Семей өңірінің Бас имамы жаңа мешіттің құрылысымен танысты

Семей өңірінің Бас имамы Асқар Мұқанов шаһардағы айналма жол бойынан салынып жатқан жаңа мешіттің құрылысымен танысып қайтты.

Асқар Әбітайұлымен дін қызметкерлерін құрылыс барысымен таныстырған құрылыс компаниясының өкілдері қазіргі күні мешіттің ішкі әрлеу жұмыстары мен ғибадат үйінің аумағын абаттандыру бойынша атқарылып жатқан шаралар жайында кең көлемде  ақпараттандырып өтті.

Абай хакімнің 175 жылдық мерейтойына орай ашылып, Семейдің орталық мешітіне айналуы тиіс Алла үйінің құрылысы бүгінде қарқынды жүргізіліп жатыр. Алтын түстес күмбездері Алматы қаласынан әкелінген. Қазіргі күндері аяқталуға таяу.

Сонымен қатар құрылысшылар мешіттің ішкі жұмыстары, безендіру бойынша Бас имаммен кеңесіп, жүргізілуі тиіс бірқатар жұмыстарды өзара пысықтап өтті.

Айта кетсек, іргетасы 2008 жылы қаланған мешіттің құрылысы түрлі себептермен тұралап қалған болатын. Мешіт құрылысын жеке кәсіпкер Тастекеев әулетінің қаржылай қолдауымен салынып жатыр. Жоба бойынша құлшылық үйінің сыйымдылығы 3000 адамға арналған.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі