Ислам әлемінің біздің заманымыздағы, яғни XXI ғасырдағы ең өзекті мәселелерінің бірі – мазһабсыздық болып отыр. Елімізде және өзге де алыс-жақын мемлекеттерде кейбір дәстүрлі емес діни ағым серкелері мазхаб ұстанбауды ашық түрде насихаттап, оның орнына «сахих хадистермен» жүруді ұсынуда. Таңғаларлығы сол, бұл жолды алғашқы үш ғасырда өмір сүрген ізгі буынның жолы деп көрсетуде.
Бұл ұстанымның түбірімен қате екендігін дәлелдеу үшін Исламның алғашқы алтын ғасырларында өмір сүрген фиқһ саласы ғұламаларының асыл сөздерін мысалға келтіргенді жөн көрдім. Мәселе сонда, олар қандай да бір хадиске амал ету үшін оның сахих болуының жеткіліксіз екендігін анық айтқан. Ұлы ғалым Мұхаммед әл-Шейбани (Алла оны рақымына алсын), былай дейді: «Фиқһсыз хадисті тәжірибеге қолдану мүмкін емес, сол сияқты хадисте негіз жоқ (басқа мәселеге айтылған хадис) фиқһта жарамсыз».
Ал Имам Ахмад (241 ж.ө.) былай деді: «Егер кімде-кім дінде тақлидке (алдыңғыларға еру) орын жоқ дейтін болса ол адам Алла Тағаланың және Оның елшісінің (с.а.у) алдында пасық адам болып есептеледі. Себебі оның сөздері Сүннеттің жойылуына және әділ сахабалар мен табиғиндердің мұрасының құруына апарады. Ал мазһаб негізін салған ғұламалар мен сәләф солихтер болса олардың барлығы әхлі Сүннет уәл-Жәмаға, хадиспен хадис ілімін толық зерттеген адамдар болған. Біздерге Сүннетті зерделеуді үйреткен, хадис жеткізген ұлы тұлғалар. Олар сенімді, құрмет тұтуға лайықты және олардан үкім алған имамдар болып есептеледі. Олар дінге жаңалық енгізушілердің (яғни бидғат) жақтастары емес еді. Олар сендерден бұрын болған адамдар, сондықтан, олардан үйреніңдер және өзгелерге үйретіңдер. Ал Алладан жәрдем болсын»!
Жоғарыда имамның сөзінен аңғаратынымыздай, дінде тақлидті қабылдамау және фиқһ ғұламаларының мұрасынан бас тартып, әркім өз бетімен хадистерді түсінуге болады деу жалған түсінікке саяды. Өйткені, бұл нағыз адасу, дінді қате түсіну, білімді құртып бүлік шығару болып саналады.
Сондай-ақ, имам Ахмад былай деді: «Егер адамның алдында Пайғамбардың (с.а.у) серіктерінің және табиғиндердің сөздері жазылған кітаптар болса, ол көңілі қалаған өзі таңдаған нәрсені ұстанып кетуі мүмкін емес. Ол бұл хадистің дұрыстығы жайлы, оны ұстануға бола ма, болмай ма дегенді білімді адамдардан сұрауға міндетті. Тек осыдан кейін ғана оның ұстанғаны дұрыс болып табылады».
Әл-Хафиз Абуль-Хасан әл-Maймуни (274 ж.ө.) Алла оған рақым етсін былай деп жеткізеді: «Бір күні маған имам Ахмад былай деді: « Уа, Абул-Хасан, сен өзің ерген имамың жоқ мәселе жайында сөйлеуден сақ бол».
Үмметіміздің даңқты ғұламаларының бірі Имам Захаби Алла оны рахым етсін «Сияр» атты кітабында: «Әбу Ханифа және Шафиғидің пікіріне қарағанда сахих хадисті орындаңыз» деген сөзді былай түсіндіреді: сахих хадисті ұстанған жақсы, бірақ бұл сенің ұстанғың келген хадис жайында имам Әбу Ханифа мен Шафиғиге дәрежесі тең келетін имамдар өз ойларын айтқан болуы керек. Мысалы: имам Малик, Суфиан, Ләйс сияқтылар. Сондай-ақ, хадис сенімді және ішкі кемшіліктерден (ғилла) бос болуы тиіс. Және Әбу Ханифа мен Шафиғидің сүйенген хадисін жоққа шығаратын басқа хадис болмауы тиіс. Ал имамдардың пікірін елемей хадисті жай қабылдай салуға рұқсат етілмейді». Оған сәләф ғалымдарының да рұқсат етпегендігі біздің күнімізге дейін жеткен.
Ал мужтаһид дәрежесіне жеткен ғұламалардың бірі Абдуллаһ бин Уаһб былай деді: «Мен 360 ғұламаны кездестірдім, бірақ имам Мәлик пен Ләйс болмағанда мен білімде адасатын едім». (Ибн Хиббан, Mуқаддима, 1\24). Бұл жерде ұлы Имам Мәліктің шәкірті әрі Мәлики мәзхабының мужтаһид ғалымы Ибн Уahбтың айтқысы келгені егер имам Мәлік оған хадистің түсінігін және қандай хадисті ұстануға болатынын және қандайын болмайтынын түсіндірмегенде адасатындығын айтуда.
