Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Наурыз – парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн). Наурыз – Жаңа жылдың басы. Наурыз айының 21-нен 22-не қараған түні – аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі.
Бұл күні адамдар «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Наурыз құтты болсын!», «әз-Наурыз мерекесі құтты болсын!» деген сөздерді айтып, бір-біріне ізгі тілек білдіріп жатады.
Біріншіден, Наурыз – Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерекесі.
Екіншіден, Наурыз – жеті дәмнен Наурыз көже жасап, адамдардың бір – біріне дәм татқызып, ақ дастарқан басында бірге жиналатын ынтымақ, бірлік мерекесі.
Бұл ізгі амал, соның ішінде қазақ халқының бойындағы қонақжайлық қасиет пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келесі хадисімен үндес келеді:
«Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін».
Үшіншіден, Наурыз – адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, адамның аузы аққа, мал аузы көкке тиетін күн.
Төртіншіден, Наурыз – өткен жылдағы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылатын күн. Яғни, бұл өзара ренжіскен адамдар кешірім жолын ұстанып, бір-бірімен татуласатын күн.
Кешірімнің маңыздылығы туралы Қасиетті Құранда:
«Шын мәнінде мүміндер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» («Хужурат» сүресі, 10-шы аят) деп айтылса,
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде былай делінеді: «Мұсылманға өзі сияқты мұсылман бауырымен ренжісіп, үш күннен артық қатынаспай қоюына болмайды. Екеуінің жолы түйісіп, жолығыса қалса, бір-бірін көргісі келмей теріс айналады. Алайда ең жақсысы – бірінші болып сәлем бергені».
Бесіншіден, Наурыз – адамдардың туысқандарына, достарына сыйлық сыйлап, шынайы ықыластарын білдіретін күн.
Сыйлық берудің маңыздылығы туралы ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-бірлеріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады», деп өсиет айтқан.
Дегенмен, Наурыз мерекесін атап өтуге қарсылық білдіріп жатқан адамдар да бар. Ол кісілерге айтарымыз, бүгінгі күні Наурыз – бастапқы діни мағынасын, зороастризмдік элементтерін жоғалтқан, қазақ халқының ғана емес, барша түркі әлемінің игі дәстүрі ретінде қалыптасқан мереке. Ислам фиқһында «харамға әкелетін себептерді жою – тыйымның өзін жоюға әкеледі» деген қағида бар.
Бұдан бөлек, хазіреті Әли және Муғауия сынды сахабалардың Наурыз мерекесіне қарсы болмағандығы тарих кітаптарынан мәлім. Тарихшы әл-Хатыб әл-Бағдадидің айтуынша, имам Әбу Ханифаның атасы Нұғман ибн Марзубан сахаба Әли ибн Әби Талибке (р.а.) наурыз күні «фәлузаж» деп аталатын бір тәтті тағам ұсынған. Хазіреті Әли (р.а.): «Бұл не?» – деп, сұрағанда Нұғман ибн Мәрзубан: «Наурыз күніне орай пісірілген тәтті тағам», – деп жауап берген. Сонда сахаба Әли (р.а.): «Бізге күніге осындай наурыз тағамын әкеліп тұрыңдар», – деген екен.
Әл-Яқуби өзінің тарих кітабында: «Сахаба Муғауия (халифа болып тұрған тұста) Басраның әкімі Абдуррахман ибн Әби Бәкраға хат жолдап, өзіне наурыз сыйлықтарын әкелуге бұйрық берген» деген дерек келтіреді. Егер наурыз мерекесі өз алдына харам болса, онда оған орай жасалған сыйлық та харам болуы керек еді [Әз-Наурыз – діни емес, ұлттық мереке. fatua.kz].
Қорыта келе, Наурыз мерекесін атап өту діни ұстанымдарға қайшы емес. Керісінше, осындай ұлттық мерекеміздің арқасында халқымыздың ынтымағы мен бірлігін нығайып, адамдар арасындағы қарым-қатынастар беки түседі.
Болатбек АБУОВ,
Қызылорда облысының бас имамы
Пікір қалдыру