ӘЙЕЛ-ҚЫЗДАР СЕКТОРЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН МӘУЛІТ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Семей қалалық “Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық  мешітінде ” Ұлжан ана”  мектебінің  ұйымдастыруымен Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген қасиетті Мәуліт айынының құрметіне   әйел-қыздар арасында байқау жарияланған болатын.

Алла Тағала Құранда:

قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Егер Алланы жақсы көрсеңдер маған бағыныңдар, Алла да сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешсін. Алла Тағала тым кешірімді әрі аса Рақымды» – де»

[1]деу арқылы Алла өзінің елшісіне бағынуды, соңынан еруді, үлгі алуды әмір етеді. Шындығына келгенде, Оны үлгі тұтып артынан еру тек сүйіспеншілікпен ғана жүзеге аспақ.

Алланың кәләмі Құран Кәріммен басталған жиынды ҚМДБ-ның  Семей қалалық “Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің наиб имамы  Ерлан Досымұлының  “Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне деген махаббаты” жайлы уағызымен жиынымызды ашып берді.

Байқаудың шарты :

  1. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолы сира кітабын оқу;
  2. Пайғамбарымызға  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат жолдау;
  3. Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сағыныш хатын жазу.

Хәкім Абай Құнанбайұлы мешітінде байқау қорытындылары жарияланып, қатысушыларды марапаттау  рәсімі өтті.

Байқау жеңімпазының жазған хатынан үзінді.

Оқушысы кезім. Ата-анам намазхан емес еді, Алланың бір екенін, жұмада оқитын әкемнің айтып жүретін «Ықылас» сүресін ғана білемін. Ислам нұры газеті ай сайын келіп тұратын. Әлі есімде, бір сөзін қалдырмай оқитынмын. Сондай бір күндерде мына жолды оқыдым: -« Имам әл-Бұхари (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сендердiң ешбірің менi өз баласынан, әкесінен және барлық адамзаттан артық көрмейiнше, (кәміл) иманды бола алмайды».» деген хадис оқыдым. Үй тып-тыныш еді. Біраз ойға кеттім. Мен: – Қалай? Өмірімде көрмеген адамды қалай жақсы көремін, суретінде көрмегем,- деп ойладым. Ол кезде баламын ғой. Арада жылдар өтті. Намазды енді бастап жүрген кезім еді. Мәуліт айы. Мешітте соған орай болып жаткан қайырымдылық шарасы өтіп жатыр екен. Сахнада көрініс Пайғамбарымыздың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  суретін ұрысып салғызған мұғалімге сурет орнына хат қалдырған оқушы. Хат оқылғаннан бастап, тоқтамай жыладым. Шыныменде Адамзаттың асылы, әлемге нұр болып келген пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалайша жақсы көрмеуге болады. Өз баласы мен үмметі арасында таңдау тұрғанда үмметім, үмметім,үмметім деп бізді таңдаған. Бауырларымды сағындым деп бізді сағынғанда, қалайша сағынбауға болады? Өзіңді қатты сағындым Пайғамбарым (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). 

 

 

 

 

 

 

[1] Тәубе,128

“Абай Құнанбайұлы” атындағы орталық мешітінің баспасөз қызметі