Кепілақша (задаток) деп затты сатып алу үшін немесе мүлікті жалдау үшін ақшасының бір бөлігін алдын-ала төлеуді айтады. Егер тауарды сатып алатын болса, онда кепілақшаны сол заттың құнына қосып есептейді. Ал сатып алмаған жағдайда, кепілақша сатушының иелігінде қалады.
Кепілақша сауданы жүзеге асыруға әрі одан басқа затты сатып алмауына кепілдік береді. Сондай-ақ ол сатып алушының затты алуға ниетті екенін нақтылайды.
Малики, шафиғи және ханафи ғалымдары мұндай келісімшартты дұрыс деп есептемейді. Өйткені ол біреудің мал-дүниесін ешбір қайтарымсыз, орынсыз алған болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұндай сауда-саттықтан қайтарған (Ибн Мәжа).
Бірақ Ахмад ибн Ханбал бұл келісімшартқа рұқсат берді және оған дәлел етіп мына хадисті келтірді: «Нафиғ ибн Абдулхарис, Омар келісім берсе, жерді алу, Омар келісім бермесе, 400 дирхамды Сафуанға қалдыру шартымен, Сафуан ибн Умаядан Меккеден 4000 дирхамға жер сатып алған» (Бұхари). Бұл хабарды естіген Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын) қарсылық білдірмеген. Сонымен қатар Ахмад ибн Ханбал бұл келісімшарттың дұрыс еместігін дәлелтейтін жоғарыдағы хадисті әлсіз деп тапты.
Осы заманғы фиқһ ғалымы Зухайли: «Қазіргі таңда келісімді бұзу және күттіру есесіне алынатын кепілақша арқылы сауда жасау кең таралған. Менің пікірімше, әдет-ғұрыпқа сүйене отырып бұл келісімшартты дұрыс әрі кепілақша арқылы жасалған сауданы адал деймін. Өйткені ол жөнінде харам немесе халал деп келген хадистердің барлығы дерлік сахих емес», – деген («Әл-фиқһ әл[1]ислами уәә дил ләтуһу», 4/485). Осыған орай «Бәйту ат-тәмуил әл-кууайти» (Кувейт қаржыландыру үйі) Ахмад ибн Ханбалдың көзқарасын құптап, соның негізінде пәтуа берген («Әл-фәтауа аш-шарғия фи әл-мәсаил әл-иқтисадия, 1979-89 жылдардағы жинағы, 31-33 беттер).
Сондай-ақ Халықаралық Ислам фиқһ академиясының сегізінші отырысында кепілақша саудасына қатысты мынадай қарар шығарылды: «Егер кепілақшаны белгілі бір уақытқа дейін шектеп қойып, сосын сол аралықта тауарды алса, онда алдын ала берілген ақша заттың сомасына қосылып есептеледі. Ал шарт бойынша белгіленген уақыттан кешіксе, ақша сатушының иелігінде қалады» («Ислам фиқһ академиясы» журналы, №8, 1/641).
Бүгінгі таңда мүліктік қатынастарда адамдар арасында алдау мен жауапсыздық көп орын алып жатқанын ескеріп, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі бұл жайында: «Сауда барысында сатып алушы затты алмаған жағдайда, сатушы кепілақшаны өзіне алып қалуы мүмкін. Кепілақша тараптардың келісімі бойынша белгіленеді әрі ол тауар құнының бір бөлігі болып есептеледі», – деп пәтуа қабылдады.
Хасан АМАНҚҰЛ
Пікір қалдыру