«Ұлжан ана» мектебіндегі «Абай ілімі» сабағы

Семей қалалық Қос мұнаралы орталық мешітінде мешіт ұстаздарының жетекшілігімен «Ұлжан ана» мектебі жүйелі жұмыс жүргізуде.

Мәселен, рухани-танымдық «Абай ілімі» дәрісі қыздар-әйелдер жамағаты арасында аптасына екі мәрте онлайн режимінде өткізіліп тұрады. Ұлттық тәрбиеге негізделген бұл дәрістер нәзік жандылар болмысын тұлға ретінде қалыптастыруға, Абай хакім сынды даналардың мұралары арқылы әйелдер бойына ізгі қасиеттер сіңіруге арналған. Сонымен қатар, Абай руханияты арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау, ізгілік, даналық, адамгершілік пен инабаттылық сынды қасиеттерді үлгі ету де басты мақсат. Бұл ретте Рухани жаңғыру бағдары аясында өткізіліп жатқан дәрістердің көпшілік қауымға берер тағылымы мол.

         Қазіргі күні «Абай ілімі» сабағына 80-ге жуық шәкірт – жастар, апа-әжелер ынтамен қатысып, ақын өсиеттеріне ден қоюда. Арнайы жылдық жоспар жасалынған. Қатысушылар берілген тақырыптар бойынша Абай өлеңдері мен қарасөздерін мазмұнына мән бере оқып, санаға сіңіріп жаттап, «Абай жолы» роман-эпопеясы мен ақынның аудармаларымен тереңірек танысуда. Сондай-ақ, сабақтар барысында түрлі қызықты шығармашылық жұмыстар да ұйымдастырылады.

         Қорыта айтқанда, «Ұлжан ана» мектебінің ұйымдастырумен  өткізіліп  жатқан «Абай ілімі» сабағы бүгінгі қоғамдағы әрбір қыз, әйел, ана болмысын қалыптастыруға, рухани кемелдендіруге мүмкіндік беретін танымдық-тағылымдық дәріс болып саналады.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.