Содан бері сан ғасыр өтсе де, ұлы дала төсінде білімге деген ізденіс пен үндеу еш тоқтаған емес Қазақтың қамын жеген Абай атамыз да халқына «Ғылым таппай мақтанбауын» ескертіп, білімге үндеумен өткен.
Қарап тұрсақ, халқымыздың ертеңіне алаңдаған ерекше тұлғалардың барлығы да адамзат баласын білімге үндеп, дүние игілігін білімнің күшімен игеруге шақырып келген. Және осы жолда қиындық көрген, ұстаздық еткен, білімге шақырған, жаңалық ашқан, ғұмырын арнаған… Яғни, білімнің жолында.
Ал, енді күллі адамзаттың асыл ұстазы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың мына бір хадисіне қараңызшы, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары» дейді. Шынында да, жоғарыда айтқан көптеген ғұлама-ғалымдарымыздың, данышпан ұстаздарымыздың, ілгеріде өткен ізгілер мен білімділердің бойында пайғамбарлардан мирас боп жеткендей бір абыздық қасиет, айналасын айрандай ұйытқан көрегенділік пен көркем мінездің ұштасып жатқанын анық аңғаруға болады. Өйткені, кемеліне жеткен білім ғана даналыққа айналып, айналасына ізгілік шаша бастайды. Осы ретте Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Хикмет (ғылым) шарапатты кісінің беделіне үлкен пай қосады. Пай қосқандығы (соншалық) құлдарды патшалардың дәрежесіне дейін көтереді» дегенін ескеріп қойған жөн. Бұндай жандардың өмірде көп болғаны соншалық, біздер үшін қазіргі таңда бір кездері ел басқарған бірен-саран хан-патшаның есімі белгілі болса, түрлі саладағы ғалымдар мен ғұламалардың есімі ерекше құрметпен аталып, еңбектері әлі де халық игілігіне жарап келеді. Бұл да – білімнің бір нұры, пайдасы! Сондықтан да Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білімнің мәртебесін парыз дәрежесіне дейін көтере айтқан.
Жалпы, Ислам дінінен хабары бар кез келген жан Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымызға алғаш уахи қалай түскенінен хабардар болса керек. Құдіретке пен хикметке толы Құранның ғылыми-рухани кереметтерінің өзі былай тұрсын, әрбір сөзі мен әрпі, қайталануы мен қарама-қайшы қолдануының өзі асқан математикалық дәлдікпен берілген қасиетті аяттардың алғашқысы – «Оқы» деп келеді. Пайғамбарлық сипатқа ие, асқан зеректік пен ақыл иесінің өзіне алғашқы бұйрық «Оқы» деп келді. Яғни, бұл ғаламның сырын, жаратылыстың сырын, дүниенің парқы мен ақыреттің барын ақылмен оқып түсінуді бүйырды. Демек, айналамызды танып-білу, сол арқылы әлемді тану, Алланың әміріндегі әлем арқылы Алланы тану – білім үйрену – баршамыз үшін де алғашқы бұйрық болып қала бермек.
Осы орайда халқымыздың алғашқы ағартушысы Ыбырай бабамыздың «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық!» деуі де тегіннен емес! Ұстаздың өзі алдымен Аллаға сыйынып барып, оқуға шақырып отыр. Меніңше, терең мағына жатқан секілді. Әл-Фараби бабамыз айтпақшы, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Яғни, әдеп пен тәрбие көрмей, иман нұрынан қашықта алынған білімнің адамзатқа пайдасынан гөрі зияны көбірек болуы да мүмкін. Ал, бір Аллаға сыйынып, ізгі ниетпен аттаған қадамның берекетті болары сөзсіз. Сондықтан кез келген білімді үйренуге кірісерде осы арқылы үлкен мақсаттарға жетуді ниет етіп, өз білімің мен ізденісің арқасында елге пайда тигізуді ойлаған абзал.
Құрметті ата-ана! Балаңыз биыл мектеп табалдырығын аттады. Қадамы құтты болсын! Балаңызға бірінші кезекте ұстазын құрметтеуді үйретіңіз. Себебі, тәрбиесіз білім алысқа шаппайды. Абайдың қара сөзіндегі қайрат, ақыл және жүрек үшеуі өз артықшылығын айта жарысып, ақыры төрелігін білімнен сұрағанда, «…Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы…» деп, білім діндарлық пен тәрбиені таңдағанын естеріңізде болғай!
Ерболат Жүсіпов
Нұр-Сұлтан қаласының және
«Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы
Пікір қалдыру