Мейірімді, Рахымды Алланың атымен бастаймын!
ҚҰРМЕТТІ, ЖАМАҒАТ!
Баршаңызды Ислам әлемінің ардақты мейрамы Ораза Айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ораза Айт – барша мұсылман қауымы үшін шаттық, қуаныш күні.
Биылғы Рамазан айында әлемдегі қалыптасқан ауыр жағдайға қарамастан жамағаттарымыз Алла ризашылығы үшін ораза ұстап, көптеген сауапты шаралардың атқарылуына өздерінің мол үлестерін қосты.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім Рамазанда Алла үшін кішкентай бір жақсылық жасаса, басқа айларда парыз өтегендей сауап алады. Ал осы айда бір парыз өтеген адам басқа айларда жетпіс парыз өтегеннің сауабын алады» деген. Осындай берекелі айда қайырымдылық шараларына атсалысып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген асқақ рухты азаматтарымыздың кәсібіне табыс тілейміз! Мешіттерімізде тарауык намаздары оқылып, қарилардың қатысуымен қасиетті Кұран Кәрімнің 30 парасы толықтай аударылып, қатым түсірілді.
Әр шаңырақта аманшылық болып, Жаратушы Иеміз әр отбасына бақ- береке дарытсын!
Отанымыз – Қазақстан мемлекетінің мерейі үстем болып, Алла Тағала егеменді елімізге бейбіт өмір, ынтымақ-береке, мол ырыс нәсіп етсін! Індет ошағы елімізден алыстап, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әмин.
Асқар қажы Әбітайұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Семей өңіріндегі және Семей қаласындағы
Абай Құнанбайұлы атындағы мешіттің бас имамы.
Пікір қалдыру