АЛМАТЫДА ДІН ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН АҚТАУҒА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТУДЕ (ФОТО)

Бүгін Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетінің ғимаратында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен «ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «ДІН ДҮРБЕЛЕҢІ»: КЕҢЕСТІК БИЛІКТІҢ ДІНГЕ ҚАРСЫ РЕПРЕССИЯЛЫҚ ШАРАЛАРЫ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы басталды.

Алқалы жиында алдымен саяси қуғын-сүргін көрген дін қайраткерлерінің рухына Құран бағышталып, дұға жасалды. Конференция ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының баяндамасымен ашылды.

Сондай-ақ жиында Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Мұхаммад әш-Шаххат әл-Жинди, Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, ҰҒА академиктері, тарих ғылымдарының докторлары Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Дархан Қыдырәлі, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жұмыс тобының мүшелері Бақытжан Сатершинов, Рахым Бекназаров, Досай Кенжетай, Юлия Шаповал, сондай-ақ ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері Шамшәдин Керім, Мұхан Исахан, Төреәлі Қыдыр т.б тарихшы ғалымдар баяндама жасайды.
Баяндамашылар саяси қуғын-сүргін тарихындағы дін өкілдері мен кеңестік биліктің дінге қарсы репрессиялық шаралары жайлы баяндайды. Жиын соңында конференция жұмысы қорытындыланып, арнайы қарар қабылданбақ.