БАС МҮФТИ БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫС ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ (ФОТО)

Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезекті Аппарат жиналысы өтті. Онда мамыр-тамыз айларында атқарылған бөлім басшыларының жұмыс есебі тыңдалды.
Ең алдымен Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов мамыр-тамыз айларында ақпарат тарату мен қоғаммен байланыс бағытындағы жұмыстар жөнінде есеп берді.

«Есептік кезеңде www.muftyat.kz сайтына 1292 материал жүктелді. Атап айтқанда 914 жаңалық, 57 мақала, 105 видео, 180 фото баннер және 36 сұрақ-жауап жарияланды. Діни басқармаға қарасты Муфтият және Hikmet TV Youtube арнасына 237 видеоматериал жүктелді. «Munara TV» телеарнасы іске қосылып, отандық ақпарат тарату кеңістігіндегі «Отау ТВ», «ID TV» желілеріне қосылды. Дәстүрлі Ислам дінін насихаттау барысында қаңтар айынан бастап рухани мәнге ие 12 апталық ұйымдастырылды. Атап айтқанда: «Алаш», «Ислам және отбасы», «Кемел адам», «Достық», «Жақсы сөз», «Ихсан – рухани тәрбие негізі», «Намаз – дін тірегі», «Қасиеті мол құрбан айт», «Кешірім», «Білім» апталықтары. Апталық барысында 147 материал жарық көрді. Нақтырақ айтқанда, 70 әлеуметтік картинкалар, 18 мақала, 16 апталыққа байланысты әлеуметтік роликтер, 8 «Сәрсенбілік сұхбат», 35 флеш-баннер жарияланды. ҚМДБ-ға қарасты 19 өкілдік сайттарына жалпы саны 6 505 материал салынды. Оның ішінде 660 мақала, 1 100 жаңалық, 3 241 сұрақ-жауап, 764 онлайн дәріс және 800 видео бар» деді Марат Дәлелханұлы.

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлдың айтуынша республика бойынша пәтуа мамандары, Діни басқарма мен өңір мешіттеріндегі ақпарат беру call орталықтары мамыр-маусым айларында 11 мыңнан астам сұраққа жауап берсе, шілде және тамыз айларында 9111 және 9504 сұраққа жауап берген. Биылғы Құрбан айт мерекесі жаз айларына дөп келгендіктен, сұрақтардың дені ғибадатқа, соның ішінде құрбан шалу мен айт намазына қатысты келіп түскен.

«Есептік кезеңде ҚМДБ Ғұламалар кеңесі 10 пәтуаны қабылдап, «Мұнара» газеті мен Діни басқарманың ресми сайтына жарияланды. Олардың қатарында «Зекетті мешіт шығындарына қолдану үкімі», «Діни басқарманың ЛГБТ-ға қатысты үкімі», «Парақорлықтың шариғи үкімі», «Жалға алған мүлікті жалға беру үкімі» секілді көптің көкейінде жүрген күрделі мәселелер бар» деді Хасан Аманқұл.

Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбековтің айтуынша, соңғы төрт айда республика бойынша 13683 адам сауат ашу курстарына қатысса, 2949 имам біліктілікті арттыру семинарлары мен курстарынан өткен. Сондай-ақ жаз айларында 154 дін қызметкері жұмысқа орналасыпты.

Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров мамыр мен тамыз айлары аралығында жалпы саны 6773 медиа уағыз-насихат жүргізіліп, 3 501 713  адам қамтылғанын атап өтті. Одан өзге бөлімге қарасты Жастар ісі және Әйел-қыздар секторының 4 айда атқарған жұмыстарына тоқталды.

«Жастар ісі секторының ұйымдастыруымен 12 тамыз Халықаралық жастар күніне орай «Жастық шақтағы кемелділік» онлайн семинар-тренингі, «Салауатты жамағат» атты түрлі форматта спорттық ойындар өтті. Төрт айда барлығы 2 844 шара атқарылып, 65 050 адам қамтылды. Ал Әйел-қыздар секторы төрт айда 2879 іс-шара ұйымдастырса, оған 9 816 адам қатысты» деді Батыржан Берденұлы.

ҚМДБ-ға қарасты дін қызметкерлері мамыр-тамыз айларында 10 кітап дайындап шықты. Бұл туралы аппарат жиналысында «Муфтият» баспасының директоры Мұрат Әбдіхалықов мәлімдеді.

«Мамыр айында Шымкент қаласында «Бас мүфти тағылымы», Павлодар облысында «Жүректің көзі ашылса» және тәрбиеге қатысты «Қ.А.Яссауи һәм Ихсан ілімі», «Имам Ғазали һәм Ихсан ілімі» кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар осы аралықта, сайттарда, Республикалық, облыстық, аудандық газеттерде, ихсан іліміне қатысты 1119 мақала жазылды. Әлеуметтік желілерде 2506 жазба-инфографика, 1862 уағыз-дәріс таспаланып желілерге салынды. Сондай-ақ, онлайн, офлайн  722 іс-шара өтті» деді Мұрат Манапұлы.

Жиын соңында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, төрт айда атқарылған жұмыстарды одан ары жалғастыру қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ Бас мүфти Діни басқарманың «Munara TV» төл телеарнасының жұмысын жандандыруды тапсырды.