Мейірімді, Рахымды Алланың атымен бастаймын!
ҚҰРМЕТТІ, ЖАМАҒАТ!
Баршаңызды алда келе жатқан Ислам әлемінің ардақты мейрамы Ораза Айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ораза Айт – барша мұсылман қауымы үшін шаттық, қуаныш күні. Бұл күндері сауапты істерді молынан атқарып, міскіндерге, жетім-жесірлерге көмек көрсетіп, ата-аналарыңызға, туған-туыстарыңызға зиярат ету ізгі амалдан болып саналады.
Биылғы Рамазан айында әлемдегі қалыптасқан ауыр жағдайға қарамастан жамағаттарымыз Алла ризашылығы үшін ораза ұстап, көптеген сауапты шаралардың атқарылуына өз үлестерін қосты. Сын сағатында мешіт есігі уақытша жабылғанымен Рамазан айында мейірімділіктің, сауаптың есігі айқара ашылып, халқымыз береке-бірліктің, ұйымшылдықтың айрықша үлгісін көрсетті.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда жетпіс парыз өтегеннің сауабын алады» деген. Осындай берекелі айда қайырымдылық шараларына атсалысып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген асқақ рухты азаматтарымыздың кәсібіне табыс тілейміз!
Әр шаңырақта аманшылық болып, Жаратушы Иеміз әр отбасына бақ- береке дарытсын!
Отанымыз – Қазақстан мемлекетінің мерейі үстем болып, Алла Тағала егеменді елімізге бейбіт өмір, ынтымақ-береке, мол ырыс нәсіп етсін! Індет ошағы елімізден алыстап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әмин.
Пікір қалдыру