Отбасында ең әуелі сенім мен сыйластық, сезім мен сүйіспеншілік болса, жұбайлар өмірінің шырайы артып, кездеспей қоймайтын тіршіліктің ащысы мен тұщысын, суығы мен ыстығын, қайғысы мен қуанышын бірге бөлісіп, қандай жағдайда болсын, босағасы берік болмақ.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 187-аятында: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер» – деген. Киім адамды сырт көзден, суық пен желден қорғап, адамның кемшілігін жасырып тұратыны белгілі. Ер мен әйелді Алла Тағала бірін-бірі қорғап, кемшіліктерін жасыратын киімге теңеп отыр.
Осы орайда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде адамзат баласын адал некемен үйленуге, көбеюге, өсіп-өнуге шақырады. Мысалы, бір хадисінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер. Қиямет күнінде өзге қауымдардың алдында сендердің көптіктеріңді мақтаныш етемін» деген. Қарап отырсақ, бұл хадистің астарында өте терең мән бар. Бүгінгі жастар осы өсиетке мән беру керек. Ал мына хадисте: «Мүмін ер мүмін әйелге ренжіп, ашуланбасын. Егер оның бір мінезін жақтырмаса, екінші бір мінезін ұнатуы мүмкін» деп насихат айтады.
Бір күні ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір топ қыз-келіншекке: «Сендер жақсылық жасаушыларыңның қадірін білмей жүрмеңдер» деп өсиет етті. Сол кезде Әсмә бинт Йазидәл-Ансария: «Уа, Алланың елшісі, жақсылық жасаушының қадірін білмеу деген не?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кейде бір әйел күйеуге шыға алмай, ата-анасының үйінде ұзақ уақыт отырып қалады. Содан соң Алла оған бір күйеу нәсіп етіп, одан нәрестелі болады. Сол әйел бір күні күйеуіне ашуланып, оның қадірін білмей «Мен сенен не жақсылық көрдім?» дейді. Жақсылықтың қадірін білмеу деген осы», – деп жауап берді.
Осы хадиске назар салар болсақ, Пайғамбарымыздың балажан болғанын аңғаруға болады. Хадисте: «Баласы бар адам баласымен бала болып ойнасын» деген. Тарқатып айтар болсақ «ойнасын» дегенді еркелетсін, бетінен сүйсін, маңдайынан иіскесін, олардың бала көңілімен санассын деп те ұғынуға болады.
Шынында Пайғамбарым (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте балажан болатын. Немерелері Хасан мен Хусейнмен ойнағанды ұнататын. Олармен сан түрлі ойын ойнайтын. Бірде немерелері атасымен «ат пен шабарман» ойынын ойнай бастады. Сол кезде Омар (р.а.) келді де, көз алдындағы көрініске таңғалып, тұрып қалды.
Міне, Ислам дінінде осылайша отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы реттелген. Отбасы қарым-қатынастарының тұтас қоғамға әсер ететіндігі баяндалады. Егер отбасы тату болса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Отбасы мәселесі сол қоғамға айрықша әсер етеді.
Ислам діні үлкенді сыйлауға үндейді. Жастардың үлкендердің ақылын тыңдап, оларға құрмет көрсетуін насихаттайды. Отбасы бала тәрбиесінің ұйытқысы екеніне ерекше тоқталады. Тәрбие отбасыдан басталады. Отбасы тәрбиесінің тамаша үлгісінен ұлағатты ұрпақ өсіп шығады.
Қазақта «Отан – отбасынан басталады», «Өз үйім – өлең төсегім», «Екі жақсы қосылса, ай мен күндей» «Үйде береке болса, дастарқанда берекет болады» деген ұлағатты сөздер бар. Бұл сөздерде отбасы құндылықтары мен үлкенді сыйлау, береке мен ынтымақ мәселесіне зор баға берілген.
Халқымыз тектілікке ерекше мән берген. Текті болу дегеніміз – өнеге мен әдептіліктің ғасырларға жалғасқан үрдісін сақтау. Қазақ халқында Ислам дінімен ұштасқан, тамаша қалыптасқан отбасылық құндылықтар мен тәрбиенің озық үлгісі бар. Тәрбиенің бұл тамаша озық үлгісі ғасырлар сынынан өткен, ұлағат пен өнеге сіңген зор тағылымдар құндылығының жиынтығы деуге болады.
Отбасы бірлігі бекем болса болашағымыз да баянды, ұрпақ тәрбиесі де ұлағатқа толы болмақ.
Бақдәулет АБДУРАХМАНОВ,
Шымкент қаласының бас имамы
Пікір қалдыру