Бауыздалатын малдың тамағына пышақ тартқанда шыққан қан жерге түспей тұрып, оның сауабы Алла Тағаланың құзырына барады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан артық Алла Тағалаға жағымды іс істемеген. Әлбетте құрбан малдары Қиямет күні мүйізі, жүні және тұяғымен келеді. Әлбетте қан жерге ағудан бұрын Алланың құзырындағы орынға жетеді. Ендеше оны шын жүректен шалыңыз», – деген (Тирмизи).
Құрбан шалу Алла Тағалаға жақын болу, күнәлардың кешірілуі, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.
Құрбандыққа қатысты үкімдер
- Ханафи мәзһабында құрбан шалу – уәжіп. Уәжіп деген – парыз бен сүннеттің арасындағы амал. Уәжіпті тәрк еткен адам сұралады. Оны орындамаған адам қазасын өтейді. Ал сүннетті тәрк еткен адам сұралмайды, қазасының өтелуі талап етілмейді.
Құрбан шалу уақыты өтумен міндет түспейді. Сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді немесе сойып, барлық етін садақа етеді, одан ештеңе жемейді. Өйткені уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.
- Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауқатты, муқим (тұрақты), әрбір ер және әйел мұсылманға бұйырылды. Ал жолаушыға, уақытша (15 күннен аз) қоныстанған, қажыға барған (меккеліктен басқа) және кедей адамға құрбандық шалу міндет емес. Бай деген – өзінің және отбасының негізгі қажеттілігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адам. Ақылды, балиғат жасына толған адам құрбандықты өз атынан шалады. Кішкентай балалары атынан құрбандық шалу міндет емес.
- Сатып алған құрбандығы жоғалса, өлсе немесе ұрланса, басқасын сатып алу міндет болады. Екінші малды сатып алғаннан кейін құрбандығы табылса, оның ең жақсысын шалады. Екеуін де құрбандыққа шалу жақсырақ.
- Кедей адам құрбан шалу ниетімен бір қой сатып алса, оған сол құрбандықты шалу уәжіп болады. Егер сатып алған малы ұрланса немесе жоғалса, оған ештеңе міндет болмайды. Егер құрбандықты тәрк етіп, уақыт өтіп кетсе, бай секілді оның да садақа беру міндет болады.
- Құрбандық дұрыс болу үшін үш шарт орындалуы қажет: құрбандық малының сау болуы, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Жүрекпен ниет етіледі. Ниетті тілмен айту шарт емес.
Күнде қой сойып жүрген қасапшы құрбан шалып жатқанын ұмытып малды бауыздаса, бұл жағдайда малды сатып алып жатқандағы немесе малды құрбандыққа белгілеп жатқандағы ниеті есепке алынады.
- Құрбандықта бауыздау ғана міндет. Ал етін садақа ету – сүннет. Құрбандық иесі еттің бәрін жей алады немесе сақтап қояды. Бай адам етке мұқтаж болмаса, тәбәрік ретінде еттен дәм татып, қалғанын садақа еткені – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбандық шалсаңдар, оның етінен жеңдер және одан басқаларға да беріңдер», – деген.
Жағдайы орташа адам еттің үштен бірін өзі жейді, үштен бірін қонақтарға асып береді немесе қалдырады, тағы үштен бірін садақа етеді. Бала-шағасы көп әрі жағдайы төмен болса, еттің бәрін өздеріне алып қалғаны – мұстахаб. Өйткені өзінің және отбасының қажеті басқаның қажетінен жоғары тұрады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «(Садақа беруді) өзіңнен баста, сосын басқаға бер» (Бәдаиғус-санаиғ, 5/81).
- Құрбан шалатын адамды өз атынан уәкіл ете алады. Сондай-ақ оған құрбандық ақшасын беріп, малды сатып алуға және оны бауыздауға уәкіл етуі мүмкін.
- Сатып алған құрбандығын басқа адам рұқсатсыз бауыздаса, құрбандығы дұрыс саналады. Өйткені иесінің малды әуелде құрбандық ниетімен сатып алғаны есепке алынады.
- Екі адамның құрбандығы араласып, олар бір-бірінің малын бауыздаса, екеуінің де құрбандығы дұрыс саналады. Терісі сыдырылған болса да, әркім өз құрбандығын қайтарып алады. Етінен ауыз тиген болса, бір-бірінен кешірім сұрайды.
- Бауыздалған малдың ішінен шыққан төлі тірі болса, оны да бауыздайды. Бауыздалған малдың төлі өлі шықса, ол да бауыздалған болып есептеледі. Өйткені енесін бауыздау төлін бауыздаумен бірдей болады.
- Құрбандықтың етін, терісін, ішкі мүшелерін немесе мүйізін сату дұрыс емес. Кімде-кім қиын жағдайға түсіп, құрбандықты сатса, соның мөлшерінде садақа етеді. Кейбір ағзаларын ұзақ мерзімге пайдаланатын затқа айырбастауға болады. Мысалы, теріні қынапқа немесе елекке, мүйізді киім ілгішке. Бірақ барына айырбастамаған абзал.
- Құрбандықтан еңбекақы ретінде қасапшыға бір нәрсе беру дұрыс емес. Өйткені ол саудаға ұқсап қалады. Қасапшыға малды бауыздағаны үшін жеке ақы төлейді. Егер қаласа, ақысынан бөлек садақа ретінде құрбандық етінен қасапшыға беруге болады.
- Екі қой сойса, екеуі де құрбандық болып есептеледі. Одан жейді және садақа береді.
Құрбандықтың мұстахаб амалдары
- Құрбандыққа ең жақсы, семіз малды таңдау қажет. Еті дәмді болғандықтан, еркек малды (қошқарды) бауыздаған абзал.
- Бауыздауды білсе, малды өзі бауыздағаны дұрыс немесе оған қасапыны уәкіл етуге болады.
- Малды бауыздап жатқанда дұға оқу қажет. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген «Уажжәһту уажһии лил-ләзии фәтарас-сәмаауаати уәл-арда ханиифән муслимән. Аллаһуммә минкә, уә иләйкә. Бисмилләһи, уәллаһу акбар!» (Ғибадатымды жер мен аспанды жаратқан Аллаға шын ықылас етіп, толық мойынсұнып, ниет еттім. Уа, Алла! Сенен жәрдем тілеймін, Саған ғана құлшылық етемін. Алланың атымен бастаймын. Алла – ұлық!) деген дұғаны оқып, бауыздаған жақсырақ.
- Бауыздайтын пышағы өткір болуы, құрбандық малын қинамау, жаны толық шықпай тұрып терісін сыдырмау қажет.
Алла Тағала барша мұсылман қауымның шалған құрбандығын қабыл етіп, күнәләрін кешіргей, түрлі пәле-жаладан, ауру-сырқаттан сақтап, екі дүниенің игілігін нәсіп еткей!
Хасан АМАНҚҰЛ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары
Пікір қалдыру