ЙОГАМЕН ШҰҒЫЛДАНҒАН ДҰРЫС ПА?

Йога – психологиялық, рухани және физикалық практикаларды қамтитын, ежелгі Үндістанда пайда болған ұғым. Йоганың мақсаты – тән мен жанның үйлесіміне жету. Денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру.

Медитация, бұл жағдайда, бақытқа жетудің жалғыз жолы ретінде ұсынылады. Йога мен медитация – индуизм мен буддизмнің ажырамас бөліктері, олардың барлық элементтері реинкарнация сенімімен сусындаған. Бұл көзқарас исламдық танымға қайшы. Йогамен айналысудың дұрыс еместігі туралы «Әл-йуға фи мизан әл-нақд әл-ғилми» кітабында мынадай бірнеше себеп келтіреді.

  1. Діни сенімге қайшы. Себебі онда Алла Тағалаға серік қосу, яғни күнге табынып, оның есімдерін қайталау бар. Құранда: «(Уа, Мұхаммед!) Мен тек бір Аллаға құлшылық етіп, Оған еш нәрсені серік етіп қоспауға бұйырылдым. Мен тек Оған шақырамын және Оған қайтамын», деп айт», – делінген («Рағыд» сүресі, 36-аят). Тағы бір аятта былай айтылған: «Шүбәсіз, саған да, өзіңнен бұрын келген пайғамбарларға да: «Егер Аллаға өзгелерді серік етіп қосатын болсаң, істеген барлық (игілікті) істерің зая кетеді. Сөйтіп, сөзсіз зиянға ұшырайтындардың бірі боласың», – деп уахи етілген еді» («Зүмәр» сүресі, 65-аят).
  2. Пұтқа табынушыларға еліктеу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім бір қауымға еліктесе (ұқсаса), демек ол солардың бірі», – деген (Ахмад, Әбу Дәуіт, Табарани).
  3. Кейбір жаттығулар, мысалы әдеттен тыс әрі жарамсыз отыруы, ұзақ уақыт күнде тұру, көз айырмай күнге қарау және т.б. адамның денсаулығына және психологиялық тұрғыдан оған зиянды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне және өзгеге зиян келтіруге болмайды», – деген (Ахмад, Ибн Мәжа).
  4. Уақытты зая кетіреді. Сондай-ақ бұл дүниеде зиян мен шығын, арғы дүниеде апат пен үмітсіздік әкеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам қияметте төрт нәрсе туралы сұралмайынша орнынан қозғалмайды: өмірі және оны қалай өткізгені, білімі және оны қалай қолданғаны, мал-мүлкі және оны қайдан алғаны әрі қалай жұмсағаны, денесі және оған қалай күтім жасағаны», – деген (Тирмизи).

Ал тыйым салынған іс-әрекеттерді жасамау шартымен спорт ретінде йогамен айналысуға шариғат рұқсат етеді. Алайда йога арқылы денесі мен ақыл-ойын қалыпты жағдайда сақтауды көздеген мұсылман исламдағы құлшылықтардың әлдеқайда артық екенін ескергені жөн. Өйткені намаз, зікір, ораза сынды ғибадаттардың тәнге саулық, жүрекке тыныштық беретіні анық. Құранда: «Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады», – делінген («Рағыд» сүресі, 28-аят).

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ

«Мұнара» газеті, №10, 2021 жыл