ОРАЗАНЫҢ АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ПАЙДАСЫ

Осыдан 1400 жыл бұрын мұсылмандарға ораза ұстау парыз болған кезде адамдар ауыз бекітудің денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігін түсінбеген еді. Басқа ағымдағылар оразаны адамға жасалған қиянат деп қабылдады. Сол кезеңде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсарады», – деп айтқан.

Бүгінгі дамыған медицина оразаның адам ағзасына келтіретін пайдасын анықтап, ашығу жолымен емдеу әдістерін тәжірибеге енгізді.

Кеңестік дәуірдің ғалымдары Николаев пен Нилов 1967 жылы

«Азық-түлік өнімдері» журналына жазған ғылыми еңбектерінде: «Қала экологиясының зардабынан бұзылған денсаулықты қалыпқа келтіру үшін және ағзадағы қалдықтардан, майлардан арылу үшін адам жылына 3-4 апта ашығу керек», – деп жазды.

Ашығу – адам ағзасына серпін беретін қуат. Жалпы, адам ағзасына сырттан тағам түспеген жағдайда бойдағы барлық қуат организмді зиянды микробтардан, қалдықтардан, ісік ауруларынан тазалауға бағытталады. Міне, оразаның бір қадір-қасиеті осында.

Бүгінгі заманда аштықпен емделу медицинаның белгілі бір ұстанымына айналды. Батыста ашығумен емдейтін арнайы клиникалар жұмыс істейді.

Медицина ғылымдарының докторы Роберт Бартлоу оразаның адам ағзасын қалдықтардан тазалайтынын және қатерлі ісіктерді алғашқы кезеңінде жойып жіберетіндігін тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Ол өз еңбегінде: «Ашығу арқылы ағзаны микробтардан тазалаудың мүмкіндігі мол», – деп жазады.

Ораза кезінде ішкі құрылысқа жиналып қалған майлар еріп, адамның иммунитеті күшейеді. Сонымен қатар, қан қысымы төмендеп, жүрек тынығады және қандағы холестерин мөлшері төмендеп, жүрек-қан тамырлары ауруларына деген қауіп-қатер азаяды. Ғалымдар ашығу арқылы қан құрамындағы қанттың, асқазан сөлі қышқылы мөлшерін ешқандай дәрі-дәрмектің көмегінсіз төмендетуге болатындығын дәлелдеп отыр.

Сонымен қатар, америкалық дәрігерлер 22-25 жастағы ораза ұстаған әйелдер тобын бақылауға алып, олардың қан плазмасының құрамындағы ұрықтану мен ұрпақ көтеру процестерін реттейтін прогестерон, пролактин гармондарының мөлшерін зерттеген. Нәтижесінде, плазма құрамындағы пролактин 80%-ға азайып, прогестеронның қалыпты мөлшері өзгермеген. Ал бұл пролактин мөлшерінің азаюуы бала көтермей жүрген әйелдердің жүкті болу қабілетін арттырады екен.

Адамның жүйке жүйесін қалыпқа келтіруде де оразаның маңызы зор. Адам ораза ұстау арқылы өзін төзімділікке, сабырлыққа тәрбиелейді. Медицина ғылымдарының докторы М.Могомедовтың айтуынша, Рамазан айында адамның биологиялық ритмі қайта қалыптасады екен. Ал, биологиялық ырғақ – биологияда – биологиялық процестер мен құбылыстардың қарқыны мен сипатындағы мезгіл-мезгіл қайталанып отыратын өзгерістер реттілігі. «Биологиялық сағат» қызметін атқарады да, организмнің уақыт пен кеңістікте бағдарлануына, қоршаған ортадағы өзгерістерге алдын-ала дайындалуға мүмкіндік береді.

Міне, дәл осы кезеңде адамның ас қорыту тракталарының жұмысы әлсіреп, күндізгі уақытта асқазан бездерінің жұмысы баяулайды. Сондықтан, Рамазан айында асқазан-ішек аурулары асқынуы мүмкін. Ал ауыз бекіту кезінде адам өмірінің барлық кезеңінде дамылсыз жұмыс істейтін асқазан оразаның арқасында орташа есеппен күніне төрт сағат тынығады.

Бүгінгі дамыған медицина көптеген аурулардың басты себебі – дененің ауруға қарсы тұру иммунитеттерінің әлсіреуі негізінен бауырға күш түсу деп біледі. Ал ораза болса, бір ай бойы бауырдың баяу жұмыс істеп, тынығуына мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, оразаның қант диабеті, асқазан жарасы, бүйрек-қуық, буын ауруларына таптырмас ем екендігін бүгінгі медицина дәлелдеп отыр.

 

Интернет материалдары арқылы дайындаған:

Дәулет Тілеуберді.