ҮЙ ШАРУАСЫ ӘЙЕЛДІҢ МІНДЕТІ МЕ?

Сұрақ: Әйел үйді сыпыру, тамақ пісіру, кір жуу секілді үй ішіндегі жұмыстарды істеуі міндетті ме?  

Жауап: Жалпы ғұламалардың кейбірі әйел үйдің жұмыстарын істеуі тиіс десе, кейбірі міндетті емес дейді. Дегенмен, Ханафи мәзһабы бойынша әйелдің діни тұрғыдан күйеуіне қызмет етуі – уәжіп[1]. Яғни үйді сыпыру, кір жуу, тамақ пісіру т.б. үйдің шаруасына қатысты жұмыстарды істеуі тиіс. Бұл ғасырлар бойы әдет-ғұрып бойынша қалыптасып келе жатқан әйелдің ері алдындағы міндеті[2]. Оған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әли мен Фатима анамыздың арасына төрелік етіп, түздегі істерді Әлиге тапсырып, үй ішіндегі қызметтерді Фатиманың атқарар шаруасы деп белгілегені дәлел болады[3].

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және сахабалардың әйелдері де үйдің қызметін атқарған[4]. Айша анамыз: «Пайғамбарымыздың мисуагын, дәрет суын әзірлеп қоятынмын»[5] деген.

Әбу Бәкірдің қызы Әсмә да былай дейді: «Үй шаруасының бәрі менің мойнымда еді. Күйеуім Зубәйрдың атына жем беріп, өзім суғаратынмын»[6]. Осыған орай, әйел үйді сыпыру, тамақ пісіру, киім жуу секілді т.б. үйдің ішіндегі шаруаларды істеуі міндетті. Заманның қыз-келіншектері үй іші шаруаларында осы сахаба əйелдерді үлгі тұтып, оны құлшылықтарының бір бөлшегі ретінде қараған жөн. Бұл арқылы күйеуінің разылығына да жетеді.

Ер кісі де әйеліне шамасы келмейтін істерді жүктемеу керек. Керісінше шамасы келгенше бос уақыттарында оған көмектескені дұрыс.

[1] Әл-Бәдәйығу әс-санайығу фи тәртиби әш-шәрайығи, 4/192. Әл-Мәусуға әл-Фиқһия, 19/44.

[2] Мухаммад Абу Заһра, Әл-ахуалу әш-шахсия,166 б.

[3] Ибн Хажар, Фәтху әл-бәри, 9/507.

[4] Нәбил инб Кәмәлуддин Мухаммад Тахун. Әхкәму әл-усра фи әл-исләм, 240 б.

[5] Муслим риуаяты.

[6] Бұхари, 6/157.