Аталмыш ғалым көп уақытын хадистерді жинауға арнаған және тапқан хадистері жайлы имам Мәлікке айтқан кезде, ұстазы оған: «Бұл хадисті ал, ал мына хадисті таста», – деп айтып отырған. (Тартиб әл-Maдарик, 2\427).
Сол тәрізді Ибн Уахб бір сөзінде былай дейді: «Фиқһте имамы жоқ хадистің кез-келген сарапшысы адасқан. Алла маған имам Малик пен Ләйстен білім алу бақытын бермеген болса, онда мен де құритын едім». (Әл-Жәми, Абу Зейд әл-Kaйрувани, 151 бет).
Сондай-ақ, қазіргі таңдағы «мәзһаб ұстану дінде жоқ» және «мәзһаб ұстанбау керек» деп жүрген адамдар өздерінің мәзһаб ұстанбайтынына дәлел ретінде төрт имамның сөздерін келтіргісі келеді. Егер сенімді хадис олардың ұстанымдарына қайшы болса «мазһабты емес сенімді хадисті алыңдар!» деген пікірді ұстанады. Өкінішке орай, қарапайым мұсылмандар да, жаңағы іріткі салушылар да имамдардың бұл сөздерін терең түсінбейді және бұл сөздердің кімге бағытталып жатқанын білмейді. Олардың ойынша шариғаттың негіздерінен ешқандай хабары жоқ адам кез-келген хадистер жинағын ашып, әрбір сенімді делінген хадисті тәжірибеде қолдана алады деп ойлайды. Сонымен қатар, ол адам бұл хадистің жойылған немесе жойылмағандығына, оның жалпы немесе жеке сипатта келгендігіне, бұл тақырып бойынша басқа да хадистер бар ма, жоқ па деген маңызды мәселелерге мүлде назар аудармайды.
Сонда мүжтахид имамдар мен қарапайым намазхандардың арасында айырмашылық болмағаны ма?! Олай болса Исламның үлкен имамдары – имам Тахауи, Ибн Сурейдж, имам Қудури, имам Сарахси, Джуайни, Ғазали, Науауи және т.б. ғалымдар ілімдері мұхиттай бола тұрса да (олардың кітаптарын әлі күнге дейін әлем мұсылмандарының барлығы оқиды) неге өздерін төрт мазхабтың бірінің ізбасарларымыз деп атады?!. Әлде бұл имамдардың жанында хадистер жинағы болмады ма? Немесе олар біздің замандастарымызға қарағанда хадисті білмеді ме?! Бұған жауап ретінде имам Нәуауидің мына сөздерін келтіруге болады: «Бұл сөздердің мағынасы «әр түпнұсқа хадис – Шафии мазһабы» деп сөзбе-сөз түсіну емес. Бұл сөздер «мәзхабтың мужтаһиді» дәрежесіне жеткен және сол деңгейдегі ғалымдарға арнап айтылған».
Сондықтан біз мазхабтарды қабылдамау – сәлафтардың жолын қабылдамау және жаман жаңалықтарды дінге енгізу екендігін білдік. Шам өлкесінен шыққан, заманымыздың көрнекті ғалымдарының бірі болған Мухаммад Сайид Рамазан әл-Бути былай дейді: «Мәзхаб ұстанбау – шариғатқа қауіп төндіріп тұрған, дінде жоқ жаңа нәрсе». Ал атақты ғалым Ибн Таймия өзінің мажмуғатул-Фатауа атты еңбегінде: Абу Ханифа, Шафиғи, Малики, Ханбали, осы төрт мазхаб иелері мұсылман-момын. Және төрт мазхаб иелерінің жолдары Құран-сүннетке қарсы болмаса мазхабпен жүруге болады. Кімде кім төрт мазхабтың қайсы бірін ұстанса мұсылман-момын.
Түйіндей айтқанда мәзһаб ұстану дін Исламның бізге деген бағдарын, сондай-ақ бөлінбей бір болуымызды туралайтын ұлы жол екендігін ұғыну ләзім. Дінбұзарлардың ынтымағымызды бұзуына жол бермеуіміз керек. Қазіргі кезде мәзһаб ұстануды тіпті, Сауд Арабиясының кейбір ғалымдары да насихаттауда.
Айтарымыз, ҚМДБ-да ұлттың ішкі тұтастығын, бірлігін сақтау мақсатында «бір ұлт, бір мәзһаб» ұстанымы аясында бабаларымыз үшін дәстүрлі саналған Имам Абу Ханифа жолына шақырады. Алла бізді және жақындарымызды фитна-бүліктерден, тура жолдан адасудан сақтасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!..
Рашид МЕЙИМБЕКҰЛЫ
Семей қалалық Қос мұнаралы орталық мешітінің ұстазы,
Пікір қалдыру