“Пайғамбарымыз с.ғ.с көркем үлгі-өнеге иесі” атты шығармашылық бәйге өтті.

"Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмін болсаң үйреніп сен де ұқсап бақ"- деп дана Абай жырлағандай, өзін мұсылман деп білген әр адам Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үлгі өнеге алу міндет.

Ол үшін біз Алла елшісін жақсы танып білуіміз қажет. Осы орайда пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туылған Мәуліт айының құрметіне Семей өңірлік «Әйел-қыздар секторы» ұйымдастыруымен  шәкірттерге онлайн жүйесі арқылы сира сабақтары өткізілді. Сабақ нәтижесінде бір ай мерзім ішінде сира кітабы бойынша ынталы оқырмандарға “Пайғамбарымыз (с.ғ.с) көркем үлгі-өнеге иесі” тақырыбында  шығармашылық бәйге жарияланған болатын.

Шығармашылық бәйгеге қала және аудандардан қатысқан еріктілер кітап оқу барысында көңілге түйген көркем ойларын, алған әсерлерін көркем сөзбен қағаз бетіне түсіріп, жүректен шыққан өлең жолдарын да арнады. Байқау қорытындысы бойынша Семей өңірі бойынша бас имам Асқар Әбітайұлы қатысушыларға ынталандыру сыйлықтарын табыстап, мешітте ұйымдастырылып отыратын игі шараларға қатысып белсенділік танытқандары үшін білім жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі. Жазылған ең үздік шығармалар мақала болып шығарылады. Аудандардан болған қатысушыларға сыйлықтар пошта арқылы жіберілді.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.