БЕЛТЕРЕК АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕШІТ АШЫЛДЫ (ФОТО)

Семей өңірі, Жарма ауданы Белтерек ауылында 70 орындық жаңа мешіт ел игілігіне берілді. Шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі А.Нұрғожин, Семей аймағының Бас имамы, Абай Құнанбайұлы мешітінің Бас имамы Асқар Әбітайұлы және өңірдің аға буын өкілдері мен мешіт салуға атсалысқан ауыл тұрғындары қатысты. Ырысы мен берекесі артып отырған Белтерек ауылында бой көтерген мешіттің ашылуында аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин арнайы құттықтауын білдірді. Құрметті қонақ ретінде сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Есполов және Семей аймағының Бас имамы Асқар қажы Мұқанов жүрекжарды лебіздерімен бөлісіп, ауылдың кәсіпкер азаматтары мен туған өлкелерінен түлеп ұшқан әрбір тұрғынның ұйымшылдық танытып, аз уақыт ішінде мешіт есігінің жамағатқа айқара ашылғанына ризашылықтарын білдірді. Ал ауыл орталығында мешіт салынатыны туралы сөз қозғалғанда ауыл халқын игі істі жұмыла көтеруге шақырып, қаржы жинау жұмысына шақырған Өмірханов Бөрібай Мұхтарханұлы сынды ел ағасы кезінде Белтерек ауылынан көшіп кеткен алыс-жақындағы ауылдастарына үндеу тастағанын айтып, алдағы уақытта ауыл халқын имандылыққа тәрбиелейтін құтты орынға айналса деген тілектерін жеткізді.
Жалпы ауданның бірнеше ауылына 5 мешіт салуды жоспарланып, жоба қолға алынған. Қасиетті жұма күні биылғы жылы құрылыс жұмысы жүргізілген имандылық үйі ойдағыдай аяқталды. Бүгінде Белтерек ауылы тұрғындары мешіт құрылысына қажетті 17 млн-ға жуық қаржыны жинап, демеушілік жасаған жомарт жандарға Бас имам Асқар Әбітайұлы өз атынан алғыс хат табыс етті. Шара соңында жаңа мешіт ішінде өткендерге Құран оқылып марқұмдардың рухына бағышталды. Алғашқы жұма намазы оқылып, жамағатқа Асқар Әбітайұлы асыл дініміз хақында уағыз айтты.
Сондай-ақ, ауыл халқының қуанышына жиналған көпшілік қауымның құрметіне Абай ауданы мен Белтерек, Жарық ауылы және Жарма стансасының жастары арасында көкпар ойыны және аударыспақ ұйымдастырылды.

Семей қаласындағы “Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі