылады: Абдулла ибн Аббас жаңбыр нөсерлетіп жауған күні мешіт азаншысына: «Ашхаду анна Мухаммадур расулуллла» дегеннен соң «хая ала салати» орнына «намазды үйлеріңде оқыңдар» деп айтыңдар депті. Жамағат бұған қарсы шықты. Сонда ол: «Бұлай менен де абзал болған кісі (Алла елшісі Мұхаммед) істеген. Жұма намазы ғибадат қой. Сендердің езілген лай мен балшықтың үстінде былғанып жүргендеріңді қаламаймын» деп жауап берген екен. Бұл дәлелде жамағатпен намазды оқуға кедергі болып тұрған жаңбыр екенін аңғаруға болады. Өз кезегінде әрине вирустың қауіптілігі жаңбырдан әлдеқайда жоғары.

Жамағатпен шоғырланып оқымауға рұқсат етілу аурудың тікелей жайылуының алдын алу мақсатында болса, бұл дәлелде шариғи ақыл мен фиқхи негізі бар екені анық. Қауіптілікті жан-жақты ескерер болсақ, төрт рәкағат бесін намазын мешітте жамағатпен шоғырланып оқығаннан гөрі үйіңізде немесе адамдар шоғырланбаған жерлерде оқыса болады.

Шоғырланып жұма намазын және бес уақыт намаздарды оқуды үзірлі жағдайда тоқтатуға болатынын фиқх ғұламалары бірауыздан айтады. Отбасы мен адам денсаулығының амандығы үшін қауіптенудің үзірлі жағдай екендігі расталды. Әбу Дауд келтірген хадисте Ибн Аббас Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзін жеткізеді: «Азаншы намазға азан шақырса тек үзірлі адам келмесе болады». Сонда олар: «Үзір дегеніміз не?» – дейді. Ол: «…қауіптену және сырқаттану, осылай оқылған намаз қабыл емес», – деген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауызынан жағымсыз иіс шықан кісінің мешітке келіп, адамдарға зиян келтіруіне тыйым салған. Бұхариден келген хадисте Жабир ибн Абдулла Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді: «Кімде-кім пияз немесе сарымсақ жеген болса біздерден бөлініп тұрсын». Немесе былай деген: «Мешітімізге келмесін, үйінде оқысын».

Біздер бұл хадисте зиянның аз ғана түрін келтіріп отырмыз. Ол зияндық ауызды жуса кетеді. Соның өзінде намазға келмеуді бұйырады. Олай болса коронавирус пандемиясы қалай болмақ?! Қазіргі кезде бұл дерттің таралуының жылдам екендігі және үлкен апатқа апаратыны кеңінен айтылуда. Оны шегінен шығаруға себепші болудан Алла сақтасын!

Бүгінгі таңда бұл вирустың өте жылдам таралатыны және оны залалсыздандыратын вакцинаның жоқтығы баршаны алаңдатуда. Осындай себептер жан-жақты ескеріле отырып, жұма намазы мен бес уақыт намазға барудың үзірлігі айқындалып отыр.

Әл-Азһар ғұламаларының кеңесі келесі патуаларды берді: «Егер мемлекетте жамағатпен шоғырланып оқылған намаз вирустың таралуына себеп болса жамағатпен намазға уақытша бармауға рұқсат етіледі».

Сонымен қатар, кеңес тарапынан келесі мәселелер айтылды:

Мешіттерде азан айтылғанда «намазды үйлеріңде оқыңдар» деген сөздер қосылсын;
Отбасы мүшелері намазды үйде жамағат болып оқысын да, мешіттерде жамағат болып оқу мәселесі қауіптің басы қайтқанша тоқтатылсын;
Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустың таралуына қарсы ресми нұсқаулары толыққанды орындалсын. Осы орайда алыпқашпа жалған ақпараттың жайылуына жол берілмеуі қажет.
Ғұламалар кеңесі Алла Тағаладан дұға етті